Аймақтар • 19 Маусым, 2022

«Тарихқа ену бүгіннен басталады» фильмінің тұсаукесері өтті

209 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

15 маусым күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында Bugin Holding IT компаниясының «Тарихқа ену бүгіннен басталады» атты деректі фильмінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Тарихқа ену бүгіннен басталады» фильмінің тұсаукесері өтті

Фильмде компанияның негізі қаланғаннан бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихы баяндалады. 2013 жылы ресми тіркелген компанияның құрылғанына биыл 9 жыл толып отыр. Туынды компанияның құндылықтары арқылы суреттелген. Әрбір құндылық аясында Bugin Holding құрамындағы компания басшылары ойларын айтады. «Сенім. Құрмет. Даму. Нәтиже» құндылықтары – деректі фильмнің негізі болып отыр.

Іс-шара компанияның негізін қалаушылар Айбек Қуатбай мен Нұрбақыт Жұлдызбайұлының, инвестор Балтабек Мұқашев пен фильмнің продюсері Лаура Артықбаеваның алғысөзімен басталды. Әрі қарай фильмнің көрсетілімі болып, ізінше фильмде айтылған фактілер негізінде көрерменге сұрақ қойылып, дұрыс жауап берген қатысушыларға сыйлықтар табысталды.

«Биыл бізге 9 жыл. Он жылдық деп арнайы жоспарлаған жоқпыз. Команда соған пісіп-жетіліп дайын болды, іске кірістік те кеттік. Кейінгі кезде бізге келіп кеңес сұрайтын жастар көбейіп кетті. Фильм соларға шабыт берсін, мотивация берсін, кеңес болсын деген мақсатта түсірілді. Екіншіден, Bugin Entertainment командасы жоба істегісі келді. Осыдан бастаңыздар дедік. Нәтижесінде бүгінгі туынды өмірге келді. Алдағы уақытта осы командамен фильм де, сериал да түсіре аламыз деп айта аламын. Үшіншіден, биыл бізде көп жаңалықтар болып жатыр. Мектеп ашып жатырмыз. Daryn.Online жобасы Қырғызстан, Өзбекстан нарығына шығып жатыр. Сонымен қатар Балтабек Құмарұлы Мұқашев ағамыз бізге инвестиция салып, стратегиялық серіктеске айналды. Бұл фильм – бір жағынан соның да бастамасы болып отыр. Осы себептерге байланысты бүгін туындының көрсетілімін жасадық. Фильмді көру барысында ойыма «мынау шынымен де біз бе?» деген сұрақ келді», дейді Bugin Holding компаниясының негізін қалаушылардың бірі Айбек Қуатбай.

Bugin Holding компаниясы жобаларының кеңесшісі Садық Шерімбектің айтуынша, фильм компанияның көпшілік алдында берген есебі іспетті.

«Бұл іс-шараны компания ретінде, команда ретінде берген есебіміз деп білу керек шығар. Осы уақытқа дейін жыл сайын өзімізше есеп жасап тұратынбыз. Бұл жолғысын фильм ретінде жасау керек болды. Ол үшін барлық алғышарттар қалыптасып бітті деп ойлаймын. Жасалған жұмыстар бар. Айта кетейін, бізде кейінгі 3 жылда мүлдем тыным болған жоқ. Қанша жерден мотивацияның болса да, энергияң болса да, тоқтаусыз еңбек адамды сәл қажытқандай болады. Сол кезде бізге осындай серпіліс керек болды. Бір жаңарып алуымыз керек дегендей. Өткенімізді еске алып... 

Шығыс халықтарында даму циклмен жүреді. Мысалға, бір нүктеге бару үшін, ең алдымен, кішігірім шеңбер жасайсыз. Одан кейін сол нүктеге оралып бұрынғыдан кеңірек шеңбер жасайсыз. Одан да кеңірек деп жалғаса береді. Біздің бүгінгі фильм келесі үлкен шеңберді бастаудағы нүкте болды деп ойлаймын», дейді ол.