25 Сәуір, 2014

Асқардың алтын алмасы

654 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Ол – Түлкібастың тамсандырар бренді

Асқар ТөлешевОңтүстік өңірлер бойынша тілші қызметін атқарған жылдарда мәнді де дәмді дүниелерімен қалың оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленген белгілі қаламгер Мархабат БАЙҒҰТ таяуда «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болып тағайындалды. Біз бүгін жазушы-журналистің жаңа қызметке кіріскелі бері жазған алғашқы мақаласын жариялап отырмыз. Алпысыншы жылдары Алматыңыздың апорты ғана емес, барлық алмасы талайларды таңғалдырар еді. Тамсандырар еді. Жиырмасыншы ғасырыңыздың сол алпысыншы жылдарында армандар ақтарылған ару Алматыда абитуриент, сонсоң студент болғандар қолдарына алма алып, құшырлана иіскеп жүретін. Ғашықтар бір-біріне басқа нәрсе емес, алма сыйлайтын. Қазақтың маңдайындағы жалғыз университеті – КазГУ-дің, сондай-ақ, КазПИ-дің және ЖенПИ-дің студенттері көкмайса Ала­таудың бөктерінде «Горный гигант» дейтұғын кеңшардың тау баурайларындағы бауларынан алма жинайтын-ай. Шәмшінің, Нұрғисаның, Әсеттің әндерін әуелете шырқай жүріп... Алматыңыздың апортынан, Алматы­ңыздың алуан-алуан алмасынан кейін Шерағаң (Шерхан Мұртаза) Түркібасы деуден танбайтын Түлкібастың алмасы, Түлкібастың апорты айрықша аталатын. Алатау мен Қаратаудың түйіскен төріндегі Түлкібастың таңғажайып табиғаты Алматыңыздың тау жағына айнымай ұқсайды ғой. Шыршасы азырақ демесеңіз. Алайда, аршасы басым. Алмасы кейде Алматыңыздан асып түсетін. Мұнда Мичурин атындағы алма-жүзім кеңшары бар-тұғын. Одан өзге де ауылдарда – Шақпақбабада, Ақбиікте, Жабағылыда, Майлыкентте, Күмісбастауда, Кемербастауда, Көктеректе, Жаскешуде, Таупістеліде, Келтемашат пен Ұзынмашатта апортыңыз бастаған қазақтың қызыл алмасы, қымыз алмасы, ақ алма, сары алмалар самсап тұратын. Бәріңіз білесіздер, Түркісіб темір­жолымен, сондай-ақ асфальт жолмен ерсілі-қарсылы ағылып жататын пойыздағылар мен автобустағылар, тағысын-тағы темір көліктегілер міндетті түрде Түлкібас стансасынан, өзге де бекеттер мен аудан орталығынан, Жібек жолының бойындағы ауылдардан алма алып тұрып, тамсана таңдай қағар еді. Бертініректе барлығы өзгерді. Алма бақтар азайды. Сұрыптар азды. Бұйра-бұйра баулардың бәрі дерлік сусыз қалып, қурап кетті. Жүзімдіктеріңіз жойылды. Тамылжыған Түлкібасыңыз алмасыз ауданға айналмаққа таянды. Кенет күлкілі нәрсе пайда болды. Стансалар мен бекеттерде, тасжол трассасы бойындағы ауылдарда сауда-саттық қатарлары, бүркеншік күркелер көбейіп, жыпырлап жөнелді. Сол жыпырлаған қалқалар мен үйшіктердің маңдайшаларында «Түлкібастың алмасы» деп жазулы тұратын. Жүздеген жазулар! Оншақты жыл осылайша әлдебір жақтардан әдейі әкелінетін, Түлкібасыңыздың текті алмасына он қайнаса сорпасы қосылмас, дәмділігі үйлеспес, тәттілігі ұқсамас өтірік өнімдер сатылды-ай келіп. Асқар осы жағдаяттардың бәріне қатты күйінетін. Ойланатын. Толғанатын. Нақтылы іске құлшынатын. Асқар Аңқашұлы Төлешев туралы Шақпақбаба ауылы айналасында, Түлкібас төңірегінде ғана емес, бүгінде бүкіл Оң­түстігіңізде – алтын құрсақты аймағыңызда аңыз аз айтылмайды. Асқар Төлешев десе, ел елең ете қалады қазір. Ол кім еді? Төлешев – Түлкібастың түлегі. Шерағаң  апта сайын түсімде көремін дейтін Ақсу-Жабағылыға жалғасатын Шақ­пақбаба ауылында туып-өскен. Ғары­шыңызға Гагарин ұшқан жылы дүниеге келген. Сегізжылдықты бітіре сала