Қаншама қала қирап, жермен жексен болды. Азуын айға білеген небір алпауыт елдердің іргесі сөгіліп, тарих бетінен жоққа айналды. Теңіздер тартылды, бұлақтар сарқылды. Арнадан су, жағалаудан ну алыстады. Домбыра қазақпен жасап келеді бірақ. Қазақ домбырасының арқасында жасап келе жатыр мүмкін... Өйтпесе домбыра мен онда тартылатын күй ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енер ме еді? Өйтпесе тәмам Қазақ елінде Ұлттық домбыра күні белгіленіп, Алаш баласы бір күнін домбыраға арнар ма еді деген ойға қалдырады.
Демек домбыраның орны – қашанда төр. Қазақ даласында ғана емес, құрлықтың қай қиырына шықса да төрден ойып орын алатын рух пен сана десек, халқымыздың рухы мен сана-сезімін жеткізетін домбыра да сөйтеді, бірден төрге озады. «Өрге қарай орғыса, өр не қылмақ асауға? Жел не қылмақ асауға, желге қарай орғыса?» (Сәкен) дегендей, уақыттың көлеңкесіндей заманалар қақтығысы мен бұлғағы бөгет бола алмақ емес домбыраға.
Тас ғасырында тастан ойып орын алған бұл аспап. Атам қазақтың даласында. Кей зерттеушілер домбыра қазақтан бұрын болған дейді. Иә, қазақ атауы тумай тұрғанда бұл аспаптың да атауы басқа болуы бек мүмкін ғой. Фарабидің тоғыз ішекті домбырасы, Шыңғыс ханның алдына барған, кейінге дейін Жарқын Шәкәрім ұстаған үш ішекті домбыра... Бірақ қазақ атауы болмай тұрғанда бұл жерді мекендеген ру, тайпа, ұлыс өкілдері осы елдің ата-бабалары екенін антропология ғылымы дәлелдейді. Атақты антрополог Оразақ Смағұлға академик Қаныш Сәтбаев сұрақ қойыпты бірде. «Осы қазақ даласында ерте дәуірлерде мекендеген тайпалар біздің бабаларымыз ба, жоқ па, соны анықтап білуге бола ма? Себебі бұл Ұлы далада ерте дәуірлерде өркениеттің озық үлгілері дамыған» десе керек. Сәтбаев ол кезде Ғылым академиясын басқарып тұрыпты. Жап-жас Оразақ аға оны дәлелдеп шығуға көп қаражат керегін айтады. Қанекең «табамын» деп, жас антрополог іске кірісіп кетіп, дәлелдеп шыққан. Осы салаға бар ғұмырын сарп еткен Оразақ Смағұлұлы қазақтың бес мың жылдық тарихындағы сүйекке біткен тек туыстығын түзіп шыққанын мақтанышпен еске алады. Ал тастағы белгілер домбыраның тарихы біздің ұлтпен одан да әріректе бітеқайнасқанын жеткізеді.
Жұмагелді Нәжімеденов «Домбыраның қоңыр үні» кітабында «Майтөбе» жайлауынан (Алматы облысы, Жамбыл ауданы) тасқа қашалған көне домбыра суретінің табылғанын жазады. Оны 1986 жылы белгілі этнограф Жағда Бабалықұлы тауыпты. Суретте әртүрлі қимылда билеп тұрған бес адамның бейнесінен беріректе, алдыңғы жақта аспап салынған. Екі құлағы бар, яғни екі ішекті, ұзын мойны, бетқақпақпен жабылған шанағына дейін ұқсас. Басына үкі тағылған. Ал домбыраға үкі тағу
әдеті бізде баяғыдан бары баршаға мәлім.
Белгілі археолог, тарих ғылымының докторы Кемел Ақышев бастаған бір топ ғалым тасқа қашалған осы суретті зерттеп, бұл сурет кем дегенде неолит (б.д.д. 4000 жыл) дәуірінде бейнеленген деп тапқан екен. Біздің дәуірдегі 2 мың жылды қосса, 6 мың жылға бір-ақ соғады тарих керуені. Мұнша уақыт бірге жасасып келе жатқан домбыраны қазақ төріне іліп, төбесіне шығармағанда ше? Домбыра қазақтың жаны мен қаны, әні мен ары, күйі мен миы, сазы мен сөзі ғана емес, ұлттың өзі екенін Қадыр Мырза Әли баяғыда айтқан. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегенді бүгінде екінің бірі біледі.
