Қоғам • 27 Маусым, 2022

Алматыда қаржы пирамидасының басшылары сотталды

201 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда World Business Consulting қаржы пирамидасын құру және оны басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Қаржы мониторингі агенттігіне сілтеме жасап.

Алматыда қаржы пирамидасының басшылары сотталды

«Ұйымдастырушылар азаматтарға сыйақы алуға кепілдік берген аффилирленген компаниялардың инвестициялық жобаларына ақша салуды ұсынған. Осылайша 2018-2021 жылдар аралығында WBC Қаржы пирамидасына 5,8 млрд теңге заңсыз тартылған. Сотқа дейінгі тергеу барысында жалпы сомасы 4,1 млрд теңгенің мүлкі тәркіленді», делінген ведомство хабарламасында.

Сот үкімімен қаржы пирамидасының басшыларына 5-тен 6, 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Тағы бес ұйымдастырушыға халықаралық іздеуге жарияланды.

Айта кетейік, World Business Consulting қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету фактісі бойынша бірқатар тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеу 2021 жылдың шілде айында басталған болатын.

Финпирамиданың директоры Жеміс Жүгінбаева 2022 жылдың 3 наурызында ұсталды.