Спорт • 22 Маусым, 2022

Жоқшылықтан – жұлдызды шаққа

313 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Біздің кейбір ағайындар футболды тек қалталы, бай-бағландардың балалары ғана ойнайды деп ой­лайды. Жаһандық футбол ала­ңында доп теуіп жүргендердің көр­сеткіші керісінше. Әлемдегі алдыңғы қатарлы елдің ұлттық құрамаларында қарапайым отбасынан шыққан, тыным­сыз еңбегінің арқасында үл­кен жетістікке жеткен фут­бол­шылардың қарасы қалың. Бұған Еуропа чемпионы Луиш Нани, әлем чемпионы Н’Голо Канте, Аме­рика және Африка ұлттары кубогының күміс жүлдегерлері Карлос Тевес пен Мохаммед Салахтың өмірбаяны дәлел.

Жоқшылықтан – жұлдызды шаққа

Тәуекелшіл Нани

Португалиялық футболшы Луиш Нани­дің футболға келуі ауыр оқиғамен астасады. Ол өзінің бір сұхбатында бала­лық шағын еске алып, былай дейді:

«Біз жоқшылықтың зардабын көбірек тарттық. Анам бар, сегіз аға-әпкем бар – бәріміз бірге едені тесік, егеуқұйрықтар мен кесірткелер бізбен біте қайнасып жатқан бір бөлмелі үйде тұратынбыз. Бізде жейтін тамақ болған жоқ. Әрқайсымыз өз өміріміз үшін күрестік. Мен 7 жасқа толғанымда әкем тарихи отанымыз – Кабо-Вердеге кетіп, қайта оралмады. Әкем­нің бізді тастап кетуі өмірімізді одан әрі қиындатып жіберді. Анам бізді қайтсем жеткіземін деп күні-түні еңбек етумен болды. Ол түнде мейрамханада әнші болып, күндіз өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істеді. Бала күніңде кез келген нәрсеге тез көндігесің ғой. Бірақ аштыққа шыдау мүмкін емес екен... Аштықтың не екенін түсіндіріп беру маған қиын, өйт­кені оны сіз сезініп, басыңыздан өткізіп көрмеген болуыңыз мүмкін. Кейде тамақ жегім келіп, жаным ауырған кезде «денем­нің бір бөлшегін жеп көрсем қалай болады екен» деп ойлайтынмын. Бірақ аштықтың пайдалы жақтары да бар. Ол сізді ізденуге, тәуекел етуге мәжб­үрлейді», дейді ол.

Нани өмір жолында Құдай өзіне үнемі жақсы адамдарды жолықтырғанын айтады. Олардың бірі бала күнгі ең жақын досы – Сабину. Ол кейіпкерімізді жеті жасында алғаш рет футбол әлемімен таныс­тырады. «Әлі есімде, футбол ойнауға ескі шорты, көйлек және мектепке киетін жылтыр аяқкиімімді киіп келдім. Стадионға келсем, балалар менің киіміме қарап әбден күлген-ді. Мен оған ренжіген жоқпын. Ойын басталған сәтте бірнеше ойыншыны алдап өтіп, гол соқтым. Кейін доп­ты алыстан теуіп көргім келді. Гол! Жат­тығу аяқталған соң жаттықтырушы менің қо­лымды алып, келесі жаттығуға шақыр­ды. Футболдағы алғашқы қадамым осылай басталды...

...2003 жылы көктемнің соңына дейін «Спортинг» клубымен жаттықтым. Сол аралықта «Бенфиканың» да жаттығуына барып тұратынмын. «Спортингтегі» соңғы күнімде клубтан хат алдым. Онда ертең сағат 10-да академия басшылығымен кез­десу болады деп жазылған екен. Қыр­сыққанда, дәл сондай хатты «Бен­фикадан» да алдым. Олар да сағат 10-ға шақырып отыр. Екеуіне де «жақсы» деп жауап бердім де, «Спортингті» таңдадым. Себебі ол клубтың бапкерін жақсы танитынмын, әрі онда досым да көп еді. Сөйтіп, 17 жасымда алғаш рет кәсіби келісімшарт жасастым. Клубқа қабылданған соң қаржылық жағдайымның да мәселесі шешілді. Ал­ғашқы жалақымды алып, әкемді іздеп Кабо-Вердеге бардым. Сөйтсем, әкем бізді тастап кетпепті. Тек құжатының шикі­лігі­не байланысты үйге қайта алмаған екен. Кейін әкеме құжат жасатып бердім. Бұл менің өмірімде тындырған ең үлкен шаруаның бірі еді.

