Медицина • 20 Маусым, 2022

«Саламатты Қазақстан» пойызы Жетісу облысына жол тартты

488 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Алматы облысының Байсерке станциясында «Саламатты Қазақстан» мамандандырылған медициналық пойызы жаңадан құрылған Жетісу облысына барады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Саламатты Қазақстан» пойызы Жетісу облысына жол тартты

Пойыз 20 маусым мен 2 қараша аралығында еліміздің 67 шалғай станциясына барады. Тізімде Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстары, сондай-ақ үш жаңа облыс – Жетісу, Абай және Ұлытау да бар.

«Саламатты Қазақстан» – жоба бойынша екінші пойыз, сондай-ақ 23 мамырдан бастап «Жәрдем» медициналық пойызы еліміздің шалғай аудандарында тегін медициналық көмек көрсете бастады. «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздары жалпы саны 60 000 адамды қамтып, дәрігерлердің қабылдауына келу саны 100 000, диагностикалық емшара 18 000, шағын хирургиялық операция 1 200 болса, 8 000 адамға стоматологиялық көмек көрсетіледі деп күтіліп отыр.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы жапон және неміс өндірісінің жабдықтарымен қамтылған. Пойыз кеңейтілген жалпы және биохимиялық талдаулар, рентгенография мен флюрография, ішкі ағзалар мен тамырлардың УДЗ-зерттеулерін, электрокардиограмма, гастрофиброскопия және диагностикалық зерттеулердің басқа да түрлерін жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар биыл стамотологиялық құрылғылар да жаңартылған», дейді «Саламатты Қазақстан» пойызының аға дәрігері Арман Исайнов.

Қызметкерлер құрамы әртүрлі бейіндегі білікті мамандардан, атап айтқанда, терапевт, педиатр, кардиолог, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, стоматолог, рентгенолог, кардиолог, УДЗ дәрігері, эндоскопист, функционалдық диагностика дәрігерінен тұрады. Биыл медицина мамандарының құрамына психолог және дерматовенеролог қосылды. Жобаға барлығы 36 маман қатысады. Дәрігерлердің қызметі халыққа тегін ұсынылады.

Мамандандырылған медициналық пойыз 8 вагоннан тұрады. Айта кетсек, дизель-генератор вагоны қажет болған жағдайда төтенше жағдай кезінде шағын елді мекенді электр энергиясымен қамтамасыз ете алады. Пойыздар республиканың жетекші клиникаларымен телемедициналық консультациялар жүргізу үшін телефон байланысымен, интернет желісімен жабдықталған.

Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржылай қолдауымен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қатысуымен, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен бірлесіп іске асырылып жатыр.

Жоба алғаш рет 2010 жылы іске қосылып, 2019 жылға дейін жыл сайын іске асырылып келген. Бірақ коронавирус індеті кезінде жұмысын уақытша тоқтатты. Осы кезең ішінде «Денсаулық», «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» атты үш консультациялық-диагностикалық пойыз Қазақстанның шалғайда орналасқан 1700-ден аса елді мекенін аралап, 488 881 тұрғынды тексеруден өткізді, оның ішінде 101 614 бала бар. Дәрігерлер 1 647 138 диагностикалық ем-шара, 11 981 кіші амбулаториялық операция өткізді. Маммолог мамандар 67 148 әйелді қабылдаса, жалпы адамдар дәрігердің қабылдауында 2 873 542 рет болды.