Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов: “...Рафиқа Нұртазина орыс-украин жұртының Лев Толстойы, Ушинскийі, Макаренкосы, Сухомлинскийі, қазақтың Ыбырай Алтынсарины, Спандияр Көбейі, Құмаш Нұрғалиевы сияқты аса атақты педагогтар қатарына қосылады. Осы алтауының орнын қазақ ұстаз-әйелдерінің арасынан шыққан Рафиқа Бекенқызы толтырды десек, артық айтқандық болмаса керек” дей келе: “...Қара тасты қақ жарып, шыңға шыққан еңлік гүлдей, қазақ әйелдерінен ұстаз-ғалым, ұстаз-жазушы, ұстаз-қайраткер болып, қоғамның биік баспалдағына көтерілген аналардың бірі де, бірегейі де осы – Рафиқа Бекенқызы” деп ұстазға үлкен баға берген...
Зерек те талапшыл маманның еңбек жолы Алматы қаласындағы №12 қазақ орта мектебіндегі қызметінен басталады. Рафиқа Бекенқызы бұл білім ордасының дамуына сол білім ошағын басқарған кезінде зор үлесін қосты. Мектеп ұжымы мен Р.Нұртазинаның жаңашыл ойлары Үкімет пен педагогикалық қауымнан жоғары бағасын алды. 1984 жылы республикадағы ең үздік мектеп ретінде танылып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталып, 1985 жылы КСРО ХШЖК-нің қола медаліне ие болды.
Рафиқа апай Қазақстанның ұстаздар қауымының арасында қиындығы мен қызығы қатар жүретін мектептен қол үзбей, өзінің сүйікті мамандығын ғылыммен ұштастыра отырып, еліміздің педагогтар көшін бастады. Соның дәлелі, 1974 жылы апай еңбек жолының ғылыми-әдістемелік тәжірибесі жинақталған және орыс тілін меңгеруде коммуникативтік уәждемені дамыту бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады. Осылайша Рафиқа Бекенқызы елімізде алғашқылардың бірі болып, оқушыларға дәріс бере жүріп, ғылым биігін мектептен қол үзбей ұштастырды.
Ұстаздың ғылыми және әдістемелік-педагогикалық қызметінің негізі – орыс және қазақ тілдері мен әдебиеттері, оларды қазақ мектебінде оқыту мәселелері болып табылды. Мәселен, қазақ мектебінің 6-шы сыныбына арналған “Книга для чтения по русскому языку”, 10 сыныпқа арналған “Русская советская литература” бірнеше рет қайта басылған оқулықтар қатарында. Ол кісі қазақ мектебінде орыс тілі мен әдебиетін оқыту барысында қолданылатын қызықтыру формалары мен амалдарының теориялық, педагогикалық және әдістемелік негіздерін қалауға бар күшін салды. 1964 жылы ана тілінің ерекшеліктерін ескере отырып, орыс тілінің негізгі тараулары бойынша жұмбақ түрінде жасалған дидактикалық ойындар, шаралар, сөзжұмбақтар, ребустар, т.с.с. жинақталған серияның алғашқы кітаптары шықты.
Р.Нұртазина мектепте еңбек еткен жылдары тілдік материалды меңгеруде үлкен көмек болатын жаңа дидактикалық және интеллектуалдық ойындар да ойлап шығарды. Өз бетімен жасалған бақылау мен талдау және жинақталған тәжірибе, бұған дейін шыққан үш кітаптың материалдары, басылымдарда жарияланған мақалалар, баяндамалар жинағы өз алдына “Занимательная грамматика” (Алматы, “Мектеп”, 1973) деген атпен жарық көрді. Бұл кітап үнемі жаңа материалдармен толықтырылып, жетілдіріліп, қайта басылып отырды, соңғы басылым 1996 жылы шықты.
Жарты ғасырға жуық қарқынды, әрі жемісті еңбек ету барысында оқушылардың бірнеше буынын тәрбиелеп, шәкірттері мен әріптестерінің құрметіне бөленді. Атақты ұстаз оқытып-тәрбиелеген шәкірттер бүгінде білім беру, денсаулық сақтау, халыққа қызмет көрсету, өнер, ауыл шаруашылығы, т.б. салаларда және билік пен басқару органдарында жемісті қызмет етуде.
Ғалым-ұстаз 1989–1991 жылдар аралығында мемлекеттік телерадио комитетінің тапсыруымен “Таня мен Болатқа арналған радиосабақты” жүргізді. Күнделікті таңертең және кешке өтетін радиосабақтар нақты қарым-қатынас орнатумен және алған білімі мен қалыптасқан дағдыларын радио арқылы тексерумен байланысты болғандықтан, үлкен аудитория тапты. Сабақ берудің бұл түрі елге танымал болғаны соншалық, Қазақстанда алғаш рет 12 әуен таспасы бар 101 сабақтан тұратын “Қазақша сөйлейік” (Алматы, 1991) атты кітабы жарық көрді. Артынша қазақ тілінің аясын кеңейтіп, өмірдің барлық салаларында қолданылуына ерекше көңіл бөліну кезеңінде Э.Сүлейменовамен бірге дайындаған “Разговорник для общения в сфере обслуживания” (Алматы. Ана тілі, 1991) атты тілдескішін шығарды.
Сондай-ақ 75 жылдық мерейтойы қарсаңында “Продолжение урока” (Алматы, 1996) кітабы дүниеге келді. Онда мектептегі педагогикалық қызметті ұйымдастыру нәтижелері, әдістемелік кабинеттер мен бірлестіктердің жұмысы, бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндіктері мен оқу материалдарының негізінде оқушылардың танымдық әрекеттерін туғызу, пәнаралақ байланыс, т.б. мәселелер қозғалған. Р.Нұртазинаның педагогикалық қызметі мен жаңашыл идеялары және де ұстаздың өзі туралы төрт жүзге тарта туынды жазылды. Мысалы, Д.Фарбер “Жизнь – в детях”, Н.Карашева “Мы обучаем русскому языку”, сондай-ақ 1998 жылы Сорос-Қазақстан қоры гранты мен Білім және ғылым министрлігінің “Басқа тілдерде сөйлеушілерге арналған қазақ тілі” атты сайыстың жүлдегері атанған “Мирастың кітабы”, Л.Асқармен бірге жазған мектепке дейінгі және бастауыш сынып оқушыларына арналған еңбектері дүниеге келді.
Міне, осындай халқына қалтқысыз қызмет жасаған қадірлі ұстаз, аяулы ана, ағарту саласындағы көрнекті тұлғалардың бірі Р.Бекенқызының еңбегі әр кез аталып өтіліп, лайықты бағасын алды. Қазақстанның халыққа білім беру саласының үздігі, Алматы қаласының “Құрметті азаматы” атанған педагог апамыздың Ленин, екі мәрте “Құрмет Белгісі” ордендерін алғанын да айта кеткеніміз жөн болар.
Иә, мұғалім – мамандық, ұстаздық – қасиет. Яғни, ұстаз болу адам бойындағы ұлы қасиеттердің бірі. Ендеше, осынау үлкен ұғымдағы ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған, ұстаздардың ұстазы Рафиқа апай жайында қандай мақтау, мадақ айтсақ да артықтық етпейді.
Алмагүл СЕЙСЕНОВА, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.