Қоғам • 03 Шілде, 2022

Киберқылмыспен киберзаңгер күресуге тиіс

631 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Бүгінде ақпараттық технология, виртуалды қызмет адам өміріне әбден еніп кетті. Болашағын болжай білетін мемлекеттер осы салаға қаржы құйып, адамзат көшінің алдына шығуға тырысуда. InterNations рейтингіне қарағанда, бүгінде интернетке қолжетімділік және онлайн мемлекеттік қызмет салалары бойынша Эстония әлемде алға шығып келеді екен. «Бұл осы елде 1991 жылдан басталған цифрлы инфрақұрылымды дамыту бағдарламасының жемісі», дейді сарапшылар.

Киберқылмыспен киберзаңгер күресуге тиіс

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

Виртуалды қызмет түрі көбейген сайын бұл салада алаяқтық пен түрлі қылмыс та артып барады. Бұған қандай амал бар? Цифрлы технология өмірімізге дендеп енген сайын асқына беретін бұл үрдіске мемлекет қан­дай қам жасауға тиіс? Белгілі заңгер, Батыс Қазақстан адвокаттар алқасының мүшесі Абзал Құспан осы мәселеге ерекше алаңдаулы.

Кеше алда болдық

Абзал Құспан 2000-жылдардан бері әлем бойынша қарыштап дамыған цифрландыру үрдісінде Қазақстан алдыңғы қатарда болды деп санайды. Бұған сол кездегі мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан хал­қына арнаған Жолдауында «Цифр­лы Қазақ­стан» мемлекеттік бағдарла­масы­ның маңыздылығына арнайы тоқтал­ғаны, сөйтіп, 2017 жылдың 12 желтоқсанында аталған бағдарламаның іске қосылғаны ықпал еткен.

Тіпті бұған дейін де Қазақстан Респуб­ликасы Үкіметі тарапынан 1990-2000 жылдар аралығында индус­трия­лық-инновациялық даму сияқты мемле­кеттік бағдарламалардың қабыл­дануы, нәтижесінде, электронды Үкімет қалыптастыру, Astana hab халықаралық технопаркі, еркін экономикалық аймақ­тар мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуы да елімізде цифр­ландыру бағытындағы жұмыстардың алғышарты болғанын айта кету керек.

Бір қызығы, сол жылдары Қазақ­станда цифрландыру ісі едәуір алға кет­кенін Абзал Құспан шетелде жүріп біліпті.

«Пандемияға дейін, 2018 жылы Франция астанасы Париж қаласына жұмыс бабымен бардым. Сол жақта жүргенде Атырау қаласындағы ісім бо­йынша қорғауымдағы азаматты қалалық сот қамауға алуға санкция бергені туралы хабар жетті. Қолданыстағы заң бо­йын­ша қамау туралы сот санкциясына ша­­ғым беру мерзімі – 3 тәулік. Мен сол жер­­де кездесуде отырған клиент­тері­м­нен 20 минутқа рұқсат сұрап, ноутбук арқы­лы дереу шағым жазып, оны «Сот кең­се­сі» арқылы жолдап жібердім. Кейін сол жерде отырған ұлыбританиялық адвокат әріптестерім менен шағымды қалай, қайтіп жібергенім туралы сұрап біліп, таңғалысты. Себебі тек Ұлы­бри­тания емес, көптеген Еуропа елі ол жүйеге әлі көше қоймағанын мен сол кезде ғана білдім», дейді заңгер.

Көпшілікке жақсы таныс, 2018-2019 жылдары Қытай Халық Республикасынан қашып келген Сайрагүл Сауытбайға қатысты іспен айналысу барысында, БҰҰ жанындағы Босқындар ісі жөніндегі комитетке, «Хьюман Райтс Вотч» сияқты халықаралық құқық қорғау ұйымдарына қылмыстық іс бойынша құжаттарды жолдау барысында да заңгер осындай жағдайға тап болған. Яғни халықаралық ұйымдар «Сот үкімдерінде неге судьяның қолы жоқ?», «Неге мөр қойылмаған?» деп сұрап, заңгердің сот кеңсесіне жолдаған өтініштері мен шағымдарына да қол қойылмағанын, сот кеңсесі тарапынан қай күні қабылдап алғанын растайтын кіріс мөрі неге жоғын түсіндіруді талап еткен.

