Аймақтар • 30 Маусым, 2022

Өлке тәжі – Өлеңті

1337 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тай-Өлеңті ауылының 60 жылдық тойы дүркіреп өтті. Мерейлі мерекенің қызығы мәдени-спорттық шараларды ұйымдастырып, аста төк ас берумен өлшенбесе керек. Мұны қаперіне алған ауыл жұртшылығы, өзге өңірде жүрсе де туған жерінің туын биік ұстаған азаматтар «60 жылдыққа – 60 игі іс» акциясын жүзеге асырды. Ауылдың өміріне қан жүгіріп, әп-сәтте құлпырып шыға келді!

Өлке тәжі – Өлеңті

Өлеңті совхозы – тың игерудің екінші толқынында пайда бол­ған шаруашылық. 1961 жылдың ер­те көктемінде, дәлірек айтқанда, 19 наурызда жаңа совхозды құ­ру міндеті жүктелген басшылар мен мамандар, жүргізушілер мен механизаторлар Көксиыр ауы­лына келіп жұмыла іске кіріс­ті. Бұған дейін «Екібастұз» сов­хозының бөлімшесі болып келген Талдықамыс ауылы мен Көксиыр қыстауы енді жаңа шаруашы­лық – «Өлеңті» совхозына қаратыл­ған еді. Совхоз директоры Сартай Қабылов мамандармен кеңесе келе, совхоз орталығы салынған­ға шейін шаруашылық кеңсесін Көксиыр ауылындағы мектеп үйінде орналастыру жөн деп ұйғарды. Ал сов­хоз орталығын жергілікті халық Тай деп атайтын жазық далада салуды жоспарлады. Бүгінде Тай ауылы Екібастұз ауылдық округінің құрамында. Өлеңті атауы ресми қағаздан табылмаса да, жұрт арасында Тай-Өлеңті ауылы деп қатар аталатынын атап өткен жөн.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1979 жыл­дың көктемі мен жазында ди­қандарға табиғат та иіп беріп, ыл­ғал мол болған екен. Алқаптарда жайқалып өскен егін көз қуантып, көңілге қанат бітірген. Күзде ша­руашылық бұрын-соңды болмаған мол астыққа кенелді. Астықтың мол болғаны соншалық, қырманға сыймай кетті. Сөйтіп, мемлекетке шаруашылық тарихында тұңғыш рет 1 миллион пұт астық тапсырылды. Бұл өлеңтілік диқандар қауымының теңдессіз ерлігі, тарихи жеңісі еді. Өлеңтілік өрендер­дің зор табысы мемлекет тарапынан да лайықты бағаланып, 1980 жылы Өлеңті ауылында аудандық агромәжіліс өткізіліп, сонда 19 адам­ға мемлекеттік награда тапсырылды.

Екібастұз өңірінен шыққан үш бірдей Еңбек Ерінің Өлеңті өңіріне қатысы бар екен. Кеңес дәуірінде Социалистік Еңбек Ері атанған жылқышы Қали Қаленов Талдықамыста туса, Бөкен Қызға­риннің еңбек жылының он жылы Өлеңтіде өткен. Ал Тәуелсіз Қа­зақ­станда Екібастұз өңірінен ал­ғаш «Алтын Жұлдыз» тағып, Қазақ­станның Еңбек Ері атанған кенші Рышат Әміренов Өлеңті мектебін бітіріп, осы білім ордасынан еңбек жолын бастаған.

Енді 60 жылдық мерейтойға оралайық. Дүбірлі тойға дайындық шаралары бір жыл бойы жалғасты деуге болады. Бұған дейін ауыл көшелеріне 9 мамырда қаз-қа­тар билбордтар орнатылып, со­ғыс және тыл ардагерлерінің порт­реттері ілінген. Жоғарыда жаз­ғанымыздай, акцияға жергілікті әкімдік пен мектеп түлектері, ауыл азаматтары белсенді атса­лыс­қан. Нәтижесінде, мектеп мұра­жайы қайта жабдықталып, шах­мат кабинеті ашылды. Ауылға кіреберіс қақпа орнатылып, тутұғыр (флагшток) бой көтерген. Жасанды жабыны бар футбол ала­­ңы салынып, көше шамдары жарықдиодты шамдарға ауыс­тырылыпты. Көше жолдары тегіс­теліп, саябаққа қиматастар төсе­ліп, сырты қоршалды. Ме­шіт ауласына 11 түп қарағай отыр­ғызылса, мектеп ауласына 7 түп қарағай мен шырша, гүл­дер егілген. Саябақта жеміс ағаш­тары тамыр жайған. Игі істердің бәрін тізбелемей-ақ қояйық, жаңа­шылдықты көргіңіз келсе Тай-Өлең­ті ауылына мейман болып кетіңіз!

Айырмасын халқымды

бірлігінен,

Жақсылықтар болсыншы

үлгі кілең.

Қанат қаққан төсіңнен

бір ұлыңмын,

Саған мәңгі байланған

кіндігінен, туған ел!

