Әдебиет • 28 Маусым, 2022

Жүректің жұмсақ күлкісі

337 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ол да бір жастық элексирі. Жастық элексирі дегенде, әдетте, әңгіме ауаны әбілхаят суы жайына ойысса керек-ті. Алайда біз жастықтың жойқын қуаты, жүз жасаған жүректің өзін алқынта, жүйрік атша жұлқынта жүрдек соқтырған жастық рухы жайын айтсақ дейміз. Жамбыл-Жәкеміздің жасы алпыстан асқан шағында, алып жүректің аманат шағындағы ақырғы соғысына дейін бүлкілдеп тұрған уағында да кәрілікті мойындамауы, қарттыққа мойымауы, буыннан алса да бойұсынбауы жастың өзін жасқантар жасампаз қуатқа ие.

Жүректің жұмсақ күлкісі

Жамбыл жырау алпыстың асуынан асып тұрған тұсының өзінде шау тарт­тың деген сөздің өзін шалағай көріп, шам­данып қалады екен. Мәмбетәлі ауылында өткен айтыста болуы керек, қайсыбір қыз баланың қыршаңқы теңеуіне қатулана сөз айтыпты:

«Мəмбетəлі ауылында,

Атандым мен абышқа,

Абышқа деп мына қыз,

Тиіп кетті намысқа.

Абышқаның сақалы,

Əлде бұған таныс па?

Абышқаны байқасам,

Емес екен алыста.

Абышқа ма, қарашы,

Біздің əсем дауысқа,

Ұзақ таңға қарлықпас,

Ұлы дүбір шабыста...»

«Абышқа» деген осы өлеңінде қыр астындағы қырғыз бауырлардың қартаң кісіге қолданар осы ұғымын өзіне лайық көрмей тұрғанын аңдаймыз. Ұлы дүбірлі шабыстың өзінде ұзақ таңға қарлықпас әсем дауысымның қай ырғағы қайраты қайтқан кісінің сырылдақ кәрі көкірегінің ыңылдақ әуеніне ұқсар деп намыстанады.

Жалпы, Жамбыл-Жәкеміздің өлең­деріннен болсын, уәлі сөзді кісілердің естелік еткен уақиғаларынан болсын, қарттықты қасқайып тұрып қарсы алға­нын көреміз. Қажыдым, қайратым кеміді деген жырау жоқ. Өзегінен шымырлап төгілген өлең шіркін өлместің суындай, өскелең жастық буындай өмір нұрын дарытып тұрыпты.

«Абышқаның сақалы» дегеннен шығады, қарттықтың бір сипаты – ақ сақалға, ағарған шашқа қатысты Жамбыл атамыздың айтқан сөзі аз емес. Оның қадірі мен қасиетін терең сезіне отырып, соның өзінде уытты әзіл, ащы сарказмға жығып беріп отырады. Өз қарттығына өзі мәз болып күледі. Өзіне сын көзімен қарайды. Сондай-ақ сақалды суреттеудегі теңеулері мен метафоралары, эпитеттері сүйсіндіре түседі. Көз алдыңа жүз жасаған жүрек иесі­нің жүзіндегі жылы күлкі келе қала­ды. Тартынбай күліп, таң-тамаша боласыз.

Шота Руставелидің тойында болуы керек, сахнаға көтерілген Жамбыл жыраудың бейнесін Николай Тихонов үзілдіре бейнелеген екен: «Президиум мүшелері де екі жаққа ығысып, стол басында ойға шомып асқар таудай ақын Жамбыл ғана қалды… Жамбыл білеу-білеу қошқыл қан тамырлары торлаған етсіз әмірлі қолын алға сермеп, жиылғандарды тыныштыққа шақырды. Жақ сүйегі шығыңқы жалпақ бетінде парасатты байсалдылық ұйыған, тек екі көзінің ұшқыны екі саңылаудан себелеген сәуледей… Толқынданып еркін төгілген сақалы таң шапағымен шағылысқан құлама тау суындай» («Жамбыл». У.Қалижан). «Жамбыл» кітабын оқып отырсаңыз, бірталай қы­зықты естеліктерді көріп, ескі замандағы ертегіге бергісіз әдемі сәттердің куәсі боласыз.

