Аймақтар • 23 Маусым, 2022

Қараусыз мал егінді жайпап жатыр

1196 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ауыл мен ауылшаруашылық құрылымдарының арасындағы жайылым дауының таяу арада реттеле қоятын түрі жоқ. Тұрғындар көптен бері қолындағы бірді-екілі малын өрістететін қолайлы жайылымға қол жеткізе алмай келе жатыр. Ал алқабы ауылдың шетіне келіп тірелген шаруашылықтар жұрттың қараусыз малы егінімді жеп қойды деп шағым айтудан шаршамайды.

Қараусыз мал егінді жайпап жатыр

Көптен бері шешімі табылмай келе жатқан күрмеулі мәселе Қостанай об­лыс­тық кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіп кешені мәселелері жө­нін­дегі комитет отырысында тал­қыланды.

Жиын барысында диқандар елдің қа­раусыз малы енді ғана қылтиып көтеріле бастаған дәнге ауыз салып, қыруар шығын келтіріп жатқанын тағы айтты. Заң бойынша, шаруа қожа­лықтарының жеріне малы түсіп кеткен тұрғындарға 20 АЕК көлемін­де әкімшілік айыппұл қарастырылған. Мысалы, былтыр дәл осындай себеппен 219 азаматқа 7,7 млн теңгеден астам айыппұл салыныпты. Мұның сыртында, биыл егінге түскен малы үшін тағы бес адам әкімшілік жауапқа тартылып отыр.

Облыстық полиция департа­мен­ті жа­нындағы жергілікті полиция қыз­меті бас­тығының орынбасары Аманжол Бай­за­қов­тың айтуынша, үй жануарларының көбіне-көп қарау­сыз жайылып жүруінің басты себеп­терінің бірі – бақташылардың қызмет ақысының қымбаттығы. Мысалы, ауыл­дық жерлерде шопандар ұсақ мал бағу үшін әр басқа 1 500-2 000 теңге сұрайды екен. Ірі қараны бір жаз бағып беру құны 2 500-ден басталып, 4 000 теңгеге дейін жетеді. Ал бір бас жылқы үшін 3 500-5 000 теңгенің аралығында сұрайды.

Полицейлер соңғы бірнеше жыл­дың ішін­де мал жаю ережеле­рін бұз­ған 1 090 адам­ды әкімшілік жа­уап­­кершілікке тартқан. Аманжол Бай­зақовтың айтуынша, биыл нау­­рыз­дың бірінен бастап малы қараусыз жүр­ген тұрғындарға ешбір ескертусіз, бір­ден 3 АЕК мөлшерінде айыппұл таға­йын­дау жазасы қолданыла бастапты. Сон­дай-ақ өңір­де қаңғып жүрген үй жануар­ларын ұс­тауға арнал­ған 149 малқамақ тұр­ғы­зылған.

Жиында қараусыз малдың мәсе­лесін тек айыппұлдың күшімен ғана шешу мүмкін емес екені айтыл­ды. Көпшіліктің пікірі бұл мәсе­ле жер­гілікті атқарушы орган­дар бақта­шылар қызметінің құнын арзан­датуға ықпал етіп, мал жайылымының көле­мін ұлғайтқанда ғана оң шешім табады деген арнаға келіп тоғысты.

– «Жайылым туралы» Заңда ауыл­дардың айналасындағы 4 шақы­рым­ға дейінгі жерді қайтарып, оны жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту мақсатына пайдалану ту­ралы айтылған. Алайда бұл жер­лерді қайтарып алатын қаржы бол­мағандықтан, аталған заң жұмыс істе­мей тұр. Соған қарамастан, тығы­­рықтан шығудың жолдарын қарас­тыруымыз керек, – деді комитет мү­шесі Александр Бородин.

Облыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасы мал шаруашылығы бөлі­мінің басшысы Орал Нұрғазиннің айтуынша, аймақ тұрғындарын жа­йылыммен толық қамтамасыз ету үшін 1 млн гектарға жуық жер керек екен. Ал ұлан-ғайыр алқапқа иелік етіп отырған ауылшаруашылық құры­лымдарында кәдеге асырылмай жат­қан жайылымдық жерлер баршылық. Сондықтан бүгінде өңірде пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып алу бағытындағы жұмыстар жүріп жатыр.

Ал шаруашылық басшылары же­рін жұрттың малынан қорып әуре.

