1997 жыл. Салбыраған көктем. Өліара шақ. Өскемен қаласының солтүстік бүйірінде жатқан, қазағынан орысы әлдеқайда мол Глубокое кентінде қазекем үшін үлкен оқиға болып жатыр: бүгін мұнда тұңғыш рет қазақша мектеп ашылып, оған Төр Алтайдың текті тумасы, көзі тірісінде құтты қаламынан қазақи қара сөздің уызы сорғалаған Оралхан Бөкейдің аты берілмекші. Кент төңірегі бар, Өскемені бар, қойыңызшы, өңірдегі қазақтың қалам ұстағандарының біразы сол салтанатқа жиналыпты. Ауылдан көшіп келгеніме жыл толмаған мен көпшілігін біле де бермеймін.
Орта бойлы, толықтау келген көзілдірікті жігіт шықты ортаға. Байқаймын, адуынды. “Әйтіңіз, бүйтіңіз” деген жүргізушілерді ретіне қарай тарпып тастап тұр. Аудан басшылары да оның бұл ісіне өрескелдік деп емес, сыйласыммен қарайтын сынды.
Не қыласың, ол өз сөзінде жақсы айтты. Батырып айтты. Қасынып айтуымен бірге тасынып сөйлеуінен мына шараға аса қуанып тұрғаны байқалады.
– Глубокое Глубокое болғаннан бері қазақтың тілі мен ділін босағасынан сығалатқанды қойып, маңайынан жүргізбеуші еді. Мынау оқиға – Тәуелсіздіктің жемісі. Глубокоенің қазақи тарихының күнтізбесі дәл бүгіннен басталады, ағайын. Ал Оралхан Бөкеев – біртуарың. Қос қуаныш қайырымен болсын! – деп біраз сілтеді.
Кезек маған келді. Оралханға арналған реквием-элегиямды оқыдым. Жұрт кәукілдесе қол соқты.
Үзіліс. Есік алдына шығып желпініп тұрғамыз. Жаныма бағанағы жігіт келді.
– Мен Оңдасын Елубай деген “Егемен Қазақстан” газетінің осы облыстағы тілшісі боламын. Маған сіздің жаңағы өлеңіңіз өте ұнады. Орекеңді дәл сіз сияқты жоқтау керек екен, – деп менің ішіме майдай жағатын сөздердің біразын боратты дерсің...
Міне, Оңқаңмен таныстығымыз осылай басталған. Сол жылы мен де облыстық “Дидар” газетіне қызметке кірдім. Ал Оңдасын екеуміздің сол таныстығымыз жолдастыққа, жүре-бара достыққа ұласқан. Қым-қуыт өзгерістерге толы он жылдан астам уақыт аралығында ішек-қарнымыз араласа жүріп, мен Оңқаңды жан-жақты әрі мейлінше тануға мүмкіндік алғамын...
Оның бойындағы басты кемшілігі, мүмкін ол жетістігі де шығар, басынан сынық сүйем сөз асырмауы, қос жауырынымен жатса да кеудесіне ешкімнің табанын тигізбеуге тырысуы, тыз етіп тез ашуланып, көмейіне кептелген ойын лақ еткізіп төге салатыны, алайда тез қайтатыны болды. Мүмкін, бұл қасиет қазекемнің “Жақсының өкпесі – жібек орамал кепкенше” дейтін мәтелін растайтын болар.
Журналист Оңдасын Елубайдың бойындағы кәсіби ең мықты қасиеті – шапшаңдығы. Ол белбеуін “босатып”, емін-еркін, арқасын кеңге салып жүрудің не екенін білмейді. Сылбырлық – оған жат. Апырып, жапырып істейді. Бір жерге байыз тауып отыруды да ол еріншектікке балайды. Сондықтан да шығар, тек Шығыс Қазақстан облысы ғана емес, бүткіл республикамызда болып жатқан жаңалық-өзгерістердің егжей-тегжейлі мағлұматын Оңдасыннан ғана сұрап жүретініміз. Одан алынған ақпараттарға күдіктенудің қажеті де шамалы. Шапшаңдық демекші...