2005 жылы «Спортингтің» негізгі командасына ауыстым. Арада тағы екі жыл өткенде газеттер мен туралы жиі-жиі жаза бастады. Олардың жазуынша, мені «Манчестер Юнайтед» өз қатарына қосқысы келеді екен. Ал агентім сол кезде ұсыныс білдірген бірнеше команданың тізімін көрсетті де, қолымен «мына команда сенің жұлдызыңды жағады» деді. Ол МЮ еді. «Мен сэр Алекспен сөйлесіп қойдым, ол сенен Криштианудың жолымен жұлдыз жасамақшы екен» деді. Сэр сөзінде тұрды», дейді Луиш Нани.

«Манчестер Юнайтедке» ауысып, бақ-жұлдызы жанған Нани ағылшын клу­бымен бірге Англия біріншілігінде төрт мәрте топ жарып, Чемпиондар лига­сының «қос құлақты» кубогын жеңіп алды. Сондай-ақ Англия суперкубогы мен клубтар арасындағы әлем чемионатының алтынын мойнына жарқыратып тақты. Португалия құрамасымен бірге 2012 жы­лы Еуропа чемпионатының қола жүл­дегері атанса, араға төрт жыл салып (2016) бас жүлдеге қол жеткізді. Луиш Нани 2015 жылға дейін МЮ-де өнер көрсетіп, кейіннен Түркияның «Фенербахче», Ис­панияның «Валенсия», Италияның «Лацио» клубтарында доп теуіп, 2018 жылы «Спортингке» қайта оралды.

Қанағатшыл Канте

Біздің келесі кейіпкеріміз футбол әле­мінде ең ірі жетістікке қол жеткізсе де, айналасындағылар үшін қарапайым­дылықтың символы саналады. Ол жігіт тынымсыз еңбектің, төккен тердің және сабырлылықтың өз жемісін беретінін дәлелдеген аты аңызға айналған футболшы. Ол – әлем чемпионы Нголо Канте. Кантенің өмір жолы қиын сәтте де жол табуға болатынын дәлелдейді.

«Біз Париждің шеткі ауданында, Африкадан келген босқындар мекендейтін аумақта тұрдық. Ата-анам 1980 жылы Малиден жақсы өмір іздеп Францияға келген. Әкем қоқыс жинап, анам еден жуушы болып тоғыз баласын асырады. Үйдің үлкені болғандықтан, олардың өсіп-жетілуіне, аш қалмауына ата-анаммен қатар мен де жауапты болдым. Ке­дейліктің шырмауынан тынымсыз еңбек­тің арқасында шығатынымызды білдім де, жұмыс іздеуге кірістім. Біз сияқты бос­қындарға жалақысы жоғары жұмыс табу қиын еді. Сөйтіп, әкеме еріп, қоқыс жинауға кірістім. Қоқыс жинау үшін күні бойы бірнеше шақырым жүріп, оны өңдейтін жерге жеткіземіз. Ақшаны алған бойда ешқайда бұрылмай тіке үйге тар­та­тын­мын. Өйткені үйде күні бойы нәр тат­паған іні-қарындастарым күтіп отыратын.

Өмір бойы қоқыс жинап өтсем, отбасым да мәңгі кедей болып қала беретінін тү­сіндім. Сөйтіп, өмірімді өзгертудің, кедей­ліктің ауыртпалығынан құтылудың барлық жолын іздедім. 1998 жылы жеті жасымда Францияда футболдан әлем чемпионаты өтті. Сол кезде қатты қуандым. Футбол аламанын тамашалайтыныма емес, көп қоқыс жинайтыныма. Әр матч сайын стадионнан қап-қап қоқыс арқалап шығамын. Ол кезде маған футбол мүлде қызықсыз ойын еді. Бір айдың ішінде әжептәуір қаржы жинадым. Әлемдік дода да мәресіне жетіп, Франция әлем чемпионы болды. Кейін қарасам, сол құрамадағы 7-8 футболшының шыққан тегі африкалық екен. Мен де солар сияқты футболшы болып, отбасымды кедейліктен, жоқ­шылықтан құтқарғым келді. Содан бір ай бойы қоқыс жинаудан тапқан ақшамның бір бөлігін футбол жаттығуына жұмсай бастадым. Өзіме қалайда футболшы боламын деген мақсат қойдым. Егер бұл мақсатқа жете алмасам, онда өмір бақи қоқыс жинаушы болып жүретінімді өз-өзіме қайта-қайта ескерте бердім.