бетоншы боп кеткен. Он беске аяқ баса бере еңбекке араласпаса болмайтын еді. Әкеден тым ерте қалған. Шиеттей бала-шағаның ішіндегі үшіншісі еді. Әскерге әкетті. Келе сала көлік жүргізді. Алты жыл бойы. Агробизнес колледжін бітіріп, Мичурин атындағы кеңшардың жеміс сақтау мекемесінде жұмыс істеген. Ауданның тозғанын, алманың азғанын уайымдап, қатты-қатты ойға берілетін. Ақиқатын айтатын, алған бетінен қайт­пайтын. «Түлкібас алмасының атағын қайта қалпына келтірмесек, азамат боп жүру­дің қажеті жоқ!» деп мағлұмдады. Беделді басқосуларда. Жиын-жиналыстарда. Жүздесулерде. Басшылар мен депутаттардың кездесулерінде. Жұртшылық 2003 жылы Төлешевті аудандық мәслихаттың депутаттығына сайлады. Сөзі мен ісінде алшақтық болмайтын Асқарыңыз «Көктал» шаруа қожалығын құрып, алға қойған мақсатын жүзелеуге кіріскен. Кедергіні де, күншілдікті де көп кездестірді. Қайтпады. Жәрдемдесушілер де аз емес-ті. Аудан басқарғандардың іші­нен Дархан Мыңбай мен Қайрат Әбдуәлиев алма өсіретін жерінің көлемін кеңейтуге көмектесті. 2006 жылы Майтөбе (бұрынғы Мичурино) ауылында сыйымдылығы 2000 тонналық алма сақтайтын қойманы іске қосты. «Түлкібас жеміс-жидектері» мекемесін ашты. Осы­лайша туған төрінің алмасын қайта оралту орайындағы тірлігі биіктерге бастады. Алайда, қаншама қажыр-қайрат, күш-жігер, еңбек жұмсалды десеңізші! Түлкібас ауданының қазіргі әкімі Қайрат Әбдуәлиев былай дейді: – Асқар ағамыз ақжүрек, адал, ақпейіл адам еді. Азамат еді. Ауыл шаруашылығының қай-қандай саласы да тоқырап, талаурап, құлап, құлдыраған кезеңде батыл қадамдарға барды. Алғаш жиырма бес гектар жерден, ешқандай да қолдаусыз, көмексіз, өз күшімен бастады. Субсидия деген нәрсе атымен жоқ қой ол кезде. Жиырма жылдан бері алма өсірумен айналысып, ауылға, ауданға ғана емес, бүкіл облысқа даңқы жайылып үлгерген үлгілі еңбек иесі болатын. Өкінішке қарай, өмірден өте ерте кетті. Тоңазытқыш мәселесін де Асқар Төлешев бірінші боп көтерді. Кәсіпкерлік көрегендігіне таңғаласың. Өзім ол кісіге 56 гектардай жерді қосып беруге әсер еткеніме қуанамын. Кезінде субсидия да алмастан, кепілдікке үй-жайларын қойып жүріп-ақ талай тірлік тындырды. Өткен жылы 210 гектар баудан 2000 тонна алма жинаған еді. Ол өнім тоңазытқышта сақталып, кейіннен өте жоғары сұранысқа ие болды. Тез өтіп кетті. Асекең перзенттерін де еңбекке баули білді. Үлкен ұлын ауылшаруашылық мамандығына, кіші ұлын өнім сақтайтын тоңазытқыш мамандығына оқытты. Қалай өсіру, өндіру, қайтіп сату, қайда сату жолдарын да үйреткен. Нағыз әулие адам деуге болады ол кісіні. Атақты ақ алма, қызыл алма, алтын алма деген сұрыптардың Майлыкент-Түркібасы-Шақпақ өңірінің бренді екенін дәлелдеп кетті. Шіркін, қазақта осындай ерен еңбек иелері, адамдық қасиеті жоғары, таза, адал, ақиқатты кімге, қайда болса да қаймықпай, ашық айтатын азаматтар, сөзі мен ісі бір жерден табылатын тұлғалар көп болса ғой деп армандайсың... Иә, Асқар Төлешев туралы тебіренбей сөйлейтіндер жоқ сияқты. Бұл аймақтың ардагері де, орта жасарлары да, жастары да тау баурайларын бауға бөлеген бағбан тұлғаны сағына еске алады. Көршісі, ақ желеңді абзал дәрігер Ақсұлу Күзембаеваның пікірі төмендегіше: – Менің бұл шаңырақпен көрші болып келе жатқаныма жиырма жылға жуықтады. Асқар талай мұңды бірге ақтарып, талай қуанышқа ортақтасқан жан досым болатын. Екі үйдің балалары да тете өсіп, бірге мектепке апардық. Тілі емес, іскерлігі алда