Қазақстан • 01 Шілде, 2022

Қазақстан сыртқы саясатының негізгі бағыттары аталды

614 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Халықаралық қатынастардың қазіргі заманғы жүйесіндегі Қазақстан Республикасы» атты конференция барысында Қазақстан сыртқы саясатының негізгі бағыттарын атады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан сыртқы саясатының негізгі бағыттары аталды

«Соңғы жылдары түркі елдерінің кооперация үдерісі айтарлықтай дамып келеді. Түркі кеңесі Түркі мемлекеттерінің толыққанды ұйымына айналдырылып, «Түркі көзқарасы–2040» бағдарламасы қабылданды. Түркістанның 2021 жылы түркі әлемінің рухани астанасы болып жариялануын – Қазақстанның түркі әлеміндегі рөлін мойындау деп бағалауға болады. Бүгінде Қазақстан Америка Құрама Штаттарымен қарым-қатынасының жаңа кезеңін қалыптастырып келеді. Кеңейтілген стратегиялық әріптестік жөніндегі комиссия аясындағы тұрақты жоғары деңгейдегі кездесулер саясат және қауіпсіздік, сауда және инвестиция мәселелері бойынша өзара тиімді ынтымақтастықтың негізі болып саналады. Еуропалық бағытта Қазақстан мен ЕО арасындағы өзара іс-қимыл қолданыстағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімде жасалған артықшылықтарды барынша пайдалануға, сауда және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға негізделген», деді министр өз сөзінде.

Оның айтуынша, Ұлыбританияның ЕО-дан шығуына байланысты министрліктің алдында Қазақстан-Британ қарым-қатынасын реформалау міндеті тұр.

«Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы жаңа Стратегиялық әріптестік туралы келісім бойынша жұмыс ойдағыдай аяқталды. Шығыс Азия елдерімен қарым-қатынасымыз бүгінде жүйелі дамып келеді. Кеңейтілген стратегиялық әріптестік рухында Жапониямен саяси диалог жалғасады. Оңтүстік Кореямен өзара іс-қимыл Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өткен жылдың тамыз айында Сеулге сапарынан кейін жаңа серпін алды. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен ынтымақтастықтың өсіп келе жатқан әлеуетін пайдалануға мүдделіміз», деді Мұхтар Тілеуберді.

Министр атап өткендей, Ауғанстандағы оқиғалар Оңтүстік Азияның геосаяси маңыздылығына жаңаша көзқараспен қарауды талап етеді. Демек, Пәкістан мен Үндістан жаңа көліктік-логистикалық бағыттарды дамыту нәтижесінде Орталық Азия елдеріне өздерінің теңіз порттарына шығуды қамтамасыз ете алады.

«Саяси ландшафттың айтарлықтай құбылуына әкелуі мүмкін ауқымды өзгерістерге байланысты назарымыз Үлкен Таяу Шығыс аймағында да болады», деп қосты ол.