«Осыдан соң мен Қазақстан Үкіметі тарапынан цифрландыру бағытында жұмыс жақсы жолға қойылғанына көзім анық жетті. Бұл – шындық. Нәтижесінде, пандемия кезінде біздің құқық қорғау саласы тез арада және еш қиындықсыз жаңа заман талаптарына бейімделіп кете алды», дейді Абзал Темірғалиұлы.

Бүгінгі белес

Пандемия кезінде қазақстандық сот органдарында «Электронды үкімет» бағдарламасы шеңберінде электронды іс жүргізу толық іске қосылды. Оны сот органдарының «Төрелік» автомат­тан­дырылған ақпараттық-талдау жүйесі қамтамасыз етті. Бұл жүйе сот құжат­тары­ның электронды мұрағатын, ішкі портал, кадрлық жүйе, соттардың интернет ресурстары, Call-центр, сот құжаттарымен танысу жөніндегі барлық сервисті біріктіруге мүмкіндік берді.

«Адвокаттар ғана емес, барлық іске қатысушы тарап үшін соттардың пандемия кезінде онлайн режімге өтіп кетуі анау айтқандай қиындық тудырмады. Оған себеп – Қазақстанда пандемияға дейін де электронды Үкімет, сот кеңсесі порталдары тиімді жұмыс істеп кеткенін жоғарыда айттым. Заңгерлердің басым бөлігі осының арқасында бұрынғыдай қағазбастылықтан арылып, әсіресе азаматтық істер бойынша талап арыздар мен өтініштерді электронды түрде беруді бастап кетті. Өз басым соңғы он жыл көлемінде бұрынғы кездегідей заң­дар­дың, кодекстердің қағаз нұсқасын емес, Әділет министрлігінің «Әділет» ақ­параттық-құқықтық жүйесі базасын пай­да­ланамын. Өзге әріптестерім де осы жүйеге көшкеніне сенімдімін», дейді заңгер.

Орыс халқында «бақытты болуыма бақытсыздық себеп болды» деген тәмсіл бар. Осындай мысал біздің елде де толып жатыр. Пандемия кезінде жұмысын қожыратпай, керісінше, жаңа даму сатысына өткен заңгер көп. «Азаматтық істер бойынша көмекшім пандемияның алдында Түркияға демалысқа кеткен еді. Кейін сол жақ ұнап қалып, міне, екі жылға жуықтады, Қазақстандағы қызметін сол жақта жүргізіп келе жатыр. Тағы бір мысал, жылдың басында отбасыммен бірге өзіме де шетелге шығуға тура келді. Бірақ бұрынғыдай атқарып жүрген істерімді кейінге қалдырмадым. Не соттарға, не өз клиенттеріме кедергі келтірмедім. Жер шарының қай жерін­де жүрсем де, өзімнің сот істеріме онлайн қатысып, оп-оңай жүргізе бердім. Пандемия біраз адамға еркіндік сыйлады», дейді Абзал Құспан.

Міне, елде цифрландыру ісі дұрыс жолға қойылғанның нәтижесінде 2020 жылы әлемді шарпыған пандемия кезінде сот жүйесі өз жұмысын кедергісіз онлайн түрде жалғастыра алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Цифрландыру – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілетті­лігін арттырудың негізгі құралы болуы керек» деген сөзінің мәні осы жерде ашылғандай.

Ертең қайдамыз?

Дегенмен тоқмейілсуге мүлдем болмайды. Қазіргі қол жеткен деңгейде қалып қойсақ, өзге елдер қарасын көрсетпей кетеді. Мемлекет өз тарапынан көп қаржы шығарып, нормативтік-құқықтық актілер дайындап, дұрыс әрекет жасады. Енді бұл істі мамандар, халық іліп алып кетуі керек. «Онлайн сот төрелігінің одан әрі жетіліп, дамуы адвокаттарға, прокурорларға, тергеу­шілерге, судьяларға және осы салаға келетін болашақ жас мамандарға байланысты», дейді заңгер.

