Жарықтық, Жәркен Бөдеш «Анамның саусағының табы түскен, Ағатай, жан қалтаңда құртың бар ма?» деуші еді. Ақынның жүрегіне қонақтаған осы өлеңнің өн бойы тұнған қазақтың қарапайым мінезі мен сартап сағынышының айнасы іспетті. Кенепке түсірсе қандай көркем картина болар еді. Кепкен құрт қазақтың құты емес пе? Тіпті ғылымға сүйенсеңіз осы бізден артық данышпан халықты таппайсыз-ау, сірә. Құрттың химиялық құрамы мен калориясын жiтi зерттеген ғалымдар оның адам ағзасы үшiн пайдасы зор екендiгiн әлдеқашан дәлелдеген. Шынында да, құрттың анау-мынау дәруменiңiздi он орап алатын қасиетi мол. Тойымды ас, асқазанның емі. Қазақты ашаршылықтан алып өткен құнарлы тағам.
Мақаламыздың маңдайына қойған тақырып белгілі суретші Жанұзақ Мүсәпірдің картинасына үңілген сәтте ойымызға оралды. Дүние дидарына қарап отырып, байырғы қазақтың түр-сипатын іздейтініңіз анық. Ауылда қалып кеткен аяулы сәттердің әткеншегі бос тербеліп тұрғандай. Сол қаңыраған кеңістікке «Құрт жайған келіншектер» картинасын іліп қояр ма еді. Фольклорлық сюжеттер мен мәдени мотивтерге толы бояу кейпіндегі ескі дәуірдің сұлу сызбасы көзге бірден жылы ұшырасады. Көшпелілердің қарекетін, тұрмысын, рухани мәдениетін кішкентай композицияға сыйдырған суреткердің ой-толғамы жасандылықтан ада.
Кенеп майлы бояумен жазылған. Реализмге жақын, мазок әдісімен әдептелген шығарманың негізгі идеясы – салт-дәстүрдің беймәлім көріністері. Бұл нағыз көшпелі қазақ тұрмысының беймарал кезеңі. Құрт-ірімшік қайнатып, оны арба дөңгелегіне жайған қыз-келіншектердің қауырт қарекеті дала өркениетінің сүйекке сіңген дағдысы. Бұл дәстүр Семей, Орталық Қазақстан, Шығыс Қазақстан өңірлерінде жиі кездеседі. Шығармада қыстаудан көктеуге, жайлаудан күзеуге қоныс аударған қазақ отбасының ата ғұрыптан аттап кетпей, соған сай жасаған амал-әрекеті әдемі бейнеленген. Автордың өзі картина жайлы ой-пікірін сабақтай келіп, ұлттың әдет-ғұрпының суреттегі кескін-кейпін жеткізуге тырысқанын баяндайды.
«Шынында, көшпелілердің материалдық мәдениеті көші-қонға ыңғайланып жасалған. Мұны жиналмалы, жығып-тігуі өте жеңіл киіз үйден, ер-тұрманнан, ат әбзелдерінен, теріден, ағаштан жасалған тұрмыстық заттардан-ақ аңғаруға болады. Жұмыстың жазылу стилі соған сай ерекшеленіп тұр. Ұлттық колоритке бай әрі табиғи туынды. Ауыл балаларының сөредегі құртты аңдуы, оны тазының торуылдауы картинаны тірілтеді. Сонымен қатар көшпелілер отырықшыларға қарағанда табиғатқа етене жақын. Кескіндеме идеясын Кунсткамера музейінен алған болатынмын», дейді қылқалам шебері.
Жезайыр жазушы Қабдеш Жұмаділов «Дарабоз» романында «Әскердің азық-түлігіне сойыс қамдап, құрт, ірімшік, нан дайындайтын бақауыл тобында да бір тыным жоқ» деп жазатыны бар. Ат үстінде ғұмыры өткен бабаларымыздың ұлттық тағамға деген құрметі мен тәбеті ерекше болған. Майдан даласында жүрсе де жанқалтасынан тастамай, ауылдың дәмін аузына салып, елдің рухын бойынан алыстатпайтын. Тарихшы Жәди Шәкенұлы да құрттың көшпенді қазақ өмірінде маңызды рөл атқарғанын айтады. Картинаның культі де осында. Бақсаңыз, картинадағы келіншектер ұзақ жолда өзек жалғар астың қамына кірісіп жатыр.
«Құрттың энергетикалық құндылығы өте жоғары. Сондықтан оны жорықтарда, аң аулау барысында, ұзақ сапарда, көште азық ретінде пайдаланған. Әрі алып жүруге өте ыңғайлы. Малта құрт шөлдеген адамға сусын болады. Ғылым тілімен түсіндірсек, құрттың адам ағзасындағы керексіз майларды ыдырататын қасиеті бар. Адам қанының қою болуы немесе қандағы май мөлшерінің артып кетуі көп кездеседі. Оны ыдырататын заттар әдетте қымызда, саумалда, ірімшіктің сарысуында және құртта болады», дейді Ж.Шәкенұлы.
Мәселенки өр мінезді ақын Махамбет Өтемісұлы «Ерлердің ісі бітер ме?» атты өлеңінде: Алты малта ас болмай, Өзіңнен туған жас бала, Сақалы шығып жат болмай...» деп құрттың тағамдық құндылығын өлеңге де арқау еткен. Әрі тәтті, әрі тойымды ауқатты асқа бала түгіл егде жастағы ер кісі де әуес болған. Композицияның интерьеріне қарап отырып, ауыл баласының аңсар көңілінен туған қоңыр да қарапайым көшпелі сюжетке сүйсінесіз. Сүйсінесіз де, терезеден ауылға қарайсыз....