Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Қан майданнан қайтып келген Қозыкүрең
Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтың 1984 жылы Алматыда жарық көрген «Сәйгүліктер» атты хикаяттар топтамасы бар. Осы туындыда Төреқұл атты кейіпкердің аузымен айтылатын бір шөкім әңгіме барысында:
– Ұлы Отан соғысы басталған жылдары, – дейді Төкең. – Біз, он шақты кісі майданға ат апаратын болдық. Ат-айғыры аралас мыңдай сәйгүлікті қызыл вагондарға тиеп алып, қазақ даласын қақ жара, батысқа қарай тартып барамыз. Содан не керек, Орал қаласынан өткен соң жылқыны вагоннан түсіріп, үйірлеп даламен айдауға тура келді. Бет алдымыз – қалмақ даласы. Еділден паром арқылы өтіп, Сталинград майданына төте жолмен жету туралы бұйрық болыпты.
Осындағы майданға жіберілген жылқылар ішінде «Қызыл байрақ» колхозынан алынған, сүліктей жирен айғыр болыпты. Жылқышылар оны меңсіз, қан жирен түсіне қарап «Қозыкүрең» деп атап кеткен екен. Жарықтық сегіз жасар жылқы екен. Еділ бойына жеткен соң Қозыкүрең төтенше мінез таныта бастапты. Жануар кешкі салқында ептеп жайылады да, күндіз басын жерге салмай, өзін өзі жаратады. Оқтаудай жұмырланған Қозыкүреңді көрген Саяқбай дейтін жылқышы: «Ей, жігіттер, мен бірдеңе білсем, сендер осы Қозыкүреңнен айырыласыңдар» дейді екен. Мынау тура қашатын жылқының сұрқы. Басқалары Сәкеңнің сөзіне онша мән бермей, күледі де қояды. «Қазақстан қайда, біз қайда, тірі адам бара алмайтын жерге бұл тілсіз жануар қалай қашпақ».
Сөйтіп, бірнеше күннен кейін жылқыларды үлкен дариядан паром арқылы өткізу қажет болады. Жануарларды үйір-үйірімен жағалаудағы ағаштан жасалған шарбаққа қамап, содан әрі паромға шығарады. Осы әдіспен алғашқы екі бөлек жылқы өзеннің арғы жағасына шығып та үлгерді. Өз кезегінде бір топ жылқымен бірге Қозыкүрең де паромға шығады. Паром баяу орнынан қозғалады. Бұрын мұндайды көрмеген даланың тағы жануарлары осқырып-пысқырып әлек. Бір заманда қос құлағын қайшылап, ширығып тұрған Қозыкүрең адам бойынан биік шарбақтан қарғып өтіп, түпсіз терең дарияға қойып кетеді. Жылқышылар: «Ойбай, кетті! – Қозыкүрең кетті», десіп, шулап жатыр. Оған мән беретін жылқы қайда, шоқтығынан сырғып аққан суды қақ жара жүзіп, арғы жағаға жеткен Қозыкүрең бір-екі рет азынай кісінеп жіберіп, құйрығын шаншып алып шығысты бетке алып тартады.
Жылқыларды қабылдап алған капитан қасындағы солдаттың мылтығын жұлып алып «мына дизертирдің сазайын тартқызайын», деп тізерлеп отыра қалып, қашып бара жатқан Қозыкүреңді екі рет атқан екен. Оғы дарымапты. Ұлы сәскенің кезі, жануар түйдек-түйдек шаң тастап, шығысқа қарай маңып барады. Өздері елден шыққалы бірнеше ай болған жылқышылар мына суретті көріп, көздеріне жас алыпты. Қош, Қозыкүрең!
Содан не керек, ұзын сөздің қысқасы, айдап барған жылқыларын аман-есен тапсырған бақташылар Саратов маңынан пойызға отырып, елге қайтады. Соғыс уақыты, ырғылып-жырғалып жарты ай жол жүреді.
