Басқосуда алғашқы болып сөз алған университет ректоры Ерлан Сыдықов заман ағымына сай тіл үнемі дамитынын атап өтті. «Тіл – тірі организм, оны дамыту керек. Қазақ тілі – әлемдегі ең бай тілдердің бірі. Тілдің дамуымен тарихи өзіндік сана мен рухани ой да алға басады. Уақыт өте келе қазақ тілі әлем тілдерінің біріне айналады деп үміттенемін», деді академик.
Ал профессор Шерубай Құрманбайұлының пікірінше, қазақ тілінің лексикалық қорында 361 мың термин қолданылады. Ол терминологиялық қордың лексикалық қордан екі есе көп екеніне назар аударды. «Ғалымдардың айтуынша, біздің тілімізге енгізілген жаңа сөздердің 82 пайызын терминдