Технология • 27 Маусым, 2022

Құрылыс саласы қалай цифрланып жатыр?

378 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір еңбектің қай саласын да цифрланусыз елестете алмаймыз. Цифрланбаған сала – көшке ілесе алмаған жалқау түйе сықылды: көп уақыт өтпей-ақ сансыз процестің арасында малтығып қала береді. Енді заманауи осы үдеріс құрылыс саласында да маңызды бола бастады.

Құрылыс саласы қалай цифрланып жатыр?

Индустрия және инфрақұ­рылымдық даму министрлігі цифрландыру және мемлекеттік қызметтер департаментінің директоры Әсел Дүйсембаеваның айтуын­ша, құрылыс саласын цифрландыру мемлекет­ке ел­дің аумақтық және инфра­құ­рылымдық дамуын тиімді және сапалы жос­парлауды қам­тамасыз етуге, сон­дай-ақ се­німді және өзекті де­рек­тер негізінде жедел бас­қару ше­­шімдерін қабылдауға кө­мек­теседі.

Сарапшы сөзінің мысалы ре­тінде «Инфрақұрылымдық дерек­тердің бірыңғай геопор­талын» келтіреді. Онда – бас жос­пар, ин­женерлік ин­фра­­құрылым, абат­тан­ды­ру объектілері және қала құры­лы­сын талдау функциялары топ­тастырылған.

Тағы бір инструмент – «бір терезе» қағидаты бойынша тапсырыс берушілер мен эксперттік ұйымдардың басын бірік­тіретін E-PSD бірыңғай цифр­лы платформасы. Ол жерде жобаның техникалық-экономикалық көрсеткіші, тип­тік жобалар бар. Ал «Каз­реестр» – тұрғын үй құры­­лы­сындағы үлестерді есепке алу­ды мем­лекеттік тір­кеу саласындағы ақпаратты авто­­мат­тандырылған жинау, өң­деу, сақтау және талдау жүйе­сі. Жобаның бірегей нө­мірін, құрылысқа рұқ­сатты, үлестік қаты­судың электронды келісімшарттарын сол жер­ден алуға болады. Қазір порталда 73 құрылыс салушы компания тіркелген, еліміз­дің 11 өңірінде жұмыс істейді. Соны­мен қатар құрылыс саласын цифрландыруда сәтті жұмыс істеп жатқан e-QURYLYS (құрылыс процесінің барлық кезеңіндегі ашықтықты қамтамасыз етеді) және e-SHANYRAQ (тұрғын үй ком­мунал­дық ша­руашылығы жұ­мысының тиім­ділігін арттырады) жүйелерін де атап өтсе болады.

«Осы жобалардың барлығы да құрылыс процесінің әрбір кезеңінде үлкен рөл ойнайды. Бұл біз үшін мониторинг жасаудың мүмкіндігі. Сонымен қатар бұл бастамалар құрылыс салушылардың қаржысын үнемдеп, құрылыс пен тұрғын үйді пай­далануға бе­руді бір­шама арзандатты», дейді Ә.Дүйсембаева.

«Қазақстан тұрғын үй ком­паниясы» АҚ басқарма төр­­ағасының орынбасары Алтай Күздібаевтың айтуынша, қазір тұрғын үй құрылыс нары­ғы үшін біраз өткір мә­селе бар. Олар – тұрғын үй шаруа­шылығындағы ақпарат­тық асим­метрияларды жоюдың маңыз­дылығы, құ­рылыс ба­рысын­дағы онлайн-мониторинг, құ­рылыс тәуекелдерін сақтан­дыру.

«Кез келген трансформация, соның ішінде құрылыс секторының транс­фор­мация­сы екі бөліктен тұрады. Ол – өзгерістің адами бөлігі және техникалық бөлігі. Ада­ми бөлігі дегеніміз – құры­лыс саласындағы проблема­лар мен тақырыптарды тал­қылау. Техникалық бө­лігі – нор­мативтік-құқықтық база. За­манауи цифрлы техноло­гияларды пай­далануға мүм­кіндік беретін нормативтер Қазақ­станда бар. Сондықтан мұны «жаба тұруға» болады. Екінші маңызды дүние – IT-инфрақұрылым. Бізде IT-жүйені дамыту бойынша біраз ілгерілеу бар, дегенмен кедергілер де жоқ емес», дей­ді «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу инс­титуты» ЖШС кеңесшісі Мария Ши­рокова.

Оның айтуына қарағанда, қазір Қазақ­стан посткеңестік елдерді басып озып, BIM (Building Information Modeling – ғимаратты ақпараттық моделдеу) технологиясын сенімді қолданып жатыр. BIM пайдалану кезіндегі көп таңдалатын танымал технологиялар ретінде сарапшылар бұлтты есептеу (42 пайы­з), модель негізінде модельдеу (33 пайыз), виртуалды/ұлғайтылған/аралас нақтылық (28 пайыз), 3D-басып шығару (25 пайыз) жүйелерін айтады.

Алайда BIM-ді толықтай енгізуге қарсылар бар. Өйткені ол үшін маман даяр­лау керек, техниканы меңгеру керек, мұның бәрі – уақыт пен ақша. Сол үшін қазір құрылыс компаниялары арасында сауалдама жүргізіліп жатыр екен.