Бұл өлең – сар дала төсінде ән болып аққан өзен бойын жайла­ған Өлеңтіге арналған. Мәтіні мен нотасы басылған қағазда «Бұл ән қазақтың үлкен жүректі азаматы, қымбатты Серік Тельман­ұлы Сәдуақасов мырзаға арналады. Зор құрметпен, ән авторы Қ.Маханов. 23.10.2010 ж.» деген автограф бар. Мәдениет қай­раткері, «Құрмет» орденінің иегері, күйші, композитор, өнер зерттеуші Қайыржан Маханов сазын жазған ән мәтіні белгілі ақын Қонысбай Әбіловтікі. Әрине, екі автордың да Өлеңтіні көзбен көрмегені анық, десе де ауылды перзентіне қарап әнге айналдыруында бір гәп бар. Себебі Өлеңті – өз өрендерінің бойына туған жерге деген махаббатты дарыта білген, қырандарын қияға самғата білген ауыл. Сондай өрендерінің бірі жоғарыдағы «Өлеңтіде – ауылым» әнінің тууына себепкер болған Серік Сәдуақасов болса керек. Қайырымды азамат Өлеңті ауылында мешіт салғанын, мектепке заманауи мұғалімдер бөлмесін сыйға тартқанын біреу білсе, біреу білмес. Бұл жолы да іскер азамат ауыл мерейтойына орай жарық көрген «Өлке тәжі – Өлеңті» кіта­бына демеушілік үлес қосты.

р

Ал ауыл азаматына арнал­­ға­ны­мен, от кеуделі өрендердің ту­ған мекеніне деген махаббатының жар­шысына айналған осынау әнді өлеңтіліктер алғаш рет тыңдады. «Жайқоңыр» ансамблінің сүйе­­мел­деуімен нақышына келтіре ­орын­даған – Мұхит Нұрбол.

Өлеңті – өнерді серік еткен талай өренді түлеткен ұя. Дегенмен қазіргі жастар аға буынның ерен еңбегін біле бермеуі мүмкін. Осын­­дайда тарихта қолтаңбасы қал­ған адамдар есімін насихаттау құ­ралы керек-ақ. Бұл жағынан өлең­тіліктерге алаңдамауға болады, өйткені мектеп ішіндегі құты қа­шып тұрған өлкетану музейі 1960 жылы туған азаматтардың күші­мен қайта жабдықталды. Бұлар – мектептің 1977 жылғы түлек­тері. Өнегелі іске осы ауыл­дың тумасы – Екібастұздағы №13 жалпы орта білім беру мектебінің директоры Ерсағат Әшіров мұ­рындық болды.

Өңі кеткен Өлеңті мектебіне 60 жылдық той қыруар өзгеріс әкелді. Той қарсаңында білім ордасында бірталай нәрсе түлектер күшімен жаңарып қалды. Бұрын мұндағы көргенде көзің тоярлық бөлме жалғыз мұғалімдер бөл­месі еді. Енді көпшіліктің көз­айымына айналар орындар қата­рын шағын музей мен шахмат кабинеті толықтырды. Шахмат каби­нетін кезінде осы мектепте бірнеше жыл директор болған Қабдуайыс Молдабаевтың отбасы жабдықтады.

Бұл күні шахмат, волейбол, ала­ман бәйге, тоқ бәйге, құнан бәй­ге, қыз қуу, қазақ күресі сияқты спорт түрлерінен кіл мықтылар анық­талып, демеушілердің есебі­нен қо­мақты жүлде табысталды. Ынта­­ландыру сыйлығының өзі жүл­де­лерден кем емес. Сайыс­тар­дың тартысты өткенін осыдан-ақ біле беріңіз.

Тай түлектерінің тойға жаса­ған тартуы ішінде жұрт назарына іліккен тамаша нысан – «Мен Тай­ды сүйемін!» белгісі. Мұны 1985 жылы туған азаматтар, яғни мектептің 2002 жылғы түлектері орнатты.

Ми қайнатқан ыстыққа қара­мастан әсем безендірілген сахнада өткен концерт ұзақ әрі мазмұнды болды. Жүргізушілер – ауыл тумалары – ақын Айбек Қали мен Айша Саидова тік тұрып қызмет көрсет­ті. Әншілер Ләззат Шушаева, Сұң­ғат Көпежанов, Гүлмира Алда­нова, Болатбек Шаланов, Күміс­хан Сағындық, «Жайқоңыр» ансамблі, «Қамажай» әжелер вокалдық ансамблі, «Арна» вокалдық то­бы, «Замандастар» ардагерлер клу­бының тобы мерекенің өз дең­гейінде өтуіне үлес қосты. Шә­кен Молдағұлованың аккордеонда, Салтанат Кисатованың баянда шыр­қаған әндеріне көпшілік «Беу!» десіп отырды.

Өлеңтіде өткен той түнде отша­шумен түйінделді. Жастарға би кеші ұйымдастырылып, жиыл­ған қауым ауыл көгінде жар­қылдаған салютті қызықтады. Екі­бастұз ауылдық округінің әкімі Жанат Ибраев тойға атсалысқан аза­маттарға алғысын білдірді.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы