Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Мақсатқа жету үшін елдің бірлігі қажет, адамдарды біріктіретін ортақ құндылықтар болуға тиіс. Кезіндегі «Біз Италияны құрдық, енді итальяндықтарды жасауымыз қажет» деген бастама Екінші республика құратын қазақстандықтар үшін өте маңызды. Өйткені елімізде адам санасы өзгермей, жаңа игі құндылықтарды игермей жаңа қалыптағы мемлекет – Жаңа Қазақстан құру неғайбыл.
Алдағы кезеңде жаңақазақстандықтарды жасау, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру өте өзекті мәселеге айналмақ. Өйткені әр қоғамда әлеуметтік қатынастар жүйесін қолдайтын және өзін өзі іштей ұдайы реттеу арқылы оның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін жасампаз қабілет бар. Ал қоғамның жетілуі оның әр мүшесінің бойындағы жоғары адами құндылықтарға байланысты. Яғни қоғамда қандай құндылықтар басым болса, мемлекет те солай дамымақ, оған қазіргі уақытта барлық қазақстандықтың көзі жетіп отыр. Сол құндылықтарды тудыратын адамдар, олардың дүниетанымы, ішкі болмысы.
Жан-жақты дамыған, жоғары адами қасиеттері мол, басқаларға үлгі болатын адамдарды кемел адам деп атаймыз. Кемел, «әл Кәмил» сөзі араб тілінен аударғанда тұтас, толық, бүтін, жетілген мағынаны білдіреді. Адам жетілуінің негізгі бағыты рухани кемелдену болса, кемелдену адал еңбек, көркем мінез, ізгілік, парасаттылық, ізденіс, ғылым-біліммен толығады. Кемелділікке жетудің мәні – рухани жетілген немесе рухани толық адам деңгейіне көтерілуде. Рухани жетілген адам туралы әр заманда, адамзаттың даму сатысына сай белгілі ғұламалар әртүрлі атаумен анықтама, түсініктер беріп, адамзат өркениетінің дамуына зор ықпал жасаған.
Ұлтымыздың қалыптасу кезеңдеріне көз жүгіртсек, оған ықпал жасайтын, себеп болатын басты құрамдас бөліктерін байқауға болады. Олардың қатарында діннің, мигранттардың, оның ішінде этнонимнің (олардың жергілікті халыққа өзінің этностық қасиеттерін енгізу, таңу) ұлт санасына, дүниетанымына әсерлері өте көп болғанын көреміз. Талас шайқасының нәтижесінде 751 жылы араб халифатының қытайларды жеңуі қазақ даласында жаңа бір түбегейлі өзгеріс әкелгені мәлім. Ислам діні, ислам мәдениеті жаңа өркениет тудырды. Сол замандағы ислам ағартушылық рөл атқарғаны белгілі. Соның арқасында орта ғасырларда ислам елдерінде білім мен ғылым өте қарқынды дамып, мұсылман елдері әлемде алдыңғы қатарға шықты. Оған негіз болған Құран аяттары мен хадистері еді. Мысалы, Құранның алғашқы аяттарының бірі «Оқы» немесе «Кімде кім ғылымды және ғалымды сүйсе, ол жаннатта менің көршім болады» деген Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисі халықтың білім мен ғылымға деген ынтызарлығын арттырды, оларды дамытты. Сол елдерден адамзат өркениетінің дамуына ерекше үлес қосқан ұлы ғалымдар шыққаны белгілі. Олардың дені Орталық Азия елдерінен болды.
Қазақ жерінің тумасы, адамзаттың екінші ұстазы атанған ұлы ойшыл, энциклопедист ғалым Әбу Насыр әл-Фараби: «Жаратушыны тану жаратылған дүниені тану арқылы болмақ» деген қағиданы ұстанып, ислам әлемінде білім мен ғылымның дамуына кеңінен жол ашты. Жаратылыстану ғылымының дамуына орасан үлес қосты. Әл-Фарабидің рухани құндылықтар мен мұраттарға негізделген саяси-әлеуметтік идеялары, ақыл, ой-пікірі Жаңа Қазақстанда мемлекетті әділ басқару және үйлесімді азаматтық қоғамды кемелдендірудің өркениетті парадигмасын қалыптастыруына негіз бола алады.
Әлем мойындаған «Қайырымды қала тұрғындары» атты еңбегінде әл-Фараби жаратылыстың алғашқы себебін, оның бағынышты сатыларын, қайырымды қаланың басшылығын, оның қызмет сатыларын, бақытқа жетелейтін қайырымды істерді баяндап, қоғам, мемлекет дамуының жаңа үлгісін көрсетті. Әл-Фарабидің Қайырымды қала идеясының негізгі ұстанымы – әділдік. Тек әділдік қана мемлекетті біріктіретін басты күш болып саналады. Президенттің «Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстан» деп қысқа да нұсқа анықтама беруі ұлы ғұламамен толық үндестік табуда. Әл-Фараби осы еңбегінде мемлекет дамуында бірінші басшының алар орынын және де оған қойылатын басты талаптарды айқындап берді. Бірінші басшы, бұл бойына жаратылысынан дарыған он екі қасиетті сіңірген адам болмақ. Осы он екі қасиет елімізде қай деңгейде болсын әрбір бірінші басшының бойынан табылса, Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстан жасайтынымызға күмәніміз жоқ.
