Руханият • 29 Маусым, 2022

«Айқап» журналын алғашқы шығарушы

1860 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

«Айқап» журналының шығу тарихы әріден басталады.1910 жылы патша өкіметі М.Сералиннің журнал шығару туралы өтінішіне қол қойып, шығаруға рұқсат берді. 1911 жылы қаңтар айында Троицк қаласында қазақ тарихындағы алғашқы журнал – «Айқап» жарыққа шықты.

«Айқап» журналын алғашқы шығарушы

Қостанайлық журналист С.Ужгин М.Сералиннің қоғамдық-саяси өмір­баяны туралы баяндай келіп, ең басында демократиялық бағыттағы орыс және қазақ тілдерінде жарық көретін басылым шығару ойда болғанын ай­та­ды. М.Сералин оның қазақ бөлі­міне, ал журналист Ильминский орыс бөліміне редакторлық ету ұйғары­ла­ды. Ильминский қазақ байлары С.Иман­шалов, К.Алдияров және Қы­лыш­баевпен газетке материалдық қол­дау жасау жөнінде келіссөз жүргізе бас­тайды. Мұны естіген М. Сералин аталған байлар қаржыландыратын басылымда жұмыс істемейтінін, оның үстіне олардың тапсырыстарын орындамайтынын айтқан. Сөйтіп, алғашқыда екі тілде жарық көруге тиісті газет шығару жоспары аяқсыз қалады. Ал М.Сералин «Айқап» журналын шығаруға қам жасайды.

Журналдың жарық көруі үлкен сер­піліс туғызды. Өйткені қазақ қоға­мында бұрын-соңды мұндай идея жүзеге аспаған еді. «Оренбургский край» газетінде осыған орай «Мұсылман бас­пасөзі» деген мақала жарық көріп, онда «…Киргизский двухнедельный общественно-политический журнал «Айкап» представляет в высшей степени самобытное по характеру и по типу издание. Редактором названного журнала является коренной степняк – киргиз М.Сералин… Пять дней в неделю он проводит у себя за работой в ауле, а на шестой приезжает в город для редак­ционной работы. Зная его за человека мелкого достатка, просто удивляешься, как это можно осуществить солидный (до 4/5 листов) двухнедельник, имеющий небольшой тираж в 900-1200 экземпляров. Но это секрет не только для тех, кто не постиг тайны того духовного родства, которое установилось среди киргизской интеллигенции, журналом и киргизской массы…» – деп жазды.

«Айқап» патша өкіметінің бақы­лаушы органдарының назарында болды, сондықтан да цензорлар им­­пе­рия­ның бір шетіндегі мекенде шы­ғып жатқан баспасөз органдарынан ұлы­дер­жавалық «патриотизмді» және пат­шаның ішкі және сыртқы саясатын толық қолдауды талап етті. Жандарм цензоры полковник Кучин осы орайда айрықша белсенді болды, «Айқапты» бақылап отыру да соған тапсырылған болатын. С.Ужгиннің айтуына қарағанда, ол жер бөлушілердің /землемер/ шектен шыққан әрекеттері туралы сыни мате­риал­дарды қырқып тастап отырған.

Қазақ тіліндегі алғашқы газеттердің барлығы дерлік сол тұстағы «Тур­кестанские ведомости» және «Акмо­линские областные ведомости» газет­терінің қосымшасы ретінде ғана ба­сылған болса, Ахмет Байтұрсынұлы секілді ұлт зиялыларының алғашқы мақа­лалары прогрессивті бағытта шыға бастаған «Айқап» журналында жарық көру мүмкіндігіне ие болды. Оған М.Сералиннің игі әсері болғаны даусыз.

1915 жылдың екінші жартысынан бастап «Айқап» шығуын тоқтатты. Журналдың жабылу себебін ғалым Х.Бекхожин оның бетінде большевик Ф.Сыромолотовтың Бірінші дүние­жүзілік соғысты кінәлаған мақала­сы себеп болды деп түсіндіреді. Бұл үкі­мет тарапынан ашу-ыза туғызса, М.Сералиннің өзі де Сібірге айдалып кете жаздап, аман қалған.

Мұхаметжан Сералин журналдың редакторы ғана емес, оның алғашқы ұйымдастырушысы, дем берушісі, идея­лық жетекшісі болды.

Қазақ әдебиеті тарихын зерттеуге баға жетпес үлес қосқан көрнекті ғалым Бейсенбай Кенжебаев қазақ басылымдары арасында «Айқап» журналына айрықша тоқталып, Мұхаметжан Сералин, Спандияр Көбеев, Сұл­тан­махмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев секілді ақын-жазушылар осы журнал арқылы қаламгер болып қалыптасты деген пікір айтады. Ғалым «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері» деп аталатын кітабында «Айқап» журналының алғашқы шығарушысы Мұхаметжан Сералиннің орнын ерекше бағалайды. «Журнал шығарудағы мақсатымыз тек қана жұрттың көзі, құлағы болмақ еді», деген Сералин сөзін кейін Ахмет Байтұрсынұлы іліп алып кеткені белгілі.