Анау жылы Оңқаңмен бірге облысымыздың Үржар ауданында іссапарда болдық. Сапарға онымен бірге шығудың мен үшін тиімді-тиімсіз жақтарының топаны бірдей: жатын-орын, ішіп-жем, қайда барамыз, қайда тұрамыз дегендей күйкі сұрақтарға бас ауыртпайсыз. Неге десеңіз, осының бәрін шып-шырғасын шығармай Оңқаң өзі ретке келтіреді. Ал тиімсіз жағы... Бір жерден қажетті материал алғанда ол мен сияқты асықпай, белбеу ағытып отыруды білмейді. Асығыс.
– Мына сенің жүрісіңмен жүрсек, екі-үш мақала үшін Үржарда ай жарым жатуымыз керек шығар. Болбырлықты қашан қоясың осы, – деп таусылып сөйлейді.
Қойшы, Өскеменнен 600 шақырым қашықтықта жатқан Үржардан Аягөзге бір қонып, үйге түс ауа келдік. Кешке таман Оңқаң:
– Үржар туралы “Егеменге” бас-аяғы 400 жолдай материал жіберіп қойдым. Қалғанын ертеңге қалдырып отырмын, – деп телефон шалып тұр. Астапыралла!
Мен шынымды айтсам, материал жазғанды қойып, терімді де басып үлгерген жоқ болатынмын.
Міне, қазіргі дәуір журналисі үшін ең қажетті қасиет – ұтқырлық пен шапшаңдықтың үлгісін Оңдасыннан үйрену керек деп жүретінім сондықтан.
Ал, спорт... Бұл сала – Оңқаңның мәңгілік “дерті”. “Ішкен асын жерге қояды” деген мәтел оның спортқа деген құштарлығының қолына су құюға да жарамай қалатын шығар. Оның жиһанкездігі 1996 жылғы Атланта Олимпиадасына бара алмай, бармақ шайнап, “қан” түкіріп қалғаннан кейін іле-шала басталды. Әр сапарды ертеректен ойластыру керек екендігін, мемлекеттің шығайбай қалтасына үңіле бергеннен түк өнбейтінін түсінген ол өзінше тірлікке көшті: мардымсыз жалақысынан үнем жасады, демеушілер іздеді. Әп деп 1998 жылғы Париждегі футбол додасына барып келді. Оған жіберген өзінің сүйікті газеті “Егемен Қазақстан”, сол кездегі іскер, сезімтал басшысы Уәлихан Қалижан. Көңілі көншіді. Алайда, көп уақыт өтпей-ақ күрсінетінді шығарды. Сөйтсек, енді 2000 жылғы Сидней Олимпиадасына бару уайымы иектеген екен...
Ол Сиднейге де, Афинаға да, Туриндегі қысқы Олимпиадаға да, Кореядағы футболдан өткен әлем чемпионатына да, Бейжіңге де барып қайтты. Мен көбіне-көп қалжыңдап, оны Сандыбад-журналист деп атаймын. Оның туа біткен болмысы, табиғаты күн сайын, сағат сайын тың да соны жаңалықтармен қауышсам, көрсем, көбірек білсем, сонан кейін сол ақпараттармен туған елімді шұғыл түрде сусындатсам деген ізгіліктен тұратынына көзім әлдеқашан жеткен. Ол сол әлемнің әр пұшпағында өтетін аймүйіз додаларға бару үшін демеушілерді де өзі іздейді. Тіпті бір жолы астына мініп жүрген жалғыз автокөлігін сатып, соны қаржы көзіне айналдырғанына да куә болғанмын.
– Оңқа, сен жүре-бара алушы табылса қыздай алған жан дегендегі жалғыз жарың Жүрсінді де асай-мүсейімен сатып жіберіп, түк көрмегендей жарысқа аттанатын түрің бар ғой, – деп әзілдегенмін. Қыңған жоқ.
– Қызығы таусылған келіншекті қытай базарында да өткізе алмассың, – деп тұр.
2000 жылдың аптап жазы. Оңдасын Сиднейде. Әлсін-әлі телефон шалып тұрады. Үні пәс. Қазақстанның құрама командасы бірде-бір медаль ала алмай “қағынып” тұр.
Бір күні түн ортасы ауа телефон безектесін. Оңдасын екен.