– Қараусыз мал шаруашылыққа үлкен қиындық келтіріп отыр. Жыл­да солай. Мысалы, біз былтыр өз өрістерімізді қорғау үшін күзет агент­тігінің қызметкерлерін жалдауға мәж­бүр болдық. Оларға 2,5 млн теңге төледім. Учаскелік полицейлермен бірлесіп, жерімізге түсіп кеткен малды қамап, иелеріне айыппұл салып жатырмыз. Бірақ бұдан еш нәтиже шығар емес. 500 жылқысы бар адамға жылқы баққаннан гөрі, 200 мың теңге айыппұл төлей салған оңай. Біз тұрғындарды талай рет жинап, жағдайды түсіндіруге тырыстық. Бірақ жұрттың пікірі «егін сенікі, сондықтан бұл мәселені де өзің шеш» дегенге саяды. Егін­ге түсіп жатқан малдың көбінде не таңба, не сырға жоқ, – дейді «Нұр Тоба» ЖШС-ның директоры Ермек Жұмабеков.

– Бізге арнайы күзетшілер ұстау­ға тура келеді. Өйткені 20 мың гектар алқапты өз күшімізбен қараусыз малдан күзете алмаймыз. Алқапты малдан қорғау барысында көптеген қиындыққа тап болып жатамыз. Мысалы, егінге түсіп кеткен мал­дың иесіне учаскелік полицей әкім­шілік бұзушылық туралы хаттама толтырғанымен, сот бізден тапталған дақылдың ауданы туралы актіні талап етеді. Ауылшаруашылық дақыл­дарының қазіргі нарықтағы бағасы тым қымбат. Малы егінге түсіп кеткен айыпкердің оны төлеуге мүмкіндігі жетпейді. Мәселен, 100 гектар зығыр алқабы мал тұяғының астында қал­са, 15 млн теңге қаржымыз желге ұшты деген сөз. Мұндай қаржыны еш­кім төлей алмайтынын түсінеміз. Сон­дықтан рейд шараларын жиі өткізіп, учас­келік полицияның қызметін кү­шейту керек, – деді «Азия алтын» жауап­кершілігі шектеулі серік­тестігінің құрылтайшысы Светлана Михиленко.

Шаруашылық басшыларының айтуына қарағанда, қараусыз мал қамалғаннан кейін көбіне мал иесі емес, жер иесі сотта жауапқа тарты­лып, өздерінің малды не үшін қама­ғанын дәлелдеп, ақталуға мәжбүр болады екен.

Шаруалардың біразы кейбір өңірлерде жекенің қолындағы мал басының шектен тыс көбейіп кет­кенін, ал бірқатар өңірлерде, кері­сінше, жайылым жеткілікті бола тұра, төрт түліктің аз екенін айтып, бұл мәселені де заңмен реттеу керек деген уәж айтты.

Жиынды қорытындылаған палата басшысы қараусыз мал мен жайылым мәселесін толықтай шешу үшін алда еңсерілетін бірталай шаруа күтіп тұрғанын атап өтті.

– Біз бұл мәселені, біріншіден, мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, ауылдардағы жайылым мұқ­таждығының қаншалықты деңгейде екенін болжау үшін көтеріп отырмыз. Екіншіден, кәдеге асырылмай жатқан жерлерді қайтарып алудың тетіктерін айқындап алуымыз керек. Біз бұл мәселелердің шешімі табылмайынша, тоқтамауымыз қажет. Бүгінгі ұсыныстардың бәрін жүйелеп, облыс әкіміне, «Атамекен» ҰКП мен полиция департаментіне жолдайтын боламыз. Ең бастысы, тығырықтан шығудың жолдарын ұсынамыз, – деді Қостанай облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Данияр Күзенбаев.

Облыстың солтүстік аудан­дарын­дағы елді мекендердің айналасын­дағы қолайлы жайылымдардың көбі кезінде ірі шаруа қожалықтарының меншігіне өтіп кеткен. Ал жергілікті әкімдіктер тұрғындардың жеке малына деп арнайы бөлген жайылым, біріншіден, ауылдан шалғай, екін­шіден, құнарсыз жерлер болып жатады. Мұндай жайылымдарға мал тұяғы тиген соң, көпке ұзамай шаңы шығып, қара тақырға айналады.

 

Қостанай облысы