Футболдағы алғашқы қадамымды Рюэй-Мальмезон ауданының Suresnes коман­дасынан бастадым. Ол кезде 8 жаста едім. Басында мені бапкерлер командаға алғысы келмеген. Жасым да, бойым да командаластарымнан әлдеқайда кіші еді. Бірақ тынымсыз еңбегімнің арқасында оларды мойындаттым. 2010 жылы Suresnes командасынан кетіп, 110 жылдық тарихы бар және бірнеше жұлдыз ойыншы шыққан «Булонь» клубына ауыстым. Ол кезде біздің команда Францияның үшінші лигасында өнер көрсететін. Өзімді жақсы қырымнан көрсеткен болуым керек, 2013 жылы екінші лигадағы «Кан» клубы мені негізгі командасына шақырды. Бұл жерде де көп тұрақтағаным жоқ. 2015 жылы Англия премьер-лигасында өнер көр­сететін «Лестер» клубында өнер көр­сетуге шақырғанда, әлемде менен асқан бақыт­ты жан болмаған шығар. Бұл жолы да үлкен клубқа ауысатыныма емес, отба­сымның жақсы өмір сүретініне қатты қуан­дым. Ешқашан ақшаның соңы­нан қуған емеспін. Менің бұл оқиғам кіш­кен­тай футболшыларды қандай жағ­дай болса да, өз арманына ұмтылуға үйре­теді деп ойлаймын. Өз өзіңізге сенімді болсаңыз және тынымсыз еңбек етсеңіз, барлық мақсатқа қол жеткізуге болады», дейді Н.Канте.

и

2016 жылдың 16 шілдесінде Канте

32 миллион фунт стерлингке «Челси» клубына ауысты. Келісімшарт 5 жыл мерзімге жасалды. Келісімшартқа қол қойғаннан кейін ол: «Еуропаның үздік клубтарының біріне ауысқаныма қуаныштымын, тағы бір арманым орындалды» дейді. Лондон командасының құрамындағы бірінші маусымда Канте екінші рет қатарынан АПЛ чемпионы атанып, футболшылар мен спорт журналистерінің пікірі бойын­ша чемпионаттың үздік ойыншысы деп танылды. Жеті жылдың ішінде ол «Челсимен» бірге Англия кубогында (2018), Еуропа лигасы (2019) мен Чем­пиондар лигасында (2021), УЕФА суперкубогында (2021) және клубтар ара­сындағы әлем чемпионатында топ жарды.

Тегеурінді Тевес

Футбол мен қажырлы еңбектің арқасында жоқшылықпен қоштасып, байлыққа кенелген тағы бір кейіпкердің есімі – Карлос Альберто Мартинес Тевес. Аргентиналық футболшының балалық шағы кедейлік пен Буэнос-Айрестің ең қауіпті ауданында өтті. Ол жерде қылмыс пен заңсыздық әдеттегі өмір салтына айналған еді. Карлостың алдында екі таңдау тұрды: бірі – қатарластары секілді қылмыскер болу, екіншісі – футболшы болу. Ол екінші жолды таңдады. Сөйтіп, кішкентай Карлос өзінің арманы үшін барлық бос уақытын жаттығуға арнады.

«Мен көптеген аргентиналық сияқты өте кедей отбасында дүниеге келдім. Әкемнің айтуынша, алты айлық кезімде анам бәрімізді тастап кеткен екен. Ал әкеме кішкентай нәрестені бағып-қағу өте қиын болған. Отбасымызда менен бөлек тағы бірнеше бала бар. Үйдегілердің бәрі жұмысқа кетіп, мені жалғыз қалдырып кететін. Бір күні үлкендердің қарауынсыз қалған мен байқаусызда үстіме қайнап тұрған суды төгіп алыппын. Содан оң құлағымнан бастап, кеуде тұсыма дейін әбден күйік шалды. Әйтеуір екі ай дегенде қарқынды терапияның арқасында аман қалдым.

