Қазақстан • 30 Маусым, 2022

«Қасіретті қаңтар»: Сот процесінде келісім институты кеңінен қолданылуда

196 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда арнайы проку­рорлар жаппай тәртіпсіздік бойынша – 58, терроризм актілеріне қатысты 8 қылмыс­тық істің ақ-қарасын анықтауда. Ал ішкі істер органдарының тергеушілері 516 қылмыстық істі қарап жатыр. Бұл жөнінде Орталық коммуникация қызметі алаңында өткен брифингте Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов пен ІІМ Тергеу департаменті­нің басшысы Санжар Әділов мәлімдеді.

«Қасіретті қаңтар»: Сот процесінде келісім институты кеңінен қолданылуда

Брифингте құқық қорғау орган­дарының өкілдері қаңтар оқиға­сын тергеу барысына қатысты соң­ғы мә­лі­меттермен бөлісті. Бас прокуратура қызметкерінің хабарлауын­ша, қаңтар қырғыны кезінде Ал­маты, Шымкент қалалары мен Ақ­төбе, Атырау, Алматы, Жамбыл, Қызыл­орда Шығыс Қазақстан облыста­рын­да әскерилерге шабуыл жасалып, жол­дардың біраз бөлігі жабылып қал­­ған. «Қиратулар, мемлекеттік объек­­­тілерді өртеу, мүліктерді жою және терроризм актілерінің ба­сым бөлігі де осы аймақтарда тір­кел­ген. Сол қайғылы күндері қыл­мыс­­кер­лер көлік­терді өртеп, қара­па­йым тұр­ғын­дарды жаппай тәртіп­сіз­діктерге қа­тысуға азғырған», деді спикер.

Елдос Қилымжановтың айтуын­ша, полиция органдарының ғима­раттарына жасалған шабуылдардың түпкі мақсаты тәртіп сақшыларының жұмысына кедергі келтіріп, олардың қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуіне тосқауыл қою болған.

Арнайы прокурорлардың ерекше бақылауында тұрған істердің бірі – қызылордалық әскери қызметкер Мадияр Қайсаров қаза болған терроризм актісі. Қазіргі таңда бұл іс бойынша сот процесі жалғасуда. Ес­теріңізде болса, «Қасіретті қаң­тарда» болған жаппай тәртіпсіздік кезінде Ұлттық ұланның 19 жастағы сарбазы, бір үйдің жалғыз баласы Мадияр Қайсаров КАМАЗ көлігінің астына қалып қайтыс болған еді.

Ал Шымкент қаласының прокуратурасы қаңтар қырғыны кезінде орталық алаңда полицияның қыз­меттік көліктерін қиратып, құқық қор­ғау қызметкерлерін арматурамен соққыға жыққан, содан кейін әкімдік ғимаратына шабуыл жасауға белсен­ді қатысқан 35 күдіктінің ісін сотқа берді. Сот үкімімен оларға түрлі жаза тағайындалды.

«Прокурорлар бас бостандығы­нан айырумен байланысты емес жазаларды тағайындауға ерекше ден қоюда. Мұндағы мақсат – Мемлекет басшысының ауырлататын мән-жай­лар болмаған кезде жазаны жеңіл­­дету жөніндегі тапсырмасын орындау. Сон­дай-ақ сот процесі кезінде келісім инс­титуты кеңінен қолданылуда», деп мәлімдеді Е.Қилымжанов.

Процестік келісім жасау рәсімінің басты ерекшелігі – егер күдікті айыптау, дәлелдемелер және келтірілген залалмен дауласпаса және жазаның түрі мен мөлшерімен келіссе кінәні мойындау туралы келісім жасалады. Мұндай істер сотта 10 тәуліктен аспайтын мерзімде қаралып, жаза мөлшері белгіленген баптың санкциясындағы ең жоғары мерзімнің жартысынан аспайды.

Бас прокуратура өкілінің айтуын­ша, бұл рәсім сотта істердің тезірек қаралуына мүмкіндік береді. Мәсе­лен, Қызылорда облысында 42 қыл­мыскерге қатысты істер осындай келі­сім арқылы сотқа жолданған. Ал Ал­маты облысында – 15, Ақтөбеде – 3, Жам­былда – 8 және Шығыс Қазақстан облы­сында 3 адамға қатысты істерде де дәл осындай жол таңдалып алын­ған. Осылайша, 55 адамға қатысты үкім шығарылып, оларға бас бостан­дығынан айыруға байланысты емес жазалар тағайындалған.

Бас прокуратураның мәліметіне қарағанда, жалпы, қаңтар оқиғасы бо­йынша сотқа 392 қылмыстық іс жолданып, 445 адамға үкім шығарылған. Оның ішінде билік өкілдеріне қарсы күш қолданып, мүліктерді жоюға байланысты ауыр қылмыс жасаған, залалды өтемеген және соттылығы бар 46 адам бас бостандығынан айырыл­ған. Ал қазіргі таңда қамауда отыр­ғандардың саны – 514.

