Үкімет • 23 Маусым, 2022

Қоғамдық палата құру – уақыт талабы

291 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Жиын барысында «Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Қоғамдық палата құру – уақыт талабы

Құжат жөнінде баяндама жасаған Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Бағдат Мусин бұған дейін қабылданған заңды қайта қарауды ұсынды.

«Қолданыстағы геодезия және картография туралы» Заң 2002 жылы қабылданғанын атап өту қажет. 20 жылда геодезия мен картография саласында елеулі өзгерістер болды. Цифрлық технологиялар, спутник жабдықтары өндіріске енгізіліп, кеңінен қолданылып келеді. Кеңістік деректерінің дәлдігіне, өлшеу тиімділігіне және қолжетімділігіне талап өсті. Осыған байланысты заңды жаңа редакцияда және ілеспе заңдағы олқылықтар мен қайшылықтарды түзету мақсатында қабылдау қажеттігі туындады.

Геодезия және картография саласының жағдайы мемлекеттегі кадастр, жер мен мүлік қатынастарының сапасына тікелей әсер етуі өте маңызды. Демек әрбір азаматтың мүддесін қозғайды. Халықтың көпшілігі геодезия ғылымымен таныс емес. Бірақ айналамыздағы жағдайлардың бәрі адам өмірі мен жалпы ел үшін маңызы туралы мысалдарға толы. Біз тұратын әрі жұмыс істейтін ғимараттар, жүретін жолдар мен көпірлерді жобалау және салу кезіндегі қателіктерді жою, сондай-ақ ұшақтардың ұшуы мен қонуы кезіндегі кедергілерді анықтау және басқа да салалар геодезия өлшемдерінің дәлдігіне байланысты», деді Б.Мусин.

Министрдің айтуынша, заң жоба­ларының негізгі міндеттері – Қазақстанды жоғары дәлдікті геодезия координаттар жүйесімен қамтамасыз ету. Сондай-ақ оның негізінде елдің бірыңғай цифрлық картографиясын қалыптастыру.

«Қазіргі таңда елімізде кеңестік кезеңнен қалған 1942 жылғы СК-42 мемлекеттік координаталар жүйесі орнатылған. Бұл жүйе қазіргі заманның талаптарына сай емес, әбден ескірген, деректердің дәлдігі мен тиімділігі төмен», деді Б.Мусин.

Қазақстанда бірыңғай мемлекеттік координаттар жүйесі жоқ. Салдарынан шектеу белгісі бар мәліметтерді пай­да­ланбас үшін субъектілер ашық көздерді, яғни бұрыс жүйелерді қолданып жүр. Мә­селен, бір елдімекеннің әртүрлі бірнеше координаттар жүйесі болуы ықтимал.

Заң жобасында қарастырылған жа­ңа­шылдықтардың бірі – Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын (ҰКДИ) енгізу, яғни ақпараттар дәл, жедел жә­не өзекті болуы үшін кеңістіктік дерек­тер бір платформада бірыңғай формат­та және бірыңғай талаптарға сай қалыптас­ты­рылады.

Ілеспе заң жобасында Жер кодексіне, сондай-ақ «Ұлттық қауіпсіздігі тура­лы», «Мемлекеттік шекара туралы» және «Рұқсаттар мен хабарламалар тура­лы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылған.

Жалпы отырыста депутаттар «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, жер қойнауын пайдалану, жергілікті мемлекеттік басқару және мемлекеттік шекара мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларға келісті.

Құжатқа енгізілген өзгерістерді Экология мәселелері және табиғат пай­далану комитетінің мүшесі, депутат Дүй­сенбай Тұрғанов таныстырды. Сенат бірқатар толықтыру мен өзгерту енгізген. Олардың қатарында Алматы қаласының жылжымайтын мүлік рәсімдеу мәселелерін қарау жөніндегі комиссияның функцияларын нақтылау, Ұлттық ғылым академиясының ұйымдық-құқықтық нысанын айқындау секілді мәселелер бар. Сондай-ақ оның негізгі қызмет түрлерін регламенттеу де қарастырылады.