Біз қылмысы жайлаған ең шулы ауданда тұратын едік. Тіпті мен кішкентай кезімде көшеге шығуға қорқатынмын. Күнде ұрыс-керіс, атыс-шабыс. Аманды­ғымыз үшін Құдайға күн сайын құлшылық жасайтынбыз. Күн сайын мектепке бара жатқанда жол бойында адамдардың мәйітін көреміз. Басында қатты қор­қынышты еді. Кейін адамның өлі денесін көру қалыпты жағдайға айналып кетті. Демалыс күндері ауладағы балалармен футбол ойнайтын едік. Менде әрдайым аяқкиімнен проблема болатын. Өйткені басқа балалар сияқты аяғым өссе де жыл сайын жаңа аяқкиім сатып алуға ақша жоқ еді. Сосын амал жоқ, ая­ғымды қысып тұр­са да, кіші крос­совкалармен ойнай беретін болдым. Соның сал­дарынан бар­мақтарым өсуін тоқтатса да, фут­бол ойнау­дан бір сәтке де қол үзген жоқ­пын. Тіпті ая­ғым ауыр­са да, аяқкиім кіші болса да, қоқыстың ара­сында ойна­сақ та футбол ой­­нағым ке­ле­тін. Егер фут­­­­бол ойнап, бас­­­­қа нәрсеге ал­­­дан­­ба­ғанда, қа­­зір қа­рақ­­­шы­лардың бірі болар ма едім.

Тұрғындар­дың көпшілігі қарақшы болып, күнде адам­­дарға ша­бу­ыл жасап, то­нау­мен айналысатын. Тіпті алкоголь мен есірткі үшін адамдар бір-бірін жиі өл­тіретін. Осындай жағдайлардың бі­рін­де қарақшылар әкемді 23 мәрте атып, мерт қылды. Сөйтіп, біз бауырларыммен тұлдай жетім қалдық. Бізді жетімдер үйіне өткізгелі жатқанда туыстарымыз қам­қорлық танытып, үйіне алып кетті. Бірақ біздің екінші отбасымыздың да жағдайы мәз емес еді. Бізді былай тұрсын, өз балаларын әрең тамақтандыратын.

8 жасқа толғанымда өз еркіммен футбол мектебіне барып, сиқырлы өнердің қыр-сырына одан әрі қаныға бастадым. 12 жасымда «Бока Хуниорс» академия­сына ауыстым. Бұл жерде төрт жыл жаттығып, тәжірибе жинақтап, техникамды жетілдірім. 16 жасыма дейін жолым болмай, футболдан еш нәтиже шығара алмадым. Мен сонда да футболдан қол үзбедім, күні-түні жаттықтым, бапкерлер не айтады, соны екі есе орындауға тырыс­тым. Түбі бір жақсылықтың болатынына сенімді едім. Сөйтіп, 16 жасымнан кейін ғана футболдағы ойыным оңала бастады....», дейді К.Тевес қайғыға толы балалық шағын еске алып.

2001 жылы «Бока Хуниорстың» ересектер клубына ауысып, 2005 жылы Бразилияның «Коринтианс» сапында өнер көрсетті. Араға бір жыл салып Тевес Еуропаға қоныс аударды. «Вест Хэм» командасында жарқын өнерімен көзге түскен ол 2007 жылы Алекс Фергюсон баптайтын «Манчестер Юнайтедке» ауысып, қатарынан екі жыл Англия чемпионатында (2008, 2009), Чемпиондар лигасында (2008) бір мәрте, клубтар арасындағы әлем чемпионатында (2008) үздік шықты. Кейіннен ол «Манчестер Сити» мен Италияның «Ювентус» сапында да доп теуіп, екі елдің ұлттық чемпионаттарында топ жарды. Аргентина құрамасымен бірге Америка кубогында үш рет (2004, 2007, 2015) күміс жүлдегер атанды.

п

Еңбекқор Салах

25 жасында Мысыр құрамасын әлем чемпионатына шығарып, өзі Еуропа футболындағы ең танымал шабуылшыға айналған Мохамед Салах өз елінің қаһар­маны. Бозбала Салахтың алғашқы ұстаздары – Роналдо, Зинедин Зидан және Франческо Тотти болды. Доппен қалай ойнау керегі туралы сабақтарды көру үшін болашақ жұлдыз үйдегі ескі теледидарды талай мәрте соққылап, үй ішін оятып алмауға тырысатын. Түнде Чемпиондар лигасының матчтарында көргенін ол күндіз Нагригтің шаң басқан көшелерінде іс жүзінде қайталауға тырысатын. Оның балалық шағында жөні түзу добы да болмағанымен, арманы асқақ еді.