«Олар қиратуларға, ғимараттар­ды өртеуге, атыс қаруларын ұрлап, мем­лекеттік объектілерге және құры­лым­дық күш қызметкерлеріне шабуыл жасауға белсенді қатысқандар. Бізде қамауға алынған әрбір адамның қыл­­мыстарға қатыстылығы жөнін­де жет­кілікті мәліметтер бар», деп мәлімдеді Е.Қилымжанов.

Дегенмен жеке басы, денсаулық жағдайы және басқа да мән-жайларды ескере отырып, 284 адамның қамауда ұстау бұлтартпау шарасы, ешқай­да кетпеу туралы қолхатқа, кепілге, үй қамаққа және жеке кепілгерлікке ауыс­­тырылған.

Қылмыстық қудалау органдары қаңтар оқиғаларының барлық себеп­тері мен мән-жайларын анықтау ­ке­зінде жаппай тәртіпсіздіктер мен терроризм актілеріне ерекше мән беріп отыр. «Жұмыстың негізгі бөлігі осы бағытта жүргізілуде», дейді спикер.

Қылмыстық істер бойынша мың­нан астам адам күдікті деп танылса, олардың әрқайсысынан жауап алу, беттестіру, оқиға орнын нақ­ты­лау сияқты кешенді тергеу әре­кет­­тері жүргізілген. Мәселен, тек ар­­найы прокурорлардың істері бо­йынша 30 мыңнан астам тергеу әре­кеті жүргізілген екен. Ал сараптама ұйымдары 3 мыңнан астам зерттеу жасаған.

«Барлық жұмыс қылмыстарға әр қатысушысының рөлін анықтау, оның әрекеттерін объективті бағалау және заңды процестік шешім қабылдау үшін жасалады. Қылмыстық қуда­лау органдары қаңтар оқиғасына қатысты толық, объективті және жан-жақты тергеу жүргізуді көздеп отыр», деді 1-қызмет басшының орынбасары. Сөзінің соңында спикер тергеу барысында азаматтардың құқықтары сақталатынын, жаңа мән-жайлар анық­талса, жұртшылыққа бірден хабар­­ланатынын мәлімдеді.

Брифингте ІІМ өкілі Санжар Әділов қаңтар оқиғасы бойынша 567 күдіктіге қатысты 346 іс айыптау актісімен сотқа жолданғанын хабарлады. «Олардың көпшілігі жаппай тәртіпсіздік кезінде жасалған ұрлық (424 адам), қаруды заңсыз сақтау (45), қаруды ұрлау (38), көлік құралдарын айдап кету (10), тонау (9) және бұза­қылық (6) үшін жауапкершілікке тар­тылғандар. Сот үкімімен 334 адам­ның бас бостандығын шектесе, 4-уі қоғамдық жұмыстарға тар­тыл­ған. Тағы 4 адам айыппұл тө­леуге мін­деттелді. Ал 12 адам татула­суына бай­­ланысты қылмыстық жауап­кер­шіліктен босатылды. Сондай-ақ 46 адам ауыр және аса ауыр қыл­мыс­­тарды жасағаны үшін бас бос­тан­ды­ғынан айырылды», деп мәлім­деді ол.

Қазіргі таңда 167 сотталушыға қа­тысты 86 қылмыстық іс әлі соттың қа­рауында. Қабылданған шаралар­дың нәтижесінде құны 343 млн теңге­ден артық ұрланған мүлік алынған. Оның ішінде 12 көлік, 300-ден астам тұрмыстық техника, 189 зергерлік бұ­йым, 286 ұялы телефон, 16 млн-нан астам ақша, 550 киім-кешек бар.

ІІМ өкілі жаппай тәртіпсіздік ке­зінде ұрланған қару-жарақтарды іздеу мен алып қою бойынша мақсатты жедел іздестіру іс-шараларының әлі де жүргізіліп жатқанын айтты. Бүгінде заңсыз айналымнан 1 640 қару мен ­41 мыңнан астам оқ-дәрі алынған. Соңғы екі аптада полиция қызметкерлері 50-дей қаруды анықтап, 120 қару қоймасын әшкерелеген. Халық ара­сында жүргізілген түсіндіру жұмы­сынан кейін азаматтар 212 қаруды өз еркімен тапсырған. Тергеу депар­таменті басшысының айтуынша, «Қасі­ретті қаңтар» кезінде ұрлан­ған әлі заңсыз айналымда жүрген қарудың саны 2 мыңнан асады. Оның ішінде 1 300 азаматтық, 813 табельді қару бар.

Соңғы жаңалықтар