Елорда • 28 Маусым, 2022

Елордада қала күні қалай тойланады

598 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл еліміздің бас қаласы өзінің 24 жылдығын тойлайды. Қала күніне орай мәдениет, спорт мекемелері, қаланың шығармашылық ұжымдары көңілді, мерекелік бағдарлама дайындауда, деп хабарлайды Egemen.kz Нұр-Сұлтан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елордада қала күні қалай тойланады

Елорданың 24 жылдығына орай қалада бірқатар әлеуметтік нысандардың, гүлзарлардың, қоғамдық кеңістіктердің, 80-нен аса ауланың салтанатты ашылуы өтеді.

Бұдан бөлек, осы күнге орай елорданың бірқатар ведомстволық бағынысты ұйымдары концерттер, спорттық турнирлер, көрмелер және т.б. ұйымдастырады.

28 маусым күні сағат 19:00-де мемлекеттік академиялық филармония сахнасында Ермұрат Үсеновтің 70 жылдығына арналған «Қорқыт» этно-ансамблі «Өмір дастан» концертін қояды.

Осы күні елордада ерлер мен әйелдер арасында бокстан «Елорда кубогы» халықаралық турнирі басталады. Ол Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында 5 шілдеге дейін өтеді.

30 маусымда «Жастар» театрында суретші Гүлназым Өмірзақтың көрмесін, сондай-ақ дизайнер Алтынбек Ермұханның сән көрсетілімін тамашалауға болады.

1-6 шілде аралығында «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінде «Елорда пейзаждары» атты арт-көрме ұйымдастырылады. Біріккен музейлер дирекциясы мерекеге орай бірден бірнеше экспозиция ұйымдастырады: 1-8 шілде аралығында – «Ел тірегі – Елорда» көрмесі, 1-5 шілде аралығында – «Киелі менің астанам» фотокөрмесі. 5 шілде күні мұнда «Әлем картасындағы жаңа елорда» атты іс-шара өтеді.

1 шілде күні сағат 20:00-де Есіл өзені жағалауындағы амфитеатрда Батырхан Шүкеновтің шығармашылығына арналған «Твои шаги» атты концерт өтеді. 3 шілде күні сағат 20:30-да ЭКСПО алаңында Ұлттық домбыра күні атап өтіледі. Сол күні сағат 18:00-де елордалық филармония мерекелік концертке шақырады. Сол сияқты «Барыс Арена» мұз сарайында қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирі өтеді.

4 шілде күні сағат 18:00-де Амфитеатр сахнасында «Астана кеші көңілді» мерекелік концертімен отандық эстрада әртістері мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді.

4-6 шілде аралығында Орталық саябақта «Mereke Street» қалалық мәдениет фестивалі өтеді.

5 шілде күні сағат 19:00-де филармонияның концерт залында «Әзіл әлемі» әзіл кеші ұйымдастырылады. 5 шілде күні сағат 19:00-де «Астана Опера» опера және балет театры күміс ғасырдың «Шопениана» және «Шехрезада» балеттерін ұсынады.

5 және 6 шілде күндері «Колизей» спорт кеңістігінде «Отан Ана» монументінің жанында стритболдан «Nur Sultan Cup» турнирі ұйымдастырылады. 5-9 шілде аралығында «Астана Балет» театры «Орфей және Эвридика» балетінің премьерасына шақырады.

Астана күні, яғни 6 шілдеде сағат 11:00-де Триатлон паркте «Elorda Tolqyny» спорттық жарысы басталады. Осы уақытта «Қазанат» ипподромында шабандоздар арасында бәйгеден «Астана кубогы» жарысы өтеді. Сол күні кешке, сағат 21:00-де Амфитеатр сахнасында Ұлықпан Жолдасов «Ақ қанат – ақ құсым» бағдарламасымен өнер көрсетеді. Сағат 18:00-ден 22:00-ге дейін «Астана-Арена» стадионының тұрағында «Халықпен бірге» дәстүрлі Open air өтеді. Сол күні кешке «Қазақстан» ОКЗ «Дос-Мұқасан» ансамблінің шығармашылығына арналған «Далам менің» концерті ұйымдастырылады.

8 шілде күні сағат 12: 00-де Амфитеатрда «Мен сені сүйемін, астанам» атты концерттік қойылым өтеді. Сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін «Барыс Арена» маңында 12 сағаттық «You Fest» Open air өтеді. Сағат 17:00-ден 22:00-ге дейін мемлекеттік академиялық филармонияда республикалық ақындар айтысы өтеді.