Сонау 90-жылдардың басында алып кеңестік империяның іргесі сөгіліп, еркіндікке, тәуелсіздікке қол жеткізгенімізде, әлі оңы-солын танып үлгермеген жас мемлекеттің ішінде қылмыс деңгейі де күрт өсіп, екі жүз мыңдық межеден асып кеткен еді. Айтуға оңай болғанымен, сол уақытта осыншалық бетімен кеткен тәртіпсіздікті тежеу оңайға түспеді. Сол кезде тәртіп сақшыларының иығына үлкен жүк түскені белгілі. Ел ішін ұры-қары жайлап, нарықты «рэкеттердің» реттеп тұрған кезі. Қару да, күш те, уыс-уыс ақша да, билік те солардың қолында еді. Осындай криминалдық күшке қарсы мардымсыз жалақы алатын, кейде атты, кейде жаяу қалатын тәртіп сақшылары қарсы тұрды. Олардың қолында қуатты күш, бет қаратпайтын билік болмағанымен, бойларында Ар, Намыс, Рух сынды атаның қанымен дарыған асыл қасиеттер бар еді. Сондықтан олар ел тыныштығын сақтауды ең ұлы парыз санады. Жылағанды жұбатты, құлағанды тұрғызды, сүрінгенді сүйеді, қорғансызды жебеді. Бұл нағыз ауыр еңбек, табанды төзім, қажымайтын қажыр-қайрат! Осындай ірі де, кесекті қасиеттер алағай да бұлағай заманда қылмыспен, тәртіпсіздікпен алдыңғы шепте жүріп күрескен аға буынның бойынан табылды.
Қайтсем елімнің тыныштығын сақтаймын, берекесін арттыруға үлес қосамын деген ізгі ниет, туған жерге, халқына деген сүйіспеншілік оларға жалақысы аз, бейнеті ауыр әрі аса қауіпті қызметті мойымай атқаруға күш берді. Әсілі, ізгі ниетпен атқарылған істің ғана берекесі артса керек.
Біздің аға буынның, бүгінгі ардагерлердің осындай жанкешті еңбегі, тәртіп пен тыныштықты сақтау жолында өткізген ұйқысыз түндері, күлкісіз күндері еш кеткен жоқ. Елдің тұрақтылығы сақталды, тұрмысы түзелді. Тыныштық пен тұрақтылық салтанат құрған жерге ырыс-береке, құт даритыны жаратылыстың заңдылығы ғой. Осы тұрғыдан алғанда сол кездегі тәртіп сақшыларының елдің әл-ауқаты көтерілуіне, халықтың тұрмыс-жағдайы жақсарып, экономикамыздың өрге басуына тигізген септігі ұшан-теңіз.
Елімізде тұрақтылық пен тыныштық салтанат құрған соң, сырттан келер шетелдік инвестицияның да көлемі артты. Бірлескен кәсіпорындар құрылды. Халықтың басым бөлігі жұмыспен қамтылды. Ал егер елде ұры-қары мен қарақшылық, тонау мен талау көп болса, ондай жерге шетелдік алпауыттар аяқ баспас еді, инвестиция да ағылмас еді. Оны айтасыз, ел ішінде кәсіпкерлік пен бизнеске жүрегі дауалап бет бұра қоятындарды кездестіреміз бе, кездестірмейміз бе? Шындығына келсек, елдің экономикасы мен әл-ауқатын көтерген түрлі кәсіппен айналысқандар, бизнесті жолға қойғандар.
Елдің кәсіпкерлікке еш алаңсыз қорықпай кірісуіне жағдай жасап, мүлкінің қорғалуына мүдделі болғандар – тәртіп сақшылары. Осы жолда талай жалындаған жас қызметкерлеріміз қыршын кетті. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап бүгінге дейін қызметтік міндетін атқару кезінде 815 полиция қызметкері қаза тапса, 4593-і түрлі жарақат алды. Бейбіт күнде туған халқының тыныштығы үшін басын қатерге тігіп, мерт болғандар ішінде батыр болып елге танылғандары қаншама?! 2011 жылы Тараз қаласында болған лаңкестік кезінде қолында жарылғыш заты бар террористі кеудесімен жауып, тұрғындардың өмірін аман сақтап қалған полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігі мемлекеттік деңгейде жоғары бағаланып, оған қаза тапқаннан кейін «Халық Қаһарманы» атағы берілген еді. Ал 2016 Қарағандыдағы оқу-жаттығу алаңында жас сарбазды денесімен жауып, граната жарқыншақтарын өз денесіне қабылдаған Ұлттық ұлан полковнигі Қайрат Үмбетов те осындай жоғары мемлекеттік наградаға ие болды. Біздің даңқты батырымыз таяуда ғана Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары қызметіне тағайындалды.