* * *
Әңгімені әрі қарай жазушы Қабдеш ағамыз жазып кеткен сүрлеуден шықпай оқиғаны дәлме-дәл өрбітсек, осы жылы Төреқұл жылқышы Ұзынбұлақтың басындағы Шұрыққа барып жайлаған екен.
– Бір күні түн ішінде, ел шырт ұйқыда жатқанда, әлдеқайдан арқыраған саяқ жылқының дауысы естілді. Ояу жатып тың-тыңдап артын күттім. Сәлден соң, әлгі жылқы тіпті таяу маңнан кісінегендей болды. Азынай, аңсай кісінегеніне қарағанда, жай бір үй арасының үйір іздеген көп тұғырының бірі емес, алыстан суыт келе жатқан мал екені белгілі, – дейді Төреқұл жылқышы.
Сол екі ортада саяқ жылқының дүбірін көрші үйдегі Саяқбай да естіп жатса керек. – Төреқұл, ояумысың? Далаға шығып тыңдашы, мына кісінеп келе жатқан әлгі Қозыкүрең емес пе? Әй, соның дауысы, – деді үй сыртында тұрып. Шекпенін иығына іле-салып, далаға атып шыққан екі жылқышы тың тыңдап тағы біраз тұрыпты. Арқырай кісінеген әлгі жылқы батыс жақтағы қоңыр белден бері асып түседі де, ауылдың аяқ жағында жатқан сауын үйірге келіп қосылғандай болады.
– Жүр, барайық. Мынау дәуде болса, Қозыкүреңнің өзі!, – дейді Саяқбай тықыршып. – Мен сенер-сенбесімді білмей, соңынан ілестім, – дейді Төреқұл. – Екеуіміз өкпемізді қолымызға алып, төмен жүгіріп келеміз. Түнде жол ұзап кететін әдеті ғой, қарға адым жер жеткізсеші. Өлдім-талдым дегенде, сайдың ішінде жатқан жылқының шетіне де іліндік-ау, әйтеуір. Ай сүттей жарық. Алайда шеттен келіп қосылған жаңағы жануар бірден көзімізге түсе қоймады. Істің анық-қанығына жеткенше сабырымыз қалмай екеуіміз көрінген жылқының қасына бір барамыз. Сәлден соң Саяқбай менен бөлініп кеткен-ді. Бір мезгілде оның күңірене шыққан дауысы естілді. «Жануарым-ай, аман-есен келген екенсің ғой! Айшылық жолды алты аттап, Алатауыңа жеткен екенсің-ау! Қасиетті тұлпарым-ай! Елсіз-сусыз шөлдерден, асу бермес белдерден өтіп, туған жерге қалай жеттің?!»
Қозыкүрең жылқының бір шетінде, жалдас торы биенің шоқтығына иегін артқан күйі, екі бүйірін соғып, сенделіп тұрыпты. Біз қасына жылқышылар жақындағанда оқыранып жіберіпті. Құлағының түбі, сауыры сабындалып, өне бойын ақ көбік басып кеткен. Қаншырдай қатып, оқтаудай жараған айғырдың ай астында керіліп тұрған сондағы кейпі керемет. Саяқбай Қозыкүреңнің мойнынан құшақтады, құлағының түбіндегі ащы көбікке тұмсығын тығып, құшырлана иіскеп, шыдай алмай көзінің жасы көл болып еңіреген екен.
– Жануарым-ай, саудыраған қу сүйегің ғана қалыпты-ау! деді арқа-басын, жалын сипап көріп. – Қысы-жазы қара етін бір жібермейтін, жуан сіңір, көмпіс еді, қарашы, жалының алқындысы қолға әрең білінеді. Мына түріне қарағанда, осы бүгін-ақ күншілік жерді басқан-ау, бұл жануар... Жүр, Төреқұл, алыстан келген ардағымызды ауылға апарайық...
