Қоғам • 29 Маусым, 2022

Өндірістегі жазатайым жағдайлар азайып келеді

417 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өткен жылы еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар кезінде зардап шеккендер саны 2133 адамды құрады, оның ішінде 389 адам (18,2%) – әйелдер. Мұндай деректерді Ұлттық статистика бюросы келтірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өндірістегі жазатайым жағдайлар азайып келеді

«Зардап шеккендердің жалпы санынан қаза тапқандар саны 176 адамды құрады, бұл 2020 жылға қарағанда 27 адамға аз», делінген бюро ақпаратында.

Бұл ретте жарақаттанудың ең жоғары көрсеткіші Қарағанды облысында сақталуда. Онда 2021 жылы 537 жағдай тіркелді, бұл жалпы жағдайлардың 25,2% құрайды.

Екінші орында Шығыс Қазақстан облысы, онда өндірісте 320 адам жарақат алды (жалпы санының 15%).

Топтық жазатайым оқиғаларда 240 адам, кәсіби ауруларға байланысты – 351, уланудан – 47 адам зардап шекті. Сондай-ақ 24 қызметкер мас күйінде жарақат алған, есірткіден мас болған 8 адамның жарақаттану жағдайы тіркелген. Психикалық бұзылу салдарынан өндірісте 9 адам жарақат алды.

Статистика деректеріне қарағанда, өңдеу өнеркәсібі - ең қауіпті сала, өткен жылы бұл салаға жазатайым оқиғалардың 26,8%-ы келді.

Екінші орында – тау-кен өнеркәсібі, зардап  20,8%-ы осы секторда жұмыс істеді.

Мертігудің ең аз саны ауыл, орман және балық шаруашылығының үлесіне келеді, мұнда жазатайым оқиғалар кезінде зардап шеккендердің үлесі - 2,9%.