Ішкі істер саласында Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ерекше қажыр-қайратпен қызмет атқарып, елдегі тәртіптің нығаюына өлшеусіз үлес қосқан ардагерлеріміздің еңбегін біз бүкіл санамызбен, жүрегімізбен сезінеміз. Дана халқымыз «Өткенсіз бүгін, бүгінсіз болашақ жоқ» деген. Арлы да намысты, жүректі де білекті ерлеріміз асқан табандылықпен, жанкештілікпен еліне қызмет етті. Біз аға буынның осындай өр рухы алдында әрдайым басымызды иеміз. Бүгінгі біз көтерілген биік, шыққан белес сол ағаларымыздың қара тері, қызыл қанымен келген жетістік.
Тыңнан түрен салған сол аға буын әлі де сапта. Бүгінде «Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің қазақстандық ұйымы» қоғамдық бірлестігі құрамында 70 мыңнан астам зейнеткер мен ІІМ жүйесінің ардагері бар. Соның ішінде 11-і Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, 84-і сол соғысқа қатысушыларға теңестірілген, 82-сі соғыс ардагерлерінің жесірі, 491-і тыл еңбеккері, 337-сі ауған соғысының ардагері. Осы ардагерлеріміз Отанын шексіз сүйетін ұрпақ тәрбиелеу ісіне, ізбасарларды шыңдайтын мектеп қалыптастыру жұмысына белсенді қатысады. Тәлімі мен тәжірибесі мол ардагерлеріміздің арқасында кешегі өткеніміз бен бүгініміз берік жалғасып жатыр. Ұрпақтар сабақтастығын сақтамайынша, бұрынғы бабалар рухын, олардың намысы мен жігерін бүгінге жеткізу қиын. Тұма бастауынан тамыр тартпаған ұлттық рухсыз алға басу, елдің еңсесін тік ұстау мүмкін емес. Сол себептен де Ұлттық рух – ұлы құндылық саналады. Осындай баға жетпес құндылықты шыңдап, жанып отырмаса, оның да тот басатын, жүзі қайырылатын кезі болады ғой. Әрқашан арға жүгінген, намысқа тігілген, от пен суда шыңдалған аға ұрпақ бүгінгі жас полиция қызметкерлерінің рухын шыңдау, патриоттық, отаншылдық сезімдерін нығайтып, ортақ мақсатқа жұмылдыру ісіне әлі де өлшеусіз еңбек сіңіріп келе жатқаны бізді қуантады.
Еліміздегі ішкі істер саласының қалыптасуы кезеңіне шолу жасағанда әр жылдары ішкі істер министрі болған Болат Баекенов, Қайырбек Сүлейменов, Болат Ысқақов, Бауыржан Мұхамеджанов сынды қоғам қайраткерлерінің қызметіне тоқталмай өте алмаймыз. Олар ішкі істер органдары туралы алғашқы заңнамалық актілерден бастап, халықаралық құқықтық базаны нығайту, саланы құрылымдық жағынан жетілдіру сияқты аса күрделі де ауқымды іс-шаралардың бел ортасында жүрді. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің, бірқатар Еуропа елінің полиция қызметтерімен белсенді байланыс орнатып, озық тәжірибелер алмасу мүмкіндігін арттырды. Сондай-ақ әлемде озық саналатын Қытай, АҚШ, Түркия, Германия, Франция сияқты елдердің құқық қорғау органдарымен кәсіби байланысты жаңа жолға қойды. Соның нәтижесінде, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ҰҚШҰ, ШЫҰ, ТМД, Еуропалық одақ сынды халықаралық құрылымдар шеңберінде ынтымақтастық айтарлықтай дамыды.
Әлемдік деңгейдегі осындай батыл байланыстардың нәтижесінде, біздің елімізде де бірқатар ауқымды реформа қолға алынды. Кезінде қабылданған «Ұсақ бұзақылыққа нөлдік төзімділік» қағидасы ұсақ бұзақылық пен мәдениетсіздікке немқұрайды қарамауға үйреткен еді. Соның нәтижесінде, қоғамның құқықтық сауаты, мәдениеті көтерілді. Сондай-ақ ішкі істер органдарында екі қайтара жүргізілген ауқымды аттестаттау да өз жемісін берді. Мұндай іс-шаралардың бәрі саланың дамуына, әлемдік стандарттарға теңесуіне айтарлықтай септігін тигізді. Әсіресе «ІІО жаңғыртудың 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасын» жүзеге асыру аясында штаттық оңтайландыру жүргізіліп, полицейлердің 100 мың тұрғынға шаққандағы саны 471-ден 372-ге азайған болатын. Бұл орташа еуропалық көрсеткішпен тең. Мәселен, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш Бельгияда – 412, Чехияда – 383, Францияда – 340. Оған қоса 106 басшылық буын және 1,5 мың басшылық лауазым қысқарды. Жол картасы негізінде, сонымен бірге ведомстволық білім беруді оңтайландыру, полицияны өзіне тән емес қызметтерден босату, тұрғындармен жұмыс істеудің жаңа үлгісін қалыптастыру, қылмыстық-атқару жүйесін жаңғырту, полиция қызметін бағалаудың жаңа тәсілдерін енгізу сияқты басым бағыттар бойынша нақты жұмыстар атқарылды.