Ал енді «құлама тау суындай төгіл­ген ақ сақалын» ақынның өзі қалай бейнелейді? Жамбылдың өзі ғана өзі туралы осылай айта алса керек.

Жоғарғы Кеңестің сессиясына депутат Жамбыл Жабаевты шақыра келген Ғали Ормановқа лезде шығарып айтқан лепесі кісінің өз кәрілігіне өзі күлуінің классикалық үлгісі болар:

«Сақалым темір күрек борға малған,

Селеудей шашым селдір зорға қалған.

Аузыма ақ жабағы жапсырғандай,

Кәрілік немді қойды қорламаған?

Құлпырған қызыл шырай

түсімді алды,

Аузымды опырайтып тісімді алды.

Босатып буынымның шегелерін,

Сыпырып тұла бойдан

күшімді алды...»

«Борға малған темір күректей сақал», «зорға қалған селеудей селдір шаш»,  «аузына ақ жабағы жапсырғандай» деген тап қазір де таптырмас теңеулер еріксіз езу тартқызады.  Жамбыл атамыз өз кәрілігімен ғана тобықтан қағып, бүйірден түртіп қалжыңдаспайды, заман­дастарының да кәрілігін, нақты айтқанда, кәрілікке жығылуын жақтырмай, уытты әзілмен иықтап отырады.

Сәлемдесе келген Кенекеңе, Кенен Әзірбаевқа «Басың немене, тұз түйген келсаптың басындай боз ала болып кет­кен» десе, әрі қарай өз жайынан хабар беріп: «Білем, менің сақалым да құртқа малған ағаш күрек секілді болыпты» дейді жарықтық. Ақын Өмір­зақ Қарғабаевтың сәлемін ала тұрып «Таутекенің сақалындай, немене сақалың шаушаңдап кеткен» деп, замандасын бір қағытады. Сол қағытпадан Жамбылдың жастық шаққа деген сағынышын сезінесіз.

«Жігіт едім жасымда қысылмаған,

Көрсеткен жоқ тірі жан

қысым маған.

Тар саңлаудан дәл соққыш

мерген Жамбыл,

Кең кебісін кие алмай

пысылдаған,» –

деп күлген қарияның көңіл айдынының көкжиегінен жылыстап барып жоғалатын жастық кемесінің ағараңдаған жалауын байқайсыз.

Әбдіман деген ағайынына «әлден не көрінді басын ұнға тыққан қара мысық құсап» десе, тағы бір інісіне «суық бас торғайдың мүйізі құсап, мұртың телтиіп неғып тұрсың?» деп сүйкей қалжыңдайды Жамбыл-Жәкеміз.

«Ақын болдым он үште» деген атақты ұзақ өлеңінде:

Алпыстағы шалдардай,

Алжымадым шатылып!

Алдағы өмір, өткен жас:

Ақшыл тартқан сақалым,

Буырыл тартқан ғазиз бас,

Аздап белгі береді,

Жаралсам да темір-тас,

– деген Жамбыл жырау жағы түскенше сөзден де, ойдан да, жүріс-тұрыстан да, әзіл-қалжыңнан да жаңылмады.

Сол өз кәрілігін өзі күліп қарсы алған жырау перзентінің алды Алғадайын майданға аттандырып тұрып:

Атаңнан бата ал, балам,

Арғымақ атқа мін, балам.

Ақ сақалым желбіреп,

Артыңнан қарап мен қалам.

Құлағыңда құлыным,

Дауысым жүрсін жырлаған,

деп бата бергенде, аз уақыттан кейін Алғадайын Алатауды айналып таба алмай, Сарыарқаны сандалып таба алмай ақ сақалын тарамдап жас жуарын ойлағанда, жүрегің мұздап сала береді.

Міне, Жамбыл жыраудың жаздың таңындай жаймашуақ осындай күлкісі де, қыстың боранындай алапат күрсінісі де бар еді.