Білім • 21 Маусым, 2022

Алматыда бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылады

447 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жаңа оқу жылында Алматы қаласының 1-4 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылады. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылады

«Балалар жылында» бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту 10 пайызға өсті. Бұл бағытта Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарының жұмысын атауға болады. Жаңа оқу жылынан бастап Алматы қаласы да 1-4 сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтуды жоспарлап отыр», деді Ғани Бейсембаев министрліктің аппарат жиналысында.

Вице-министрдің айтуынша, «Оқуға құштар мектебі» республикалық жобасы аясында балалар арасында оқырмандар қозғалысы жандандырылды. Мектеп кітапханаларының кітап қоры 2,2 миллион дана жаңа көркем, балалар әдебиетімен жаңартылды.

Сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау саласындағы волонтерлік қозғалысқа серпін берілді. Үйде оқитын балаларға көмек көрсетуге 63 мыңнан астам еріктілер қатысты.

«5-11 сыныптарда жаңа оқу жылынан бастап азаматтықты, адалдықты, парасаттылықты, этиканы, медиасауаттылықты, қаржылық сауаттылықты қамтитын «Патриотизм және жаһандық құзыреттер» курсы енгізіледі», деді вице-министр.