Әрине, саладағы жаңа өзгерістер, жаңа бастамалар осымен бітпейді. Қазіргі уақытта полицияны сервистік модельге көшіру бағытында кешенді жұмыс жүргізілуде. Бұл өзі сан түрлі бағыттарды қамтитын, бірнеше жыл бойы жүзеге асырылатын жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында құқық қорғау органдары жұмыстарының озық әдістерін пайдалануының маңыздылығын атап өткен еді. Сол Жолдауында «Жұртқа жақын полиция» қағидатын енгізуді тапсырған болатын. Аталған қағиданы іске асыру аясында оның модульдік бекеттері желісін дамыту, полицияның жаңа учаскелік пункттерінің орналасуын оңтайландыру, бейнебақылау жүйесін дамыту, сондай-ақ «икемді» патрульдеу әдісін енгізу көзделген. Қазіргі уақытта бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізілуде. Соның ішінде дамыған елдердің тәжірибесі бойынша (Жапония, Корея, Сингапур) қалалардағы ең криминогендік аймақтарға модульдік полиция бекеттері орнатылуда. Бүгінде ел көлемінде осындай жүзге жуық бекет жұмыс істейді.
Қай жерде де, қайда да басты талап – заман ағымына сай болу. Жылдар өткен сайын бұл сөздің салмағы ауырлап келе жатқанын кім-кімде де анық сезінері сөзсіз. Өйткені бүгінгі әлем, бүгінгі заман цифрлы технологияның қарыштап, қарқынды дамыған уақыты. Еліміздегі ішкі істер саласы да бұдан тыс қалып жатқан жоқ. Заман талабына сай бүгінде қылмыстық оқиғалар мен түрлі құқық бұзушылықтар жайлы хабарламаларды «Police 102» мобильді қосымшасы арқылы қабылдаудың жаңа тәртібі енгізілді. Бұл азаматтарға полицияға бейне-аудиожазба қоңырау болсын, әлеуметтік желілер мен мессенджерлермен болсын, кез келген тәсілмен жүгінуге мүмкіндік береді.
Бүгінде жол-патрульдік полиция қызметкерлері де түгел дерлік қызметтік планшеттермен жабдықталды. Көшедегі, жолдардағы, жалпы, барлық қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтар электронды түрде тіркеледі. Ал еліміз бойынша әртүрлі меншік нысанындағы (қоғамдық орындар, көшелер, алаңдар, мектептер) 687 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылса, оның 145 мыңға жуығы аумақтық бөлімшелердегі Жедел басқару орталықтарына қосылған. Бұл құрылғылар қылмысты, түрлі құқық бұзушылықты ашуға белсенді қолданылуда. Сондай-ақ полиция бөлімшелері мен пенитенциарлық мекемелерін жаппай бейнекамералармен жабдықтау жұмысы да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Нәтижесінде, барлық бағытта бейнебақылау ауқымы да жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Бұған қоса, көшелерде құқыққа қайшы әрекеттер немесе төтенше жағдайлар туындаған кезде полицияны шұғыл шақыруға арналған «SOS түймелері» орнатыла бастады. Дәл қазіргі уақытта елімізде осындай жүзден астам құрылғы бар. «SOS түймелері» аппараттық-бағдарламалық кешені адамдар көп жиналатын орындарда, көшелерде, күзет объектісінің аумағында орнатылуда. Бұл түймені ірі сауда нүктелерінде, әлеуметтік-мәдени мақсаттағы объектілерде, яғни мектептерде, ауруханаларда, спорт клубтарында және т.б. жерлерде көруге болады.
Қызметтік жұмысты цифрландырудың маңызды жобаларының бірі – Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетімен бірлесіп енгізілетін қылмыстық іс жүргізуді электронды форматта жүргізу жобасы. Қазіргі уақытта тергеушілер мен анықтаушылардың барлық жұмыс орны қажетті техника, құралдармен жабдықталды, тиісті байланыс арналары ұйымдастырылды. Бүгінде қылмыстық істердің көп бөлігі электронды форматта жүргізіледі. Бұл іс-шаралардың барлығы азаматтардың тыныштығы мен заңды мүдделерін қорғауға және полиция жұмысының сапасын арттыруға, оның ішінде қылмыс пен құқық бұзушылықтың санын азайтуға бағытталған.
Бұл бағыттағы қолға алынған жұмыстар қазірдің өзінде нәтижелі болды деп сеніммен айта аламыз. Статистикаға сүйенсек, соңғы жылдары елімізде қылмыс деңгейі айтарлықтай төмендеді. Мұндай оң үрдіс биыл да сақталып отыр. Қоғамдық тәртіпті нығайту, азаматтарымыздың еркіндігі мен бостандығын қорғау бағытында ішкі істер саласы алда өз міндеттерін абыроймен атқара береді. Бүгінгі біздің басты міндетіміз, киелі мақсатымыз – халықтың сенімінен шығу, халықтың игілігі үшін қызмет атқарып, Жаңа Қазақстанның іргесін қалауға сүбелі үлес қосу.
Марат АХМЕТЖАНОВ,
Ішкі істер министрі,
полиция генерал-лейтенанты