Журналдың тырнақалды санына басқарушы, бастырушы деп қолын қойған М.Сералиннің: «Журналға «Айқап» деп есім бердік. Бұл сөзге түсін­ген де болар, түсінбеген де табылар. «Біздің қазақтың «Әй, қап!» де­мей­тұғын қай ici бар?! «Қап» дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз да өкінішімізге лайық «Айқап» болды», деген беташар сөзі «Оян, Қазақ!» деген ұранның бастамасы болғаны даусыз. «Әй, қап!» деп сан соққан «Айқап» – осы уақытқа дейін қазақтарға үлгі-өнеге.

Қазақ жұмысшыларының жағдайы туралы журналда жазып тұру мәселесі кейбір орыс әдебиетшілері және журналды шығаруға атсалысқан С.Торайғыров секілді қазақтың ағартушы демократтары мен М.Сералин арасында қарама-қайшылық та туғызды.

М. Сералин бәрібір өз позициясында қалды, «Степь» газетінде жұмыс жасаған большевик Цвиллингке: «Конечно, и Сыромолотов, и Торайгыров правы, но я слаб в революционной теории, трудно мне объять своим умом тонкости политики. Я же не ставил перед собой задачу сделать журнал революционной трибуной, только нутром чувствую, что в теперешнее время надо пользоваться легальными средствами, не рискуя закрытием журнала», – деп жазды.

«Айқап» жергілікті орыс револю­ционерлерінің ықпалында болды, Рос­сия­дағы өзгерістер туралы жазды, ең алдымен орыс жұмысшы табының сөзін сөйледі, журналда Сералиннің өзінің де идеялық көзқарастары көрініс тапты.

М.Сералин 1924 жылы «Айқап» жур­налының тарихына арналған мақалада: «Журнал еңбекші таптың, халықтың органы болды. Сондықтан да ол белгілі бір таптық, экономикалық және саяси бағыт-бағдар ұстанған жоқ»,  деп жазды. Қазақ шаруалары – ауыл кедейлері сол кезде барлық қазақ халқының 80-95%-ын құрайтын, олардың идеялық-саяси дамуы XX ғасырдың басында да белсенділігі төмен әлеуметтік сипатта болатын.

«Айқап» журналы қазақ қоғамының өзгеріске ұшырауын оқу-ағарту және өркениетпен, отырықшылық мәде­ниетпен байланыстырды. Әдет пен шари­ғаттың ескірген дағдылары мен заң­дарынан бас тартуға шақырды. Жур­нал халықтың артта қалуының негізгі себептері надандық, көшпенді тұрмысқа байланысты оқшаулану, қазақ даласында мәдениет ошақтарының жоқтығы деп түсіндірді. Журналда әйел теңдігі мәселелері көтерілді.

«Айқап» қазақ демократиялық ин­теллигенциясының ұлттық идеяларын насихаттай отырып, түрлі идеялар мен көзқарастағы авторларға орын берді, орыс және қазақ халықтарының тығыз байланысын жақтады, демократиялық Россияға арқа сүйеді. Мұның өзі оны сол кезеңдегі басқа басылымдардан ерекшелендіріп тұратын.

Журналды шығаруға дайындық кезеңінде оның бастамашы тобына М.Сералиннің өзінен басқа жергілікті мұғалімдер Спандияр Көбеев, Ералин, Бейсенов кірді. Журналды насихаттау­шы үгітшілер ауадай қажет болатын.

М.Сералин кейбір қазақ студенттері мен оқытушыларының да қызметін пайдаланды. Олар күз және қыс айларында қалалық училищелер мен семинарларда білім алып, ал көктем мен жазда ауылдарға мұғалім болып баратын. Олар журналды бұқара арасына таратуға және насихаттауға көп үлес қосты. Әсіресе Қостанай, Ырғыз және Торғай уездерінде белсенді әрекет етті. Асылбек Тәшбаевтың жазғанына қарағанда, олардың арасында М.Сералиннің ең жа­қын серіктері, студенттер С.Торай­ғыров, Ә.Ғалымов, М.Кашимов, З.Расулов бол­ған. Олардың кейбіреулері кейін жур­налдың қызметкері болып жұмыс істеді.

Журнал авторлары мен жақтастары қатарында жергілікті интеллигенция өкілдері Г.Мұсағалиев, С.Лапин, Ж.Ті­леубергенов, М.Есенгелдин, Х.Мұ­хамед­жанов, А.Ғалимов, А.Жанталин, С.Ғаб­басов, М. Жолдыбаев, М.Кашимов, Д.Қашқынбаев, Н.Манаев, М.Қалтаев, К.Кемеңгеров, Ш.Жиғангеров, М.Көпеев және басқалары болды.