жүрді. Оның әділдігі кез келген тауды бұзып шығатын. Әділдікке тауды айналып барып-ақ жетуге болады ғой. Жоқ, ол мен тіке, қасқайып барып жарамын дегенінен танбады. Депутат сайланбай тұрып-ақ, ауылдағы біршама отбасы оның шапағатын көрді. Көшет сатып алса, бауы ескірген үйлерге де ала келу әдеті еді. Жолда өтіп бара жатып, дұрыс бұталмаған немесе өспей қалған жеміс ағашын көрсе, лезде сол аулаға кіріп кететін де, әп-сәтте реттеп беретін. Мұнысын ешқашан, ешкімге міндет етпейді де. Қалтасында он сомы болса, бес сомын міндетті түрде біреуге бөліп бергісі келіп тұратын жомарт тұлғаның өзі еді Асқар. – Рас-рас, осы ауылдың кез келген тұрғынын тоқтатып, Асекеңнің қандай азамат болғанын сұраңызшы. Егер де біреуі теріс көзқарас білдірсе, мына мені өтірікші санаңыз. Ол қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жанымен ұғынып, әділдік жолында күресетін адам еді. Бүкіл Қазақстанда кездеспейтін алма бауын өсіргені үшін үлкен марапатқа ұсынбақ болған облыс әкімі Асқар Мырзахметов былтырғы тізімді қарап отырып: «Алма бағбаны Төлешев неге жоқ?» – депті. Сөйтсе, ол екі-үш жыл бұрын «Шапағат» медалін алған екен. Бес жылсыз қайтадан мемлекеттік марапат берілмейді ғой. Асқар сияқтыларға жыл сайын орден берсе де жарасар еді-ау. Құдай қосқан қосағы, сүйікті жары Айшакүл айтады: – Өмір бойы биіктігімен, асқақтығымен тамсандырып, таңғалдырып өткен Асқарым туралы естелік айту ауыр. Мен онымен 19 жасымда жұптастым. Табаны күректей отыз жыл ішінде ыстық-суықты бірге бөлістік. Асқардың асу алмай қоймай­тын табандылығы мен еңбекқорлық қасиеттерінің қалыптасуына өзінің өмір жолында көрген қиындықтары көп әсер етті. Бір-бірімізге демеу болып, бәрін басынан бастаған болатынбыз. Бейнетті бірдей көрген адамдар оны көтерерде де бірігуге даяр тұратыны өмір заңдылығы емес пе? Алғашқы қадамын 2002 жылы Шақ­пақбаба ауылындағы бауға апаратын жол салудан бастады. Өзіміздің тірнектеп жинағанымыз бен жора-жолдастан қарыз­данып алған 70 мың доллар қаржының бәрін 8 шақырым жолдың жөнделуіне жұмсадық. Меркеден арнайы көшеттер әкеліп, 25 гектар жерге шаншып шықтық. Көңілімізде алай-дүлей қорқыныш. Қалай болар екен? Өнеді ме? Өнбейді ме? деген сұрақтар маза берер емес. Алайда, Асқардың күдігінен гөрі сенімі басымырақ екен. Онысын: «Айша, уайымдама! Бұл бақ әлі өсіп шығады. Көрмейсің бе, қаншама жылдан бері қараусыз тұрған мына өрік жыл өткен сайын жемісін молайтып келеді. Мен мұны жердің дарқандығы деп санаймын. Сондықтан да, дәл осы орынды біздің болашақ бауымызға лайық деп шештім» деп, аса бір рухты дауыспен айтқанда сезіндім. Жас шыбықтарды сәбиден кем күткен жоқпыз. Аязды күндері таңға дейін ұйқымыз төрт бөлінеді. Асқар мұндай күндері баудан бір қадам алыстамайды. Әрекет етсең, Алланың берекетін қайтаратыны шүбәсіз. Бірте-бірте жемістің дәмін тата бастадық. Алма бір жылы жеткілікті өнім берсе, келесі жылы сараңдық танытады. Уақытында жанұшырып жүріп, қарызға алған тоңазытқыштар мен өзге де техникалардың шығынын жабуға шамамыз жетіп қалған еді. Өткізу жағы оңайға соқпады. Алмаларды түр-түрімен бөліп, вагонға артып, Ақтөбеге дейін жеткізіп саттым. Асқар қойманың тірлігімен мұнда қалады. «Жергілікті, ешқандай қоспасыз тәтті алма» десем ешкім сенбейтін. Ал бүгінде көздері жетіп, алма Түлкібастың брендіне айналып үлгерді. Ең үлкен жетістігіміз, былтырғы жылы 210 гектар баудан 2000 тонна алма жинағанымыз. Бір кездегі