Бұл кезде шығыстан құланиектеп таң да атыпты. Саяқбай белбеуін ағытып алып, айғырдың мойнына салады да, ауылға қарай жетелейді. Түн қараңғысында аңғармаған екен, таң жарығымен қараса ұзақ суыт жүрістен шалдыққан айғырдың тұла бойы ісініп кетіпті. Тіпті ыңыршағы айналған құр сүлдері ғана қалыпты. «Ер арыса – аруақ, ат арыса – тулақ» деген осы міне. Есіл жануар жал-құйрығының өзін ауырсынғандай, қабырғасы ырсиып, тірсегі майысып зорға тұр. Құндыздай жылтырап тұратын қан жирен түсі де әбден күнқақты болып оңып, ұйпа-тұйпа түсі өзгеріп кеткен.
* * *
Ертеңінде бұл хабарды естіген жайлаудағы жұрт, Қозыкүреңді көру үшін жан-жақтан ағылып келіп жатты. Соғыс әлі бітпеген, халықтың қамкөңіл кезі, бейне майданнан тағы бір жаралы жауынгер аман оралғандай, ғаріп күйге түскен ел есіл жануарды көргенде, көздеріне жас алып, жыламаған ешкім қалмапты. Бірақ әбден жілік майы үзіліп, тобақазығына тақалған Қозыкүрең оңалып кете алмайды. Биебаудың басында аузына нәр салмай, бір-екі күн сұлық тұрады да, ақыры табанаяқтанып жатып қалады. Ұзақ суыт жүрістен қызыл май болып зорыққаны, төрт аяғына бірдей қан түскені белгілі еді. Саяқбай оны суық сазға да байлап бақты, шашасынан қан алып та көрді. Ұн езіп ішкізді, жылан да жегізді. Бірақ соның бірде-бірі көмегін тигізе алмады. Қайран Қозыкүрең орнынан тұрып кете алмай, бір аптадай жатты да, ақыры тірлікпен біржола қош айтысты. Саяқбай оны терісін сыпырмастан, адамша арулап жерледі... Басын Шұрықтағы ең биік жартастың үстіне шығарып қойды. Кезінде біздің елге аңыз боп тараған Қозыкүрең оқиғасы, міне, осылай аяқталған екен.
«Бөтегеден» қашқан айғыр
Мың да тоғыз жүз жетпіс үшінші – сиыр жылы Қытай Халық Республикасының ішкі өлкесінен бір топ маман келіп, Шыңжан – Алтай аймағына қарасты Көктоғай ауданының жайлауына маңайдағы ауылдардың барлық жылқысын жинатып, қолдарындағы арнайы өлшем бойынша сұрыптайды. Бұл тұста күллі өлке бойынша жаңадан экономикалық реформа қолға алынып, бұрын жаз жайлау мен қыс қыстаудың арасында еркін көшіп жүретін қазақтардың қолындағы барлық меншік малы ортақ коммунаға (коллективтендіру) топтастырылып, қара бұқараны бір қазанға телміртіп қойған заман. Сөйтіп, ішкі өлкеден келген маман қытайлар таңдап алынған жылқыларды ала жаздай бөлек бақтырып, сары күзде Үрімжіге айдап әкеліп, жүк вагондарына артады. Осы жылқылардың ішінде тұқымы текті қара айғыр да кетеді.
Әңгімені әріден бастасақ, жарықтық текті жануар қара айғыр халық коммуналасып, барлық мал бір ізбен, үкімет нұсқаған жерге, шашауы шықпай бағылатын заң – тәртіп орнағанын қайдан білсін. Өзінің үйірін табыннан бөліп алады да, шөбі шүйгін, соналы, қар-суы мол өлкеге айдап кетеді. Ол кезде жылқы түлігі баяғыдай сары жонда жусап жатпай қой сияқты қоралап бағылғандықтан, даланың қасқырлары бұрынғыдай жырып жейтін мал жоқ әбден жұтынып тұрған кез. Бір таңданарлық жағдай – жылқышылар шығандап кеткен қара айғырдың үйірін «қасқыр қырып кеткен шығар» деп уайымдап іздеп барса, жарықтық Алтайдың ақшулан арландарына соқыр тайын да жегізбей түп-түгел қайырып тұрады екен.