Журнал тілеуқорларының арасында қазақ қыз-келіншектері: М.Сейдалина, С.Тілеубайқызы, К.Өтегенова да болды. «Айқап» журналына олар әртүрлі жолмен келген болатын. Олар журнал жұмысына белсене қатысты, әйел теңдігі мәселелерін көтерді.

Патша өкіметінің отарлау саясатын сынай отырып, М.Сералин өлкедегі жа­­ғымды жаңалықтарға лайықты баға берді, кей кездері тіпті асыра баға­лап та отырды. Онда орыс-қазақ мектеп­тері мен училищелерінің ашылуына, облыстық басқармалардағы мектеп инспекторларының қызметіне баға берілді. Бұл саладағы ірі кемшіліктер, Сера­линнің ойынша, осындай игілік­терді дұрыс пайдалана алмай отырған қазақтардың өздеріне байланысты.

«Біз сайлау бастамаларының жақсы­лығын дұрыс түсіне алмадық, сайлауға қатысу құқымызды дұрыс пайдаланбай, уақытты өзара кикілжіңдер мен дау-дамайға жұмсадық. Біз орыс өкіметінің жарлығымен біз үшін ашыл­ған мектептерден өзімізге пайда келтіре алмай отырмыз», деп жазды.

М.Сералин ресми баспасөзде жарық көрген мақалаларын кейде: «Біз­дің сүйік­ті Отанымыз – Россия импе­риясы­ның лайықты азаматы болайық», деген сөздермен аяқтайтын. Мұның өзі патша өкіметі цензурасының көзін бояу мақса­тында жасалған деп түсінген жөн.

ХХ ғасырда қазақ даласында қоғам­дық-саяси өмірде екі мәселе ерекше ел назарында болды. Ол жер мәселесі және патшаға қарсылық болатын. Көшпелі қазақтардан шұрайлы әрі құнарлы жерлер қазынаға тартып алынды. Ауыл тұр­ғын­дарының көпшілігі жақсы жайылым­нан айырылып, құнары аз жерлерге көші­рілді. Орыстың озық ойлы ұлттық интел­лигенциясы да бұл мәселені шұғыл шешу қажет деген пікірде болды.

Орыс капитализмінің өркендеуі қазақтарға да бірте-бірте әсер ете бастады. Шаруаларды жаппай Қазақстанға, Сібірге және басқа аудандарға қоныс­тандыру саясатын М.Сералин мәжбүрлік жағдай деп түсініп, оған орыс социал-демократтары позициясынан қарады. «Қоян жылы қазақтарға келген жұт ішкері Россияға да келді. Олар да жұт­тың зардабын көптен бері тартып келеді. Мұндай қиын жағдайдан шығудың екі-ақ жолы бар. Оның бірі – жері шұ­рай­лы жерлерге тұрғындардың бір бөлігін көшіру, екінші жол – алқапты ескіше өңдеуден бас тартып, немістер мен француздар секілді жерді жаңаша өңдеуге көшу», деді. Шенеуніктер болса алғашқы жолды таңдады, сөйтіп мұжық­тарды қазақ даласына жаппай көшіре бастады.

М.Сералин ұлттық шеткері аймақ­тарға патша өкіметінің көзқарастары мен ұстанған саясаты туралы мақалаларында өз ойын үнемі ашық білдіріп отырды, олардың барлығы да цензура сүзгісінен өткізіліп тұрған «Айқап» журналында жарияланды, сондықтан оның сыны өте батыл болды деп айтуға толық негіз бар. Сералин журналды сақтап қалу үшін ауылдағы тап тартысы, жер мәселесіне көзқарас туралы ойларын көбінесе ашық айта алмады.1905-1915 жылдар аралығында жазған өлеңдерінде М.Сералин осы мәселелерді айналып өтпейді. Жыр тілімен өз ойын білдіреді.

М.Сералин орыс тілін жақсы мең­геруге шақырды. Ыбырай Алтынса­риннің қазақ даласына сепкен білім ұрығы ол қайтыс болғаннан кейін лайық­ты жалғасын тауып, өнбей жатыр деп қынжылды. «1914 жылдың 17 шілдесінде алтын басты Ы. Алтынсариннің қайтыс болғанына 25 жыл толды. Оның қазақ халқына жасаған қызметі орасан зор. Ал оны еске алған қазақтар болды ма екен? Жоқ! Шамасы, мәдениетті халық­тар қатарына қосылу бізге әлі алыс болуы керек», деп жазды. «Біз басқа халықтардан артта қалмауымыз керек. Қазақ жастары профессорлық лауазым туралы да ойлануы керек», – деді. Сера­линнің отырықшылыққа көшу, кәсіп меңгеру, орыс тілін игеру секілді ойлары күні бүгін де маңызын жойған жоқ.

 

Ақылбек ШАЯХМЕТ,

жазушы,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ профессоры

 

Қостанай