«Мен Александрия маңындағы Нагриг деген ауылда дүниеге келдім. От­ба­сымыз өте кедей тұратын. Үйде ескі теледидар болатын, мен сол жерден алғаш футбол деген ойынды көріп, бұл спорт түрін қатты ұнатып қалдым. Доп теуіп ойнайын десем, мен түгіл ауылдағы бірде-бір бала­да доп жоқ еді. Мен өте талапшыл бала болдым. Алдыма мақсат қойсам, соған жетпей тынбайтынмын. Бір күні мектепаралық жарыс өтті. Әдеттегідей біз­дің команда же­ңіс­ке жетті. Мен гол соқтым. Сөйт­сек, біздің жарысқа Мысыр премьер-лигасында ойнайтын «Араб Контракторс» клу­бы­ның скауттары келіп, ме­нің ойыныма тәнті болған екен. Сөйтіп, олар ойы­нымды ұнатып, 14 жа­сымда алғашқы ең­бек шартына қол қойдым.

Бұл кезде аз да болса ар­ма­ныма жақын­дай түскенімді се­зе­­тінмін. Каир­лық клубтың базасына жету үшін 5 сағат жол жүріп, төрт автобус ауыс­тыратынмын. Кейде сол базада қонып та қаламын. Маған мектеп әкімшілігі үнемі қолдау көрсетіп, басқа қатарластарыма қарағанда сабақтан ертерек қайтаратын. Ал мектеп мұғалімдері «Араб Контракторс» қызметкерлеріне арнайы қағаз беріп, менің сабаққа деген ынтамның жақсы екенін айтып, мақтау хат жазып жіберетін.

Әуелде жаттықтырушылар менің тез жүгі­ретінімді негізге алып, қорға­нысқа қоюды жөн көрді. Бірақ уақыт өте келе олар менің алдыңғы шепте ой­нағанымды дұрыс деп шешті. Бірақ мен гол соға алмайтынмын. Бір турнирден кейін гол соға алмай, бұрышта жылап отырғанымды бапкерлерім көріп, себебін сұрағанда: командаластарымның соққан голына үлесім болмағанына жылап отырғанымды айттым. Сол кезден бас­тап жаттықтырушылар мені түбегейлі шабуылшыға айналдырды. Сөйтіп, 18 жасымда «Контракторстың» ересектер құрамында алғашқы ойынды өткізіп, Мысырдың U-20 ұлттық құрамасына шақырту алдым», дейді М.Салах.

Салах 2012 жылы «Араб Контракторс» командасынан елдің бас клубы «Аль-Ахлиге» ауысады. Сол жылғы кезекті бір матчта жанкүйерлер арасында үлкен қақтығыс болып, 74 адам қаза тапты. Бұл оқиғадан соң елде ешкімнің футбол көруге де, ойнауға да зауқы болмады. Ал бұл уақытта Мысырдың олимпиадалық құрамасы Лондон Олимпиадасына да­йындығын бастау қажет еді. Сол кезде «Базель» басшылығы ойыны тоқ­тап қалған мысырлықтарды өздеріне жол­дастық кездесу өткізуге шақырды. Құрамында Салах бар Мысырдың жастар құрамасы швейцариялық клубты жеңіп кетеді. Сол ойында еуропалықтардың көзіне түскен Салахқа «Базельмен» бірге жаттығуға ұсыныс түседі. Мохамедтің Еуропаға ойда-жоқта жасаған бұл сапары оның ары қарайғы жолын айқындап бергендей еді. Швейцариялықтармен келісімшартқа қол қойғаннан кейін ол «Базельмен» екі рет ел чемпионы атанып, 2014 жылы «Челсиге», кейін Италияның А сериясындағы «Фиорентина» мен «Рома» клубына ауысады. Рим коман­дасында тәуір ойынымен көзге түс­кен Мохамед 2017 жылы Тұманды Аль­бионды бағындыруға қайта аттанады. Бұл жолы – «Ливерпуль» клубына келді. Салах Англияға орала салып АПЛ-дағы 33 матч­та 31 гол соғып, әріптестеріне 12 голды пас береді. «Ливерпуль» жан­күйерлерінің сүйікті футболшысына айналған Салах 2019 жылы командасымен Чемпиондар лигасының кубогын жеңіп алса, келесі жылы АПЛ чемпионы атанды.

а

P.S. Міне, біз сөз еткен кейіпкерлер өмірдің қиындығына қарамай, тынымсыз еңбектің, алдына қойған биік мақсаттың арқасында жоқшылықтан құтылып, әлемге әйгілі тұлғалар қатарына қосылған. Футболшылардың өмірлік тәжірибесі үлкен спортқа қадам басқан кез келген жас жеткіншекке үлгі болатыны белгілі. Моншақтап төгілген тер арқылы талай биіктерді бағындыруға болады.