Құжатта пәтер иелері кооперативтері (ПИК) мен кондоминуимдардың орнына мүлік иелері бірлестіктерін (МИБ) немесе жай серіктестіктерді (ЖС) енгізу проце­дурасын 2023 жылғы 1 шілдеге дейін қалдыру жөнінде ұсыныс та бар. Бұдан бөлек, заң жобасының тақырыбын өзгерту де ұсынылған.

Жалпы отырыста Мәжіліс жанынан Қоғамдық палата құру мәселесі қаралып, оның мақсаты мен міндеттері туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров баяндама жасады.

«Елімізде түбегейлі саяси реформалар, қоғамдық процестерді жаңарту үрдісі жүріп жатыр. Конституциялық өзге­рістер жақын арада еліміздің барлық аумағына қоғамдық диалог пен саяси плюрализмге негізделген мүлдем жаңа саяси ландшафт қалыптастыратындығы сөзсіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде «Конституцияға енгізілген өзгерістермен бірге мемлекеттің саяси жүйесі өзгермек. Елді басқарудың жаңа үлгісі пайда бола­ды», деп атап өтті.

Осы тұрғыда Парламент – билік тармақ­тарындағы халық өкілдігінің басты инсти­туты. Мәжіліс төңірегінде біздің еліміз­дегі әлеуметтік-экономикалық, қоғам­дық процестер үрдісіне байланысты Парла­мент, Үкіметпен азаматтық қоғам ара­сындағы терең, жан-жақты диалог алаңын жасау – заман талабы. Мәжіліс­те қазірдің өзінде заң шығару шеңберін­де азаматтық қоғам, сарапшылар қауым­дас­тығымен оңтайлы қарым-қатынас жүйесі қалыптасқан. Заң шығару процесінде сарапшылар қауымдастығы өкілдері нә­тижелі еңбек етіп келеді», деді Е.Саиров.

Сондай-ақ депутат құрылғалы отыр­ған Қоғамдық палата Ұлттық құрыл­тай форматын шығармашылық тұрғыда дамытатынын атап өтті. Мәжіліс пен аза­маттық қоғам өкілдері, сарапшылар қауым­дас­тығы арасындағы байланыстарды жүйелі түрде нығайту беретініне сенім білдірді.

«Палатаның негізгі міндеті – қоғам­дық сараптама және қоғамдық тыңдау. Сонымен бірге Палата еліміздің барлық аймақтарынан, елімізге белгілі қоғам қай­рат­керлері, белсенді азаматтар мемлекет пен қоғам, рухани толысу мен даму, эко­­номикалық тыныс-тіршілік тәрізді терең, жаһандық проблемалармен өзі­нің ой­ларын ыждағатты түрде білді­ретін алаңға айналады. Ғибратты ой, сал­мақты – салиқалы іс-қимыл, береке-бірлік қа­сиет­­тері әрқашан өте маңызды», деді Е.Саи­ров.

Депутат Қоғамдық палата жаңа заманға сай саяси мәдениетті қалыптастыра отырып, қоғамдық-саяси ағартудың да мектебіне айналатынын жеткізді. Оның айтуынша, Палата ротация принципі бойынша жұмыс атқармақ. Яғни мүшелері жүйелі түрде өзгеріп тұрады. Белсенді, өзінің айтары бар азаматтарға қоғамдық потен­циалын ұштауға жүйелі мүмкіндік береді.

«Палата мүшелігіне парламенттік және парламенттік емес партия мүшелері, еліміздегі парламентаризм мәселесімен терең айналысып жүрген азаматтар, қоғам белсенділері, түрлі саладағы сарап­шылар, саясаттанушылар мүше бола алады. Палатаның құрылуы еліміздегі пар­ламентаризм институтын дамыта отырып, заң шығару процесінде қоғам, жұрт­шылықтың рөлін арттыратын, плюрализм деңгейін дамытуға бағытталған нақты тетік», деді Е.Саиров.