– Уа, Әлеке, сүйінші! Ольга қызымыз ерледі, алтын алдық! Ақ түйенің қарны жарылды. Қазақстанның қоржынына медальдар енді тоғытылады. Көр де тұр, – деп өрекпиді. Дауысында толқудан болар, діріл бар...
Кейін елге келген соң естідім: жалпы Сиднейде жүрген қазақстандық жанкүйерлер Шишигинадан көп үміттенбепті. Жанкүйерлер боп жалғыз Оңқаң барса керек. Алғашқы боп Ольганы құттықтап қолын қысу да, алаулаған алма бетінен сүю де Оңдасынға бұйырыпты...
Ал оның сол жан алысып, жан беріскен аламан додалардан түсірген суреттері қандай ғажап десеңізші! Меніңше, суретші-фотографтың кәсіби шеберлігі кейіпкердің қас-қағым сәтін дер кезінде ұстап қалуымен айшықталса керек. Нағыз журналист үшін сурет түсіре білу – аса қажеттілік. Мен ойлаймын: шіркін, Оңдасынның үй-мұрағатындағы сан тақырыптарды қаузайтын мыңдаған суреттерін жіктеп, жіліктеп, жеке-жеке альбом-кітаптар шығарса ғой, міне, нағыз фотошежіре сол болар еді-ау!.. Ол түсірген 100 сағаттық бейнефильмдері де жанкешті журналистің таусылмас қазынасы.
Ең бастысы бұл да емес, пұл да емес. Ендігі мәселе тағы да Оңдасын досымның ұшқырлығына жетелейді. Әлгі атағы атан түйені үркітетін әлемдік додалардан келген соң бауырын сызға төсеп дем алатын, тыныс кеңітетін Оңдасын дейсіз бе? Жоқ, қателесесіз. Оған, айтып кеттім емес пе, тыныштық – жат. Ол әрекетсіздіктен өлердей үрейленеді. Әлгі Олимпиадалардың сап-сабы да басылмай, тері де тобарсымай жатып Оңқаң кітап шығарып жібереді. Олар жолжазба хикаят, ақпараттық, деректі, сонысымен оқырмандарын өзіне арбап алады. Оқырман қауымға өте қажетті, Оңқаңның өзі түсірген түрлі-түсті суреттермен безендірілген “қыздың баласындай” кітаптарда әлгі жарыстардың күнгейі мен көлеңкесі, аһылауы мен күрсіністері, қуанышы мен әттегенайлары, қойыңызшы, бәрі-бәрі қазақтың қарапайым ғана жанкешті журналисінің пайымдаулары, ой толғаулары арқылы көпшілікке жол тартады.
– Оңқа, алты айшылық алыстан шаршап-шалдығып әзер жеттің, тым құрығында теріңді құрғатып алмайсың ба? – десем:
– Онда менің ми-компьютерімдегі ақпараттар ескіріп, “өңін” жоғалтып алмай ма, – деп “контратакаға” шығатыны тағы бар.
Ал кітап шығару – қалтасының түбі қырық жамау журналиске батпан салмақ. Қазақ: “Арық атқа қамшы ауыр” дегенді тегіннен-тегін айтты дейсіз бе. Ол оған да мойымайды. Қысқасы, ол – сорды, бейнетті өзіне-өзі іздеп табатын, нағыз жанкешті қаламгер.
Азаматтық асыл қасиеттерін тізбелеуге қос қолдың саусағы аздық ететін ерек жандарды қазақ қысқаша “Сегіз қырлы, бір сырлы” деп те жатады. Міне, дәл осы тіркесті Оңдасынға телісек, тағымыздан түсіп, атымыздан аударылып қалмаспыз. Ол – қарымды қаламгер, жиһанкез журналист, сезімтал фотограф, он саусағынан уыз-күй сорғалаған домбырашы, туған жері мен өскен елінің нағыз патриоты, асыл жар, арқа сүйер әке, абыз ата, жанашыр дос, жабыққанда жаныңнан табылатын жолдас... Тағы да ма...
– Шығармашылығым әп дегенде осы Өскемендегі мектеп-интернатта оқып жүрген жасөспірім шағымда өлең жазудан басталып еді. Әрине, ол ақындық емес, еліктеуден туған дүниелер ғой: ақүрпек махаббат, басы бар, аяғы жоқ жалт етпе сезімдердің өлең формасындағы тізбесі де.
