Қазақстан • 27 Маусым, 2022

БАҚ жөніндегі заң жобасы талқыланды

454 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматы қаласында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров қаланың БАҚ өкілдерімен бірге медиа заңнаманы қайта қараудың жаңа тәсілдерін талқылап, заң жобасында реттеуді талап ететін бағыттар туралы айтып берді.

БАҚ жөніндегі заң жобасы талқыланды

«Заң жобасын әзірлеуді барлық мүдделі тарапты қатыстыра отырып, ашық және айқын форматта жүргізіп жатырмыз», деп атап өтті министр. Заң жобасы аясында негізінен журналистің мәртебесі, оның құқығының қорғалуы, мемлекеттік тапсырыс және басқа да өзекті тақырыптар бойынша талқылаулар жүріп жатыр. Әлеуметтік желіні қолданушылар да ақпарат таратумен айналысып жатқанын айтқан министр заң жобасында оларға да ерекше мәртебе беру жағы қарастырылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ «журналистер неге баспана бағдарламасына және басқа да жеңілдіктерге ие бола алмайды» деген сұрақтар да министрдің назарынан тыс қалмады. Біраз уақыттан бері көтеріліп келе жатқан бұл мәселеге орай министр «журналистердің кейбірі мемлекеттік, енді біразы жекеменшік БАҚ-та жұмыс істейтіндіктен ең алдымен олардың мәртебесін айқындап алу маңызды» екенін айтты.

Жиында Қазақстан интернет қауым­дас­тығының президенті Шавкат Саби­ров шетелдік тәжірибеге назар аудару керектігін, жіберген қателік пен жетіс­тік­терден сабақ алмай алға жылжу мүм­кін еместігін айтты. «Дәл қазір дәс­түр­лі басылымдардың өзі интернеттің мүмкіндігіне жүгінбей тұра алмайды. Ал бізде сайттардың тарихы әлі зерттелмеген, оларға нақты баға берілген жоқ. Мысалы, 1990-жылдардағы алғашқы сайттың атауы «Сайт.кз» болғанын қазір көпшілік біле бермейді», деді спикер. Сарапшы газетке қатысты мәселелердің де жеткілікті екенін алға тартты. «Еуропа елдерінде пошта тарифтері өте жоғары болса да газеттің құнын көтермейді. Бұл газеттің оқырманға уақтылы жеткізілуіне жол ашады, жазылу бағасына да соншалықты әсерін тигізбейді», деді ол. Ш.Сабиров. «Газет-журналдарға жаңалық тарату тәсілі емес, сараптама, журналистік зерттеу сияқты формалар бойынша ғана тапсырыс беру маңызды. Дамыған демократиялық мемлекеттерде де әлеуметтік желілер алға шығып кетті. Дегенмен дәстүрлі БАҚ та өз биігінен түскен жоқ. Баспа БАҚ заманауи жаңа фор­маттарға көшуі үшін редакцияларға муль­ти­медиялық форматты дамыту керек. Сол кезде БАҚ сапалық жағынан өсіп, оқырманды өзіне қарата алады», деді сарапшы.

«Журналист – бірнеше ғасырлық тарихы бар күрделі мамандық. Оны мемлекеттік қызмет немесе жеке сектор деп белгілеп, бір форматқа салып қоюға болмайды. Адамдар жекелеген мемлекеттер арасындағы әскери қимылдарға емес, ақпараттық соғыстың беталысына назар аударады. Ресей мен Украина арасындағы ақпараттық майданда кімдердің жеңіске жетіп жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Мемлекет БАҚ-тың материалдық жағ­дайын стратегиялық бағыт ретінде қарас­тыру керек», деп атап өтті Ш. Сабыров.

Ал тәуелсіз журналист Гүлнар Баж­кенова журналистиканың табиғаты бизнес­ке бейім екенін айтты. «Газетті мемлекеттік қызметке емес, бизнеске бейімдеу – заман талабы. АҚШ, Еуропа елдерінде алпауыт басылымдардың тарихы бизнестен басталған. Медианарықта жаңадан пайда болған сайттар, оның ішінде қазақтілді сайттардың басым көпшілігі бизнес пен журналистиканы интеграциялап үлгерді. Әріптестеріміздің біразы телеграм каналдарда, ютуб арналарында өзінің каналдарын ашып, жұмыстарын жүйелендірді. Қазір оқырман ютуб арналардағы сұхбаттарға ерекше назар аударады. Сол себепті дәс­түрлі басылымдар алдағы уақытта сұхбат жанрында осы форматты қолдануы әбден мүмкін», деді ол.

«Қазір қоғамда жеке сайттар немесе жеке басылымдар шетелдік гранттармен қаржыландырылады немесе мемлекеттік саясатқа қарсы жұмыс істейді деген жаңсақ пікір бар. Бұл дұрыс емес. Бәріміз бір кеме­деміз. Бәрімізге мемлекетіміздің гүл­денгені, көші озық елдердің қатарына қосылғаны маңызды. Жаңа Қазақстанның бағыты, реформалары туралы біріміз қатты, біріміз жұмсақтау айтамыз – айырмашылық сол ғана» деп сөзін түйіндеді Г.Бажкенова.

Журналистерге қатысты заң жобасының мемлекеттік деңгейде талқылауға түсуін прогресс деп бағалаған тәуелсіз журналист Думан Бықай: «Әлеуметтік желілердегі пабликтерді, телеграм каналдарды тіркеу мәселесі біраздан бері талқыға түссе де, сөз деңгейінен шыға алмай келеді. Қолдайтындар да бар, қарсы топ та бар. Қазақтілді аудитория белсенді емес деген пікірлер жаныма батады. Осы пікірлер жарнамаға тапсырыс берушілердің санасына шегеленіп қалған. Бізбен жұмыс істеуге келгенде олар тартыншақтап қалады. Тапсырыс берушілерге платфор­малары­мыздың бізге тиесілі екенін дәлел­дейтін заңдық құжаттың болмауы жұмысымызға кедергі келтіріп отыр», деді.

Жиынға қатысқан отандық сарапшылар заман өзгергенін, мемлекеттің сая­саты тек газет шеңберінде жүзеге асы­­рып отыра беретін күннің келмеске кеткенін айтты. «Кәсіби деңгейде жұ­мыс істеп жүрген қазақтілді сайттардың саны саусақпен санарлық. Сондықтан олар­дың ұсынысына назар аударған жөн. Оқыр­манның тең жартысы қазір әлеуметтік желі­де отыр. Әлеуметтік желідегі пабликтер, телеграм каналдар өте тиімді жүйе болғандықтан олардың жұмысын реттейтін, заңдастыратын уақыт келді. Тағы бір мәселе – квазисектордағы компаниялардың жарнамаға бөлген қаржысының 80-90 пайызы орыстілді контенттердің қанжығасында кетеді. Олардың ішінде орыстілді пабликтер, инстаграм парақшалар, телеграм каналдар да бар Осыдан кейін орыс тілі өрісінің географиясы туралы сөз айтудың өзі артық», дейді Д.Бықай.

 

АЛМАТЫ