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов аталған мәселеге қатысты өз пікірін білдірді. Сондай-ақ Қоғамдық палатаның жұмысын тікелей өзі қадағалайтынын атап өтті. Бұл жұмысқа депутаттарды белсене араласуға шақырды.

«Мемлекет басшысы нақты тапсырма жүктеді. Қызу қоғамдық пікірталас  әлеуметтік желілер мен алаңдарда емес, Парламент қабырғасында өту керек. Қоғам­дық палата құру – уақыттың талабы. Бүгінгі таңда, өкінішке қарай, заң шығарушылар халықтан алшақтап кеткен. Яғни халық бір жақта, заң бір жақта деген пікір бар. Сондықтан Қоғамдық палатаның басты мақсаты – неғұрлым өзекті, резонансты заң жобаларын «бірінші оқылымға дейін» қоғамның талап-тілегі тұрғысынан қарастыру. Сонымен қатар Қоғамдық палатаның отырыстарына біз өңірлердегі Қоғамдық кеңестерді де бейне байланыс арқылы қосуды жоспарлап отырмыз», деді Е.Қошанов.

Мәжіліс Төрағасы Қоғамдық палата құрамы үнемі жаңартылып отыратынын еске салды. Оның басым көпшілігін қоғам қайраткерлері мен үкіметтік емес сектордың өкілдері құрайды.

«Осындай құрылым болу керек деген мәселені соңғы уақытта қоғамдық белсенді азаматтар әлеуметтік желілерде көп көтерген еді. Сондықтан Қоғамдық палата құру туралы шешім – Президент айтқан «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындауға бағытталған тағы бір нақты қадам деуге болады», деді Е.Қошанов.

Палата отырысында депутаттар «Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттер талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көрсетілген саладағы заңнамасына үйлестіру мақсатында жүзеге асыру қағидаттары мен тәсілдері туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын жұмысқа алды.

Жиын соңында бірқатар депутат мемлекеттік мекемелер басшыларына сауал жолдады. Фахриддин Қаратаев вице-премьер Роман Склярға жолдаған депуаттық сауалында қант тапшылығын шешудің жолдарын ұсынды.

«Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2022 жылғы 7 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 19,9 пайызға қымбаттаған. Оның ішінде жыл басынан бергі кезеңде қант бағасы 61 пайызға қымбаттап отыр. Бүгінгі таңда республика бойынша қантқа қажеттілік орта есеппен 550-600 мың тонна болады. Өзімізде соның 10 пайызы ғана өндіріледі», деді депутат.

Мәжіліс өкілінің сөзіне қарағанда, төрт ай бұрын басталған қант мәселесі халық арасында әлі дүрбелең тудырып отыр. Өйткені қанттың бағасы шарықтап, 1 килосы 600-900 теңге аралығында сатылып жатыр. Депутат келтірген мәліметке сүйенсек, мемлекет тарапынан берілетін тарифтік жеңілдік бойынша 350 мың тонна қант әкелінеді. Дегенмен жеңілдік мерзімі 4 айға берілген.

«Әлемдегі экономикалық түрлі санкцияларға байланысты логистика, қаржы операцияларының кедергілері туындауда. Сондықтан тасымалдау мерзімін 5-6 айға дейін ұзартуды және тарифтік жеңілдікпен 550-600 мың тоннаға дейінгі көлемді қамту ұсынылады», деді Ф.Қаратаев.

Сәлімжан Нақпаев депутаттық сауалында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдан Атырау–Астрахань жолының проблемасына араласуын сұрады. Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің атына депутаттық сауал жолдап, мұғалімдер айлығының кешігуі мәселесін көтерді.