Академик Асқар Жұмаділдаев бір сұхбатында «мен әуелі күй тыңдап, әсерленіп алмай күрделі есептерді шешуге отырмаймын. Шешуі қиын есепті шығарардың алдында міндетті түрде музыка, көбіне Құрманғазы, Тәттімбет күйлерін тыңдап аламын» дегені кімді болсын бейжай қалдырмаса керек. Германияда жүріп Шыңғыс Айтматовқа жолығып қалады осы Асекең. Адамзаттың Айтматовы не істеп жүргенін сұраса, Асқар аға бір университетке дәріс оқуға келгенін айтады. «Немістерден үйренген қазақты естуші едім, немістерге үйреткен қазақты тұңғыш көрдім» дегізген Асқар Жұмаділдаевтің шабытын домбыра оятқаны тегін емес. Жоғарыда домбыра қазақтың күйі мен миы дегеніміздің сыры сонда.
Тас дәуірінен бері қазақ даласында жасап келе жатқан домбыра қола, темір, техника, мұнай дәуірлерін көктей өтіп, қазақтың киесі мен қасиеті ретінде ақпараттық-технология ғасырын да бағындырғанын көз көріп, көңіл қуанады. Димаштың қолында сонау Американың төріне шықты. Оны айтасыз, тәй-тәй басқан бір-бір жарым жасар бала «Балапан» арнасының «Қоңыр қаз» бағдарламасынан күмбірлеп күй естілгенде, өтіп бара жатып отыра қалғанын көріп таңғалғаным бар. Экранда жүгірген толассыз ақпарат арасынан сәби сана-сезімін жүрелетіп қойған ұлттық код дегенге бұдан артық мысалдың керегі жоқ шығар. Қанына тартып тұр демеуші ме еді мұндайда?!
Қазақ домбырамен қатар найзаға да үкі таққан халық емес пе? «Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елде» (Қазыбек би) үкі бейбітшіліктің символы іспетті көрінеді. Жаугершілік заманда сол найзаны көтеріп, сілтететін – домбыраның шанағынан төгілген рух деп түсінеміз. Тағылған екі үкінің арасында қайткенде бір байланыс болса, біз осы қисынға құлар едік. Өйткені қазақтың көзі екі жағдайда ақиып, өзі ие бермей кетеді. Бірі – қымыз ішіп, домбырадан күй естігенде, екіншісі – қымыз ішіп, атқа мінгенде рухтанып шыға келеді. Демек домбыра да қазақтың елі мен жерін қорғауға жетелейтін рухтың қайнар көзі. «Көзі бар көкірегінің, көңілі ояу, оны да епті туған кісі атады» (Абай) демекші, мерген болуға, найза ұстауға да ояу көңіл керек. Сол көкіректің көңіл көзін домбырадан төгілген күйден басқа не оятады? Бұл туралы біз құрғақ сөйлемей, Ерлан Төлеутайдың мына сөзін мысалға тартар едік.
«Қазақ пен башқұрды қатар жаулаған Екатерина деген қатын патша өткен орыс тарихында. Бірде осы қатын патшаның сарайына елшілік сапармен бе, әлде басқамен бе – башқұрттың игі жақсылары келіпті. Екатерина оларды сән-салтанатпен қабылдаса керек. Көңілді жиында башқұрттың бір өнерпазы күңірентіп домбыра тартыпты. Патша сарайын домбыраның қоңыр үні кернеп, күмбір дауыс алтын сарайға сыймай кеткенде қатын патшаның үрейі ұшып кетіпті. Кейін ақжелке уәзірлерін жиып алып айтқан екен деседі: «Мынадай музыкалық аспабы бар, мынандай рухты күйі бар халықты бағындырып ұстап тұра алмаймыз, сондықтан алдымен бұл халықты домбырасынан айыру керек», деп пәрмен беріпті.
Ол заманда ақ патшаның пәрмені екі етілмейді, башқұртқа қалың әскер шығарылып, әлгі әскер бір жаздың ішінде башқұрттың күллі домбырасын түк қалдырмай жинап алып, тау-тау ғылып үйіп, от қойып өртеп жіберіпті және осы шаралардан кейін енді қайтып башқұрт халқына домбыра ұстауға тыйым салыныпты. Домбырасынан айырылған башқұрт халқы тез жуасыпты, сыбызғыға сүйеніп қалған башқұрттардың осы заманға дейін тек сызылтып қана мұңлы күйлер тартатыны содан дейді аңыздар. Ал қазақ ешқашан домбырасын айырылған жоқ. Айырылмайды да. Қазақтың қолындағы домбыра – ядролық оқтұмсық секілді сұмдық жойқын күшке ие қуатты қару, сондықтан қазаққа жау ниеттілердің барлығы әуелі домбыраның түбіне жетуге тырысады. Домбыраның түбіне жетсе – қазақтың да түбіне оңай жететінін біледі».
Ертең, шілденің алғашқы жексенбісінде қазақ даласын домбыра шанағынан төгілген рух кернейді. Сонау ғасырлар түбінен бізге жеткен ұлы сарындар оянады, біздің сананы түртпектейді, рухты оятады, сөйтіп болашаққа жол салады. Мәңгілік сарын!
Күмбірле күн астында, домбыра-рух!