арманымызға арада талай жылдарды еңсеріп барып жеттік. Асқардың сонда құдды жас баладай мәз-мейрам болғаны көз алдымда көлбеңдей береді. Қайтыс боларынан бір күн бұрын семейлік жазушы әрі менің ағам Талғат Кеңесбаевты жолдастарымен пойызға шығарып салуға кеткен. Сол кісі Семейге жетпей, жарты жолда қайғыны естіді. Екеуі қоштасарда Асекең көз жасын тыя алмаған көрінеді. Сол жылаған күйі пойыз кеткенше қолын сермеп қала беріпті. Шіркін-ай, екеуміз дұрыстап бір қыдырып та көрмеппіз. Алма бақтан басқа жаққа... Асқарымның аты да, ісі де өлмейді. Бейбіт бастаған бала-шағалар әкелерінің тірлігін жалғастырып жүр. Шүкіршілік... Ел-жұрт риза. Алла разы болсын. Төлешевтің текті оғланы, әкенің ізгі ісін алға апармаққа құлшынған Бейбіт Асқарұлы Алатау мен Қаратаудың түйіскен төрінде, Құлантаудың бауырында, Шақпақбаба ауылында жүргенде былай толғанады: – Ол мені үнемі баққа ертіп апаратын. Түрлі ішкі сырларымыз да осы жерде айтылады. Ешкімге тиіспе, тиіскенді аяма деп үйретті. Тек қана алға жүруді, қайратты болуды қатаң талап ететін. Өзіне де талай рет жала жабылды. Шыншылдығының арқасында ақ екенін дәлелдеп шықты. Алғаш агроном бол дегенінде қаламадым. «Жұрт оқып жатқан заңгер, экономисті таңдап, өмір бойы өз басыңның есебін түгендеумен шаршап өтесің. Ағаш егіп, жеміс беру – сауапты іс. Әрі бұл бұдан былай біздің әулет ұрпақтарының негізгі кәсібіне айналуы тиіс», деп ойландырды. Хадисте «Бақшадан желінген әр жемістің сауабы иесіне жазылады. Ол о дүниеде сауапқа ие болады. Ал тойхана, ойынхана сынды орталықтардан ішілген әр шөлмек шараптың зияны қожайынға күнә боп жазылады. Ол ақыретте жаны жәй таппай, қиналады» делінген. Әкемнің тілін алғаныма өкінбеймін. Әкем бар кезде көзге ілмейтін тірліктің бәрінің оңай емес екеніне біртіндеп көзім жетіп келеді. Мұның бәрін бізге білдіре бермейтін. Барынша қамтамасыз етіп, шетелдермен тәжірибе алмасуға жағдайымызды жасады. Соның арқасында Чехия, Германия, Австрия сынды ірі мемлекеттердің озық әдістерін көріп қайттық. Осы жылы өзіміздің алмалардан өндірілетін табиғи шырын дайындау цехын ашу басты жоспарда болатын. Барлық шетелдік компаниялармен келісімшартқа тұрдық. Алла қаласа, келесі жылы осы істі аяғына жеткіземін. Университетте үйренбеген тәжірибелерді әкемнен көріп, талай жерде таңғалдым. Әкенің ақылы мың жылға азық деген осы. Түсіме жиі кіреді. Өткен жолы маңызды деген дәрі миллион теңге қаржыны қажет етіп, кейін алатын болып шешілген. Бір күні қараусыз тұрған қоймаға кіріп, беті жабылған жәшіктердің не екенін ашып, қарай салсам, жаңағы ауадай қажет болған дәрілер тұр. Өз көзіме өзім сенбедім. Бейне бір тірісінде сезгендей тығып кеткенін қарасаңшы! Бауды суықтан сақта, уақтысында дәрі сеп, құрт түседі деп ылғи түсіме кіріп жүр. * * * Түлкібас төрлерінде, тау бөктерлерінде ғана емес, Оңтүстік өңіріндегі талай аймақтарда айтулы бағбан Асқар Төлешевтен тағылым алушылар аз емес. Қазақтың қызыл алмасы, ақ алмасы, сары алмасы, ғылыми атаулары айқын алуан алмалар, апортыңыз бен алтын алмаңыз Асқардың бейнетімен жайқала түскен. Әкелерінің жеңісті жолын жемісті жалғастырып жүрген пайымды перзенттер, парасат биігіне ұмтылған ұландар бар. Ұрпақтар сабақтастығы – осы. «Еңбегіне сенгеннің еңсесі биік» дейді қазақ. Асқардың Алтын Алмасы! Ол – Түл­кібастың тамсандырар брендіне айналды! Мархабат БАЙҒҰТ, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы. IMG-20140423-WA0003