2014 жылға ауыл шаруашылығы бойынша Жол картасындағы бірінші реттік шараларды 3 блокқа топтастыруға болады. Олар – АӨК субъектілерін қаржылай сауықтыру шаралары; инвестициялық субсидиялау бойынша шаралар; инвестициялық жоспарларды пайдалануға енгізу.
Жуықта ел Үкіметінің отырысында АӨК субъектілерін қаржылай сауықтыру ережелері қабылданды.
Қаржылай сауықтырудың қосымша шараларын әзірлеп, ұсыныстарды топтастыру үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҰКП) негізінде Кредиторлар кеңесі құрылды. Сондай-ақ, ҰКП негізінде Кредиторлар комитеті қызмет етеді. Олар әрбір ірі қарыз алушы бойынша қаржыландыру шараларының мүмкіндігі мен мақсаты жайында өзара шешім қабылдайды.
Қазіргі таңда 8 қаржылық институттардан 48 АӨК субъектілерін ақшалай қаржыландыру үшін өтінімдер келіп түсті. Болжам бойынша, 2014 жылы АӨК субъектілерін қаржылай сауықтыру көлемі шамамен 150 млрд. теңгені құрамақ.
Екінші блок бойынша инвестициялық сауықтыру жобасы әзірленді. Бүгінгі таңда ол барлық мүдделі жақтармен пысықталуда.
Үшінші блок бойынша 2014 жылы КазАгро бағыты бойынша 66 жобаның енгізілуі жоспарлануда. Оның бірінші жартыжылдығында 12,5 млрд. теңге көлемінде 11 инвестициялық жоба, соған қоса 3 жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы бойынша енгізіледі.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өткізген талдау көрсеткендей қайта өңдеу саласын дамытуын тежеп отырған факторлар төмендегілер.
Бірінші. Қымбатшылық және шикізат сапасының төмендігі. Демек, кәсіби ауыл шаруашылығы құрылымдарын дамыту қажет.
Екінші. Құрал-жабдықтар ескірген. Ол үшін инвестициялық субсидиялау арқылы қайта өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту жұмыстарын ынталандыру, лизинг пен кредиттік ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет.
Үшінші. Салық салу бойынша мәселелер бар. Ол үшін салық заңнамасын «бірінші» ҚҚС мәселесін шешу аясында, жеке қосалқы шаруашылықтарға ЖТС салығын, экспорт кезінде ҚҚС қайтару тетіктерін өзгерту керек.
Төртінші. Қолжетімді несиелік ресурс көлемінің аздығы. Ол үшін несиеге қолжетімділікті онын құнын субсидиялау арқылы ұлғайту көзделеді.
Бесінші. Кепілдің аздығы, жоғары тәуекелділік, қайта несиелендіру кезеңдерінің аздығы. Ол үшін қарызды кепілдендіру, венчурлік қаржыландыруды белсенді түрде қолдану қажет.
Сонымен қатар, жаңа өндірістерді белсенді енгізу, қолданыстағы бар қуаттылықтарда өндіріс көлемін ұлғайту; импорттаушылар тарапынан алақол бәсекелестіктен отандық тауар өндірушілерді қорғау қажеттілігі өзекті бола түсуде.
Сарапшылардың пікірінше, үлкен көлемде инвестицияларды құю кезінде нәтижеге жету үшін бірқатар мәселелерді шешу қажет. Атап айтқанда, қазақстандық үлесті арттыру арқылы көлденең кедергілерден, демпингтік және жалған, яғни жасанды өнімдерден ішкі нарықты қорғау, ел ішінде тағамдану мәдениетін дұрыс насихаттау. Бұл шаралар қайта өңдеу бойынша кешенді шаралардан көрініс таппақ.
Осы жұмысқа бизнес құрылымдар белсенді түрде қатысуда. ҰКП-мен бірлескен жұмыс тобы құрылды. Олар өз кезегінде ішкі нарықты қорғау және оның бәсекелестігін жоғарылату бойынша берген ҰКП ұсыныстарын талқылайды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».