Бизнес • 19 Маусым, 2022

Кәсіпкер неге шағымданды?

290 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жас кәсіпкер Серғали Баубеков жайлы осыған дейін де жиі еститінбіз. Ол жетекшілік ететін «Баубеков Серғали» ЖШС-і Алматыдағы мемлекеттік рәміздер – Ту мен Елтаңбаны дайындайтын үш компанияның бірі. Мәселені С.Баубековтің сөзімен нақтыласақ, Алматыда бірнеше мемлекеттік ұйымдарда олар дайындаған Елтаңба мен Ту Қазақстанның әр аймағында, Алматыда жүздеген мемлекеттік мекемелерде қолданылады.

Кәсіпкер неге шағымданды?

Оның ішінде ірі мемлекеттік стра­тегиялық ғимараттар да жетерлік. Осыған дейін ресми жиындарда кез­десіп жүрген кәсіпкермен бұл жолғы әңгіме басқаша сипатта болды. 2015 жылдан бері мемлекеттік порталға тіркеліп, мемлекеттік тапсырыс бо­йынша жұмысын дөңгелетіп келген, бар болғаны 4 жұмысшысы, 4 тігін машинасы бар шағын компания қаңтар айынан бері тапсырысқа қолы жетпей, қайраңда қаңтарылып қалғандай күй кешіп келеді.

С.Баубеков айтып өткендей, жұ­мыс­тың тоқтап қалуына биылғы ­нау­рызда «Атамекен» ҰКП тарапынан индустриялық сертификат­тың пайда болуы әсер еткен сияқты. Бұл құжаттың талабы да тым салмақ­ты. Алғашқы талап – мемлекеттік рәміз­дерді дайындайтын мекеменің қызмет өтілі үш жылдан кем болмауы керек. Ішкі нарықта жеті жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компания бұл та­лапқа сай. Ал екіншісі, «ғимараттың аумағы 150 шаршы метрден кем емес, 20 тігіншісі және 20 тігін машинасы болуы қажет» деген шарт. Дәл осы шарт қол астында 4 тігін машинасы, 4 тігіншісі бар «Баубеков Серғали» ЖШС-не сертификатқа қол жеткізетін мүмкіндікті шектеп, мемлекеттік пор­талдың тізіміне ілінбей қалуына себеп болды.

«7 жыл бойы 4 тігінші және 150 шаршы метрден аз аумақта жұмыс істеп келдік. Біз дайындаған өнімдерге ешқандай сын айтылған жоқ. Әрбір жарты жыл сайын Сауда және интеграция министрлігінің Техника­лық реттеу және метрология комитеті бар­лық талаптарға сай жұмыс істеп жатқанымызды куәландырып келген.

«Мемлекеттік Елтаңба біз жұмыс істей бастаған жеті жылдың ішінде көрер көзге қатты байқала қоймаса да 3 рет өзгерді. Кейбір иірімдері әрленді. Үшіншісінде Елтаңбадағы жазу ла­тын қарпіне өзгертілді. Ал Туда өзгеріс болған жоқ. Біз талаптардың бәріне бейімделдік», дейді кәсіпкер.

Одан кейін ол мәселенің анық-қанығын білмек болып, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Атамекен» ҰКП-ға хат жазылды, онлайн жүйесінде де, zoom желісінде де бейнебайланысқа шықты. Бірақ нәтижесіз болды.

Кәсіпкер С.Баубеков айтып өт­кендей, нақ осы тұста кәсіпкерлер­ге қо­йылған талап, тіпті Қазақстан­ның мүм­кіндігінен жоғары. Мысалы СТ-kz бірінші индустриялық та­ла­бы бойынша өнім құрамында қа­зақстандық үлестің көбірек болуына басымдық беріледі. Ал Ту немесе Елтаңба құрамында пайдала­нылатын өнімнің құрамында еліміз­де шығарылатындары аз. Көпшілігі – импорт. Осы тұста сарапшы мем­лекеттік тапсырыс порталынан өткен бәсекелес-әріптестері туралы тіл­ге тиек етті. Мысалы, Жезқазған қа­ла­сындағы мемлекеттік рәміздер да­йын­дауға сертификат алған компанияларда Ту мен Елтаңба ғана емес, киім тігіледі. Ал Алматыда жолы болған бір компания жұмысын 2019 жылы бастаған.

«Қазақстанда мемлекеттік рә­міз­­­дерді шығаратын жүздеген ком­па­­нияның қайсысының пор­тал­дан өткенін білмеймін. Бірақ серти­фи­каттың талабынан кейін олардың қа­тарының азайып қалатынына кү­мән­­данбаймын. Сертификатты қа­таңдату талабы нарықтан біз тәрізді аз құрамда жұмысын жалғасты­рып келе жатқан ұсақ компанияларды ығыстырып, монополияға жол аша ма деп қорқамын. Себебі жеті жыл­дан бері біздің жұмысымызға сын айтылған жоқ. Бар мініміз – аз құрамда болса да сапалы өнім шығарып келгеніміз. Үлкейіп, өсіп, мамандарымызды да, тігін машина­сын да, шаршы аумағымызды да көбейту жоспарда бар. Бірақ соңғы сәтте жұмыс сапасы емес, шаршы метрдің, жұмысшылардың аздығы жолды кесіп тұр. Мәселе жақында оң шешімін таппаса, алдағы бірер айда өзімізді банкрот деп жариялауға тура келеді», дейді кәсіпкер.

Содан кейін кәсіпкер айтқан екін­ші мәселе – индустриялық талап жыл сайын қатаңдана беретіндігі. Бас­қаша айтқанда шығарылатын өнім құрамында қазақстандық өнімге басым­дық берілмек. Мысалы, биыл өнім құрамының 40 пайызы біздің өнім болса, келер жылы бұл көрсеткіш 60 пайыз болуы мүмкін.

«Бірер жылда мемлекеттік рәміз­дерді дайындауда технологиялық тіз­бек жүйесі ұйымдастырылса, құба-құп. Бірақ бізде мұндай үрдіс тәжі­рибеде болмаған. Мысалы, Тудың да, Елтаңбаның да құрамында импорт көп. Өзіміздің өнім мол болуы үшін отандық өнеркәсіп дамуы керек. Бізде бұл мәселе кенжелеп дамып келе жатыр. Алдағы уақытта бұл мәселе шешімін таппаса, күндердің күнінде Туымыз бен Елтаңбамызды дайындауға көрші елдерге, мысалы ҚХР-ға тапсырыс беруіміз әбден мүмкін. Бұл жағдай біздің елдігімізге сын. Ішкі нарықта мемлекеттік рәміздерді шығаруға ма­манданған шағын компаниялар­дың өсуіне, көбеюіне мемлекет мүдде­лі болуға тиіс», деп сөзін түйіндеді С.Баубеков.

Осы ретте Алматы қаласы Кәсіп­керлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетовке хабарласып, оның бұл мәселеден мүлдем хабарсыз екенін білдік. Ал С.Баубеков болса, Алматыдағы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасарлары бұл жағдайдан хабардар екенін, олар жыр болған сертификат талабын жеңілдету өздерінің құзыретіне жатпайтынын, жоғары жақта шешілетінін айтқанын жеткізді.

 

АЛМАТЫ