Ал домбыраны бала кезімнен тарттым. Университетте оқып жүргенде оркестрде ойнадым. Осы қасиетті қара домбыраның арқасында ҚазМУ-дегі “Қызғалдақтар” ансамблі құрамымен Қазақстанның облыстарын ғана емес, Еуропаның біраз мемлекеттерін аралап шықтым.
Әлі күнге қолым босай қалса домбырама жүгіремін. Домбыра үні мұңға, ойға, тәтті де балтамды сағыныштарға, аңсауға жетелейді ғой. Тіпті кей шақтарда оның қоңыр үні менің шығармашылығыма да септігін тигізетіні бар.
Екі аяқты пенденің басты жауы уақыт екен. Соған көзім жетті. Кеше ғана тұлымын жел шайқаған, көк талды ат қып мінген шалдуар бала едік, кеше ғана жел көкіректі жас едік. Сөйтіп – тау мен тасқа тұяғымызды алдырып жүріп 60 деген абыз жасына жеткенімізді білмей де қалыппыз. “Өмір –серуен, адам – көшкен керуен” екендігі рас сөз көрінеді. Алайда, өткен жылдарыма алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді Оңқаң.
Мемлекетіміздің бас газеті “Егемен Қазақстанның” өңірдегі меншікті тілшісі болу да оңай шаруа емес-ау. Мен оны Оңдасынның іс-әрекеті арқылы пайымдаймын. Күн демей, түн демей, аптап ыстық пен қара дауыл, жаңбырда, үскірік аязда ақпарат соңынан шапқылауға екінің бірінің шыдас беруі екіталай. Ал Оңдасын Елубайдың бұл сүркіл жүрісінің шежіре беті 20 жылды көрсетіп тұр. Оңқаң тым тасқайнат-ау, сонда бірде-бір рет шаршадым, қажыдым дегенді естірткен жоқ. Аптасына төрт рет әрі сандаған бет боп шығатын газет түскен материалдарды кәдуілгі комбайн сынды жұтып жатқанын да білеміз. Әр нөмірде бұрқырап шығып жататын Оңқаңның мақала, суреттеме, хабарларында оның маңдай тері мен тозған табанының айшықты ізі, үлкен жүрегі жатыр.
Сонда деймін, сонда осы Оңдасын Елубай үлкен кітап жазуға уақытты қайдан табады екен?
– Күндіз, әрине, қол босамайды. Газет шаруасын кешкі сағат 9-10-ға дейін тап-тұйнақтай еткен соң барып отырамын. Түн ортасын аударып барып ұйқыға жатамын, – дейді ол.
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, оннан астам кітаптың авторы, Қазақстан Журналистер одағының С.Бердіқұлов атындағы сыйлығының иегері, ҚР мәдениет қайраткері, Зайсан ауданының “Құрметті азаматы”, Жүрсіндей адал жардың қосағы, Райхан, Әсем сынды құндыздай-құндыздай қос арудың әкесі, Аянадай ерке немеренің атасы, достарының мақтаны Оңдасын Елубай сынды қаламгер шынында да бақытты. Неге десеңіздер, оның артында арқа сүйер қабырғалы халқы, “Егемен Қазақстан” сынды абыройлы ұжымы бар.
Алтайдың Сауыр мен Сайқан сынды ақбас шыңдарына ақшәулі қырандар ұя салатын көрінеді. Әлгі ана қырандар топшысы әбден қатайғанына көздері жеткен шақта балапандарын шыңырауға өздері итеріп жібереді екен. Босбелбеулері шағылға соғылып қирап, еті тірілері жанталаса қанат қағып, көкке көтеріледі дейді ақсақалдар. Қатыгездік пе, жоқ па? Бәрі де бар, алайда түпкі ұстаным – өз бетінше тірлік етуге ұмтылу.
Сол Сауыр-Сайқанның түлегі, алайда әкесіне он бір жасында топырақ салып, топшысы қатаймай аңырап қалған, еті тірлігінің арқасында өзін-өзі қатыгездікпен қамшылап ер жеткен, ел таныған айтулы азамат Оңдасын Елубай сынды қаламгерге Алладан жақсылықтар мен сәттіліктер ғана сұраймыз.
Әлібек ҚАҢТАРБАЕВ, журналист.