Мәселен, қазір интернет-алаяқтық көбейді. Күн сайын жаңалықтардан айтылып жатыр. Ал мұндай қылмыстардың ақ-қарасын ажырату қиын, ашылу пайызы өте төмен. Тіпті бұл оқиғаның көбі қылмыс ретінде тіркелмей де қалады. Ал біздің құқық қорғау орындары мұн­дай қылмыстардың алдын алуға әзірге дәрменсіз.

Интернет-алаяқтық бүгінде латентті қылмыстар қатарына енді. Бұған қоса, желіде балағаттау, ар-намысқа тиюдің өзі де киберқылмысқа, киберқұқық бұзушылыққа жатады. Абзал Құспанның пікірінше, осындай қылмыстарды тергеп-тексеру үшін арнайы маманданған заңгерлерге қазір сұраныс күшті.

Мамандардың болжамынша, 2040 жылдарға қарай дүниежүзілік сауда айналымының 95 пайызы онлайн форматқа көшеді. Ол – қаржы қыл­мыс­тарының да үлесі солай көтері­леді деген сөз. Бұл үрдістен Қазақ­стан да тысқары қала алмайды. «Онлайн сау­да айналымындағы триллион­даған доллар қаражаттың киберқауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету, тиісті норматив­тік-құқықтық актілер дайындау, заң бұзылған жағдайда оны тергеу жұ­мыс­тары т.б., бізді, заңгерлерді қан­дай ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын көрсетеді», дейді заңгер.

Бұл әрі үлкен қаржылық айналым, пайда әкелетін нарық. Осы нарықтан құр қалып қоймауымыз керек.

Тағы бір мысал. Соңғы кезде әлемдік майнинг индустриясының 75%-ы бір өзіне тиесілі Қытай Халық Республикасы майнинг фермалар қызметіне, яғни криптовалютаны өндіруге тыйым салды. Осыдан кейін Қазақстан нарығында майнинг өндірісі дереу артқан. Бұған дейін майнер мемлекеттердің алдыңғы бестігінде тұрған Қазақстан, енді әлем бойынша ең алдыңғы орынға шығуы мүмкін. «Осыған байланыс­ты елде майнинг фермалар ашып, крип­товалю­та өндірумен айналысатын тұл­ға­­лардың қызметін заңдастыру, бар­лық қатысушыларға бірдей түсінікті «ойын ережелерін» бекіту, салық салуды реттеу, ол саладағы түрлі құқық бұзу­шы­лықтардың алдын алу – кезек күттірмес шаруаға айналды дейді», заңгер. «Себебі осы бағыттағы жұмысты са­уатты ұйым­дастыра алсақ, Қазақстанның инвес­тициялық тартымдылығын қам­тамасыз ететін бірден-бір факторға айналған болар еді», деген пікірде ол.

Дәл осы салада заңгер өзі куә болған бір оқиғаны еске алды.

«2019 жылы Ержан есімді кәсіпкер танысым өз қаражатын криптовалюта нарығында жаңадан ашылған бір фирмаға салғанын және өте қомақты қаржыны тағы құйғалы жатқанын айтып, заңгерлік кеңес беруімді сұрады. Мен дереу ол фирманың құрылтай құжат­тарын тексеріп, оның Таллин қала­сында енді тіркелгенін, криптовалюта нарығындағы тәжірибесі жоғын айтпағанның өзінде, Ержаннан қаражат алған кезде, тіпті ешқандай тіркеуде болмағанын, «Астана» ХҚО-да тіркеуге тұрмағанын, жалпы, Қазақстанмен ешқандай байланысы жоғын, жалғыз құрылтайшысы Ресей азаматы екенін, бұрын өз елінде осы салада алаяқтық фактісімен істі болғанын, кәсіпкерлер салған криптонарықтағы қаражат күйіп кеткен жағдайда, ол ақшаның қай­тарылуына ешқандай кепіл жоқ екенін анықтадым. Осыдан кейін ол фирмаға қатысты мәліметтерді қазақ және орыс тілдерінде әлеуметтік желіде бөлісіп, Ержаннан басқа да алданған адамдар туралы мәлімет жинай бастадым. Сол кезде осыған дейін салынған қаражатты қайтармай отырған фирма өкілдері бірден байланысқа шығып, клиентімнің барлық ақшасын қайтарып берді», дейді Абзал Құспан.