Әл-Фараби танымында адамда басты орын ақыл-ойға беріледі. Оның пайымдауынша адам «ақылды хайуан», ал ақыл адамға берілген ерекше игілік. Ақыл ізгіліктерді басқарады, адамдардың іс-әрекеттерін саналы түрде қажетті және пайдалы нәрселерге, жасампаздыққа бағыттап отырады. Ұлы ойшыл: «Адамның ақылмен пайымдалатын нәрселерге қол жеткізуі оның алғашқы кемелдікке жетуі деген сөз», деп ақыл кемелділіктің басты көрсеткіші екенін айқындап берді. Әл-Фараби ілімінен біз зайырлы, қайырымды қоғам құру үшін адамзат баласының бойында қандай қасиеттер болуы керек, адамдар арасындағы қарым-қатынастар нормасы қалай болуға тиіс, әрбір жанның бақытты болуы үшін не істемек қажет деген аса маңызды сұрақтарға жауап таба аламыз.
Қазақ елі бодандыққа ұшырады, үш ғасырдан астам басқа мемлекетке тәуелді болды. Қазақ сахарасындағы сол кездегі жағдайды «Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп...» деп Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы дәл жеткізген еді. Сол заманда өмір сүрген Абай: «Сопылық қылып дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған тыныштық керек, не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы жерде, осы елде не қылған сопылық?» деп өз заманын, халқын түзеуге өзіне міндет артады. Осындай игі істерді орындауға адам болмысына қайраттың қажеттілігін айқындады. Адамның жан дүниесін саралап, оған не дұшпан, не дос екендігін айқындап он қасиетті көрсетті:
«Өсек, өтірік, мақтаншақ,
еріншек бекер мал шашпақ...
Талап, еңбек, терең ой, қанағат,
рақым, ойлап қой».
Абай толық адам мағынасын ақыл, жүрекпен қатар, жаңа ұғым – қайратпен толықтырады: «Адамның үш қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Және де үшеуінің бір тұтастығына, бірлігіне, үйлесімділігіне айрықша мән береді:
«Ақыл, қайрат, жүректі, бірдей ұста,
Сонда Толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жаратпайды,
Жолда жоқ жарыместі
жақсы демек».
Ежелден келе жатқан дүниетанымда әлем бір мәнде, бөлінбейтін үш құрамдас бөліктен құралатыны көпшілікке белгілі, олар: материя, ақыл, энергия. Осы мәселе бойынша атақты ғалым-физик А.Эйнштейн: «Дүниенің барлық көрінісінде энергия қатысады» деп ғылыми тұрғыдан дәлелдеген болатын. Энергия сөзінің қазақша баламасы күш, қайрат екендігі белгілі. Ұлы Абайдың даналығы адам болмысында қайраттың (энергияның) рөлін айқындап, оның дамуына қаншалықты қажеттігін көрсетуі. Өз сөзімен айтсақ: «Ақылдының сөзін ұғынарлық жүректе жігер, қайрат, байлаулықтың жоқтығынан адам азады», немесе:
«Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек.
Ақылға сәуле қонбаса,
Хайуанша жүріп күнелтпек».
Абай әл-Фараби айтқандай, ақылсыз адам малға айналмақ , ал ақылға түртпек болатын жүректегі қайрат екендігін көрсетіп отыр. Көрсетілген қайратқа ұлы ұстаздардың толық адамдарға тән қасиеттері күнделікті өмірде негіз болса, адамның әр ісі, қимылы, қолға алған жобасы жасампаздыққа бағытталатындығына толық сенуге болады. Абай даналығының тағы бір көрінісі – толық адам бойындағы ақыл, жүрек, қайрат арасында іштей талас туса, олар ғылымға жүгінуі тиіс. Ғылыми негізде шешім қабылдау, ғылымға негізделген экономика жасау қазіргі уақытта адамзат дамуында өте өзекті мәселеге айналып отыр. Сонымен, ақыл, жүрек, қайрат толық адамның жан дүниесінің үш таған тірегі болса, әл-Фарабидің – он екі, Ясауи мен Абайдың он шарты жетілген, толық адамдардың жан-жақты қырын, қасиеттерін айқындайды.
Кеңес заманында коммунизм құрылысшысының моральдық кодексі болғанын алдыңғы буын өкілдері жақсы біледі. Бұл құжат адами жақсы қасиеттерді насихаттады. Өкінішке қарай, көптеген себептен (саяси, экономикалық, әлеуметтік т.б.) іске аспады. Ең басты себеп – сөз бен істің арасында тым көп алшақтық болғаны. Сонымен қатар көптеген дамыған мемлекетте адами жоғары қасиеттер, дәстүр мен этикалық нормаларға негізделген ішкі ар-намыс кодекстері сол елдердің дамуында ерекше қызмет атқаруда.
Қазіргі кезде ел арасында ар, ұят, намыс секілді қасиетті ұғымдар өз мағынасын жоғалта бастағанына куә болудамыз. Осындай үрдіс жалғаса берсе рухани дамуымызға, елдігімізге үлкен қауіп төндіреді. Әл-Фараби: «Жан біткеннің бәрі ең биік кемелдікке жету үшін жаралған...», деп адамдардың жетілуіне сенім білдірген. Осындай ой-пікірді Ясауи, Абай еңбектерінен де табуға болады. Қазақ жерінен шыққан ұлы ғұламалардың «Толық адам» тұжырымдамасы Жаңа Қазақстан тұрғындарына аманат болып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын басты төл құжатқа айналуы қажет. Сонда жоғары адами құндылықтарды дәріптейтін «Толық адам» тұжырымдамасы ұлт сапасын дамытып қана қоймай, тілі, діні, ділі түрлі ұлт өкілінен тұратын халқымызды біріктіретін күшке айналады. Халқымызда «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» деген нақыл бар. Адамзат ұстаздары атанған Ұлы дала перзенттері әл-Фараби, Ахмет Ясауи, Абайдай ұстаздары бар Қазақ елі өркениетті, дамыған ел болуға тиіс. Жаңа Қазақстанның мақсаты да осы!
Ғалымқайыр МҰТАНОВ,
академик