Ал күзде ел еңкейіп етекке түсер тұста әлгі қара айғыр жалғыз түнде үйін айдап жоқ болып кетеді. Іздеп келсе, баяғыда ойға түсіп кеткен. Үйір қара Ертістің бойын жалдай жайылып, шалғынды жапыра шайқап, жаз бойы таудың бозтарланына тойынған үйір жыра салып семірген, тайпала басып, лықси қозғалады.
Жылқышылар қара айғырдың үйірін қанша рет қайырып әкелсе де, күш бермейді. Үкімет адамдары «неге ие болмайсыңдар» деп бақташыларды жазаға тартады. Әбден зықысы шыққан жылқышылар ақыры ішкі жақтан келген қытайларға бағынбайтын айғырды ұстап береді. Тағдыр-ай деген, арда Алтайдың қойнауында туып, таудан құлап аққан мөлдір бұлақтың суын ішіп, құйрық-жалына даланың желінен басқа тірі пенде қол тигізбеген: От басар орны отаудай, Қабырғасы жонсаудай, Ор қояндай қабақты, Қиған қамыс құлақты, Сары мысықтай азулы, Саптыаяқтай ерінді, Қидасан кәрі жілікті, Омырауы есіктей, Ойынды еті бесіктей, Табаны жалпақ қара айғыр, ақыры көз көріп, құлақ естімеген қиянға айдалатын күн туады.
Сөйтіп, Алтайдан таңдап алынған жұмыр тұяқты жануарларды айдап түскен жылқышылар оларды Үрімжі қаласынан қиырлау бір түкпірде орналасқан жабық қоймаға әкеліп қамайды. Бұл жерге темір жолдың бір ұшы келіп тіреледі екен. Ертеңінде осында дайын тұрған вагондарға жылқыларды тиейтін болады. Баяғы жарықтық қара айғыр арқырай кісінеп, шатақ шығарады. Оған басқа жылқылар қосылады. Оқиғаны сырттай бақылап тұрған қарт жылқышы қытайларға айтады: – Сендер мына жылқыларды бұлай алып кете алмайсыңдар, күшпен артып алған күннің өзінде бұлар бір стансадан жарып шығары сөзсіз. Егер менің ақылымды алсаңдар жануарлардың қара мекені Көктоғайдың тауының қыртысын ойып әкеліп, вагонның табанына төсеңдер, – дейді. Сөйтіп, қиырдағы Көктоғайдан төрт машина топырақ әкелінеді. Оны вагонның табанына төсеп, үстіне жусан жаяды. Құда да тыныш, құдағи да аман. Жылқыларды жетектеп әкеліп, вагон ішіне байлайды. Жарықтық жануарлар туған даласының жусанын иіскеп тып-тыныш тұра береді.
* * *
Қытайлар бұл жылқыларды түгелдей Шаньдунға алып барады. Бұл өлке Қытайдың шығысында Сары теңізге сұғына орналасқан мүйісті аймақ. Елдің ең негізгі теңіз порттары осында. Әкімшілік орталығы Цзинань қаласы республика астанасы Бейжіңнен әрі кетсе 100 шақырым қашық. Әрі ірі өндіріс орындары ашылғандықтан, кен орындарына арба тартатын өлшемге сай қуатты жылқы қажет болған сыңайлы. Ол тұста Шаньдун өлкесін шыңжандық қазақтар «Бөтеге» деп атайды. Мысалы, жазушы Қабдеш Жұмаділов өзінің «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық туындысында: «Елу-алпысыншы жылдары Шыңжаң қазақтары арасында Қытай Халық Республикасының картасын тауыққа ұқсатып түсінетін қызық таным болды. Расында қытай елінің картасы тауыққа ұқсайды. Біз Шыңжаңды тауықтың «құйрығы» дейміз, ал шығысын тауықтың «бөтегесі» деп айтатын» деп жазады.