Әрине, алдағы уақытта бұл бағыт­тағы алаяқтық қылмыстар көбейе бере­тіні анық. Ал алданған азаматтар, кәсіп­керлер, әрине, заңгер көмегіне жүгі­неді. Сондықтан да Қазақстанда осы жұ­мысқа қазірден бастап дайындық жұмысын күшейту керек. Олай болмаған жағдайда, нарықтағы бұл қызмет түріне шетелдік киберзаңгерлер оп-оңай иелік етіп кетеді. Қазірдің өзінде шетелдік заңгерлер кез келген фирманың сенім­хаты негізінде ақылы кеңес беру, сотқа дейінгі талап дайындау, құқық қорғау органдарына арыз дайындау, эксперт ретінде кеңесшілік қызметтерді кедергісіз атқара бастаған.

Киберқұқық бұзушылық санының артуы Қазақстанның да мемлекет ретінде өз кибер қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігін тудырады. Кибершабуыл­дар тек экономика емес, ұлттық қауіпсіздікке де нұқсан келтіретін күшке ие. Осыған орай Қазақстан Үкіметі 2017 жылы «Киберқалқан» тұжырымдамасын әзірлеген. Ол құжатпен мұқият таныс­қан біздің кейіпкеріміз «еліміздің болаша­ғын бағдарлай отырып, жақсы жазылған құжат» деп бағалады.

Бірақ кез келген бағдарламаны, тұ­жы­рымдаманы іске асыратын – мамандар. Егер мамандар сақадай сай отырмаса, ешқандай реформа жүзеге аспайды. Ал онлайн сот төрелігін өз дәрежесінде жүзеге асыру тергеуші (анықтаушы), адвокат, прокурор мен соттардың дайын­дығына тікелей байланысты.

Киберқылмыс деген не? Қазіргі заманауи техникалық құралдар (гаджет, ноутбук, компьютер) арқылы ин­тернетті пайдаланып жасалатын кез келген қылмыс – киберқылмысқа жатады. Оның қатарына ақша бопсалау мақсатында бағдарламаларға жасалатын хакерлік шабуылдан бастап, әлеуметтік желідегі азаматтың ар-намысына тиетін жазбаларға дейін кіреді.

Енді осындай «заманауи» қылмыс­тармен айналысатын мамандар да заманына сай білімді болуы шарт.

Мысалы, кибертергеушіні алып қарайық. Оның әдеттегі қылмыстық, қылмыстық процестік, криминалистика заңдылығынан бөлек, компьютерлік бағдарламар тілі, DoS-шабуыл, шпион­дық бағдарламалар, мәліметтерді шифр­лау жүйесі сияқты арнайы салалық білімі болуы керек. Оның тек форма киіп, құқық қорғау органдарында қызмет етуі шарт емес, кез келген ірі компания­лар мен корпорациялар да өз штатында кибертергеушілер ұстайды.

Киберадвокатқа да, киберпрокурорға да дәл осындай талап қойылады.

Заңгер Абзал Құспан киберқылмыс­пен күресетін мамандарды даярлау­дың екі жолын ұсынып отыр. Оның бірі – IT саласында мамандарды даярлау. Қазақстан үкіметі бұл жұмысты бас­тап та кетті. Екінші мәселе – заңдық, құқықтық тұрғыдан дайын кәсіби мамандарды қайта бейімдеуге көңіл бөлу керек.

Міне, еліміздегі үлкен бір кемшілік – бүгінде заң саласында жүрген азаматтарды қайта бейімдеу мәселесі ешбір құжатта көтерілмеген екен. Ал бұл өте маңызды мәселе! Өйткені қанша жерден ІТ-мамандарды әзірлегенмен, оларды заңгер ретінде, құқық қорғаушы ретінде даярлау көп уақыт алады.

