Осы уақытқа дейін Папуа-Жаңа Гвинеяда сайлау халық пен билік арасындағы түсініспеушілік салдарынан орын алатын зорлық-зомбылықпен өткен. Әсіресе 2017 жылы соңғы ұлттық сайлау күні болған атыс кезінде 200-ден астам адам қаза тауып, бүлікшілер үкімет қызметкерлері дауыстарды бұрмалады деп дау шығарған болатын. Католиктік кәсіпқойлар қоғамының президенті, сарапшы Пол Харрикнен биылғы сайлауда 2017 жылдағы сайлаудан да зор зорлық-зомбылық болуы мүмкін деген қауіп барын айтады. «2012 жылдан бері сайлаушылар тізімін жаңартуға қатысты мәселелер шиеленісті күшейтеді. Бұл тізім жаңартылған жоқ, ол 2017 жылғы сайлауда да қолданылды, содан бері сайлау комиссиясы ештеңе істемеді. Көптеген жастар осы сайлауда дауыс беруден бас тартуы мүмкін», деді Харрикнен. Сонымен қатар экономика пәнінің мұғалімі Мачолопа ЛаВэйл 2007, 2012 және 2017 жылдардан бері сайлауға байланысты зорлық-зомбылық пен өлім-жітім көп тіркелгенін айтады. «2017 жылы 204 өлім тіркелді, бұл өзге сайлаулармен салыстырғанда ең жоғары көрсеткіш. Қазіргі уақытта да сайлау процесі өзгере қойған жоқ, осыны ескеріп 2017 жылдағы зорлық-зомбылық деңгейінен де жоғары болатынын күтуге болады», деді ЛаВэйл.
Сарапшылар айтқандай, елде келеңсіз оқиғалар басталып та кеткен. Дауыс беруге дайындық кезінде жергілікті БАҚ мамырда және үгіт-насихат кезеңінде сайлауға байланысты 28 адам қаза болып, бірнешеуінің жарақат алғанын, ықтимал кандидаттың өміріне қастандық жасалғанын, сайлау комиссиясының мүшесін атып кеткенін және бес көліктің өртенгенін хабарлады.
Осыдан соң биылғы сайлауды Аустралия мен Қытай мұқият бақылап отыр, Қытай Сыртқы істер министрі Ван И маусымның басында елге экономикалық және қауіпсіздік келісімін сақтау ниетімен ат басын тіреген еді. «Ал аустралиялық әскерилер елдегі ұлттық сайлауды ұйымдастыруға көмектесу үшін Папуа-Жаңа Гвинеяға келді», деп жазды Канберра Таймс. Аустралиялық әуе күштерінің контингенті жергілікті билік органдарына жіберілу жоспарлануда, сонымен қатар олар логистика және әуе көлігін қамтамасыз етеді. Операцияға жауапты генерал-майор Скотт Уинтер аустралиялық ұшақтар сайлау және дауыстарды санау кезінде сайлау материалдары мен қызметкерлерді тасымалдайтынын айтты.
«Папуа-Жаңа Гвинеядағы сайлау кезіндегі үгіт-насихат жұмыстары өте қымбат, науқанды қаржыландыруға миллиондаған кин жұмсалады», дейді қаржыгерлер. Мәселен Papua New Guinea Today жергілікті ақпарат құралы осыған дейін ел премьер-министрі Джеймс Марапе 2022 жылдағы сайлауға жалпы 400 миллион кин бөлінеді деп хабарлағанын айтады. Сайлау комиссары Саймон Синай да сайлауға дайындық туралы берген брифингінде Папуа-Жаңа Гвинеяның премьер-министрі мен оның үкіметі 2022 жылғы жалпы сайлауды өткізу үшін PNG сайлау комиссиясына (PNGEC) толық қаржылық қолдау көрсететінін айтты. «Сайлау комиссиясына жұмсалатын 400 миллион кинді біз 2022 жылдың бюджетінен бөлеміз», деді ол. Сондай-ақ Саймон Синай 2017 жылы сайлау науқанына 399 миллион кин бөлінгенін, ал сайлаудың өзіне 278 млн кин, қауіпсіздікке 121 миллион кин жұмсалғанын еске салды. Ал 2012 жылы сайлауға 235 млн кин жұмсалған. Сарапшылар бұл қаржыны бұл далаға кеткен шығын деп санайды. «Қазіргі уақытта кейбір кандидаттар жаппай жарнамаға ғана емес, сонымен қатар мерекелерді ұйымдастыруға және көп жағдайда сайлаушыларды ақшамен және басқа да сыйақылармен сатып алудың амалын жасады, бұл заңсыз», дейді Харрикнен. Сонымен қатар ол «негізі көптеген сайлаушылар депутаттың Парламенттегі өкілінен ұсынылған заңдарды зерттеп, үкімет жұмысын бақылай отырып, оның орнына тауарларды, жұмыс орындарын, жерлеу рәсімдерін төлеуді және колледжде оқу ақысын төлеуді күтеді», деп халықтың үнін жеткізді.