Біз сөз етіп отырған Шаньдун өлкесі дәл осы «Бөтегеде» орналасқан. Осында барған қара айғыр арада біржарым жыл өткенде, «Бөтегеден» қашып шығып, жолай Хэбэй, Шаньси, Шэньси, Иньчуан, Ганьсу, Цинхай өлкелерін көктей өтіп, 5050 шақырым жолды тұяғы үгітілгенше жер басып, тұлпардай мүсіні тулақтай болып туған жері Көктоғай ауданы Қаратүңке ауыл-қыстаулығына қарасты Санаралға мамыр айының басында келіп жеткен екен. Қозғалмай бауырын сазға төсеп бірнеше күн жатыпты. Содан дүр сілкініп тұрғанда қу Ертістің суынан шөлі қанғанша ішіп, жаңа көктеген балғын шалғынды түбінен орып асап, әл жинаған соң, көктемде лай тасып жатқан дарияны кесіп өтіп, арғы жағадағы құмқайраққа бір аунап алып, жайлауға тартады.
* * *
Ертеңінде Бәделхан деген жылқышы жігіт Жалғыз құдықтың бөктерінен «Бөтегеге» ұсталып кеткен қара айғырды көріп, жолдастарына шауып келеді. Көзінде жас.
– Уа, жігіттер, мен бір ғажайыпқа кез болдым!
– Соншалық абыржитындай не болды саған?
– Қазір айтам, жағасы барлар жағаларыңды ұстайсыңдар, жағасы жоқтар кеңірдектеріңді ұстайсыңдар. Былтырғы «Бөтегеге» кеткен қара айғыр қашып келіпті. Жылқының ішінде жүр.
– Өтірік айтпа, ол басқа мал шығар, – деп, жылқышылар сенбейді. Кешке барлығы жиналып барып көрсе, расында да қара айғыр құр сүлдері қалған жылқының ішінде жүр. Жылқышылар аң-таң. Қара айғырдың қашып келгені жайлы әңгіме жақын маңайға тарап, күллі Көктоғай дүрлігеді. Бірер күннен кейін жануарды көрейік деп адамдар келсе айғыр жоқ. Сөйтсе, жарықтық Тұрғынның шатындағы Ұтыбұлақта жатқан өзінің үйірін тауып алып, бір түнде Күңгейтіге шығып кетіпті.
Содан ел жайлауға шығып, көшпен бірге жылқышылар табынды айдап, жонға барса, қара айғыр тау ешкісінің текесіндей серектастың басына шығып алған, қос құлағын қайшылап, сомдап соққан тас мүсіндей серейіп тұрғанын көреді. Мына, көрініске тамсанған сақа жылқышылар «Жануарым-ай, сенің обалыңа қалған екенбіз-ау...» – деп, еңкілдеп жылапты.
Кейін бұл оқиғаны көзімен көріп тебіренген Меден Кәмәлиұлы атты күйші қара айғырға арнап «Кеттім-ау» және «Жеттім-ау» деген екі күйін шығарған екен. «Кеттім-ау» күйінің сарыны: Құлын қып туып құйғытқан, Құт мекен сенен кеттім-ау, Ене сүтін емізген, Есіл жер сенен кеттім-ау, Кекілім сипап май жаққан, Есіл ел сенен кеттім-ау, Тұнық сулы, шалғын шөп, Жасыл жер сенен кеттім-ау», деп зарлы толғаумен бебеулесе, «Жеттім-ау» күйі шаттықты, шалқымалы, әсіресе арқырай кісінеп үйіріне қосылған қара айғырдың әрекеті домбыра тілімен әсерлі беріліпті. Бұл сөзді біз күйді тыңдаған адам ретінде айтып отырмыз.