«Мен Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялар универси­теті­нің құрылтайшысы Ақсерік Әйті­мовке болашақ мамандыққа, маман даярлауға байланысты ұсыныс да­йындап жатырмын. Мысалы, 1990-жыл­дардың басындағы Ақсерік Сарыұлының үлкен ерлігін айтайын. Ол кісі республикада алғашқы болып, Орал қаласында халықтың компьютерлік сауатын ашатын орталық ашты. Бұл істі ол мемлекеттен бір тиын алмай, Германиядан инвестиция тарта отырып жасады. Сөйтіп, адамдар компьютерді игеруді аймақтан бастады. Қазір елімізде компьютер білмейтін адам жоқ деуге болады. Міне, осындай жұмыс қазір де жүруі керек. Бұл іске үлкен құлшыныспен, барлық жерде кірісу керек. Бұл тек астанада, Бағдат Мусин басқаратын министрлік айналысатын шаруа емес. Және мемлекет осы іске тиісті жағдай жасап, әкімдіктерге тапсырма беріп, киберқылмыстар мен киберқұқық бұзушылықтармен күре­сетін мамандарды қайта бейімдеу, жаңа­дан даярлау арқылы жан-жақты дайындау процесіне жедел кірісуі керек», дейді Абзал Құспан.

Шешімін күткен тағы бір мәселе – қолданыстағы қылмыстық процестік заңнамаларға тиісті өзгертулер мен толық­тырулар енгізу, қылмыстық про­цесті тергеу сатысынан бастап, толық­тай цифрландыру жұмыстарын жолға қою. Бұл жұмыс тек киберқылмыстарға қатысты емес, жалпы істерді қамтуға тиіс. Бұл – бүгінгі күннің талабы! Қыл­мыстық іс бойынша арыз тіркелген сәті­нен тергеушінің (анықтаушының) ол арыз бойынша қабылдайтын барлық про­цестік шешімі (істі тоқтату, сарап­тама тағайындау, тараптардың өтініш­тері бойынша шешімдер қабылдау т.б.) то­лығымен цифрланған күйде адвокат­тар мен басқа да іске қатысушыларға онлайн режімде қолжетімді болуға тиіс. Ал қылмыстық істің тергелуі аяқталған соң, барлық материалдың қолжетімділігі қамтамасыз етілуге тиіс.

Бұған бірінші кезекте адвокаттар мүдделі. Себебі тәжірибеде тергеу органдары шешім қабылдау процесінің жабықтығын пайдаланып, көп құжатты кейінгі датамен қабылдауы, адвокатқа қабылданған шешім туралы уақтылы хабарламауы, тіпті мүлдем хабарламай қоюы сияқты жағдай жиі кездеседі. Ол үшін ешбір тергеушіге не прокуратура тарапынан, не тергеу соттары тарапынан шара қолданылмайды. Мысалы, қолданыстағы Қылмыстық процессуалдық кодекс бойынша адвокатты және оның қорғауындағы адамды сараптама тағайындау туралы қаулымен материал сараптамаға кетпей тұрып таныстыру міндеттелген. Алайда тәжірибеде ол заң талабы сақталмайды. Бірақ осы заң бұзушылық тергеушінің әрекетін заңсыз деп танып, қабылдан­ған шешімді бұзуға негіз болып табылмайды. Ал адвокаттың қорғауындағы адамның құқығы сөзсіз аяққа тапталады. Егер цифрланған құжаттар базаға уақтылы енгізіліп отырса, адвокаттар тергеушінің артынан «жүгіріп» жүре­тін, не онымен «жақсы қарым-қаты­нас орнатуға» деген тәуелділіктен арыл­ған болар еді. Ол бірінші кезекте қыл­мыс­тық істің орбитасына тартылған азамат­тардың құқықтарын қорғауға қосымша негіз болған болар еді.

Ерте ме, кеш пе, елімізде қылмыс­тық іс процесін толық цифрландыру мәселесін шешуге тура келері анық. Әрине, оның біраз алғышарты бар. Ол үшін арнайы мобильді қосымшалар қолжетімді болуы, интернет пен байланыс сапасы, электронды формат­та қызмет көрсету ісі жолға қойылуы, мамандардың дайындығы керек. Үкімет тарапынан цифрландырудың техникалық мәселелері біртіндеп шешіліп келеді. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстанның барлық елді мекені интернетпен толық қамтылатынына уәдесін беріп отыр. Ендеше, киберқылмыс та кең-байтақ Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарауы мүмкін. Заңгерлер бұл жағдайға дайын болуға тиіс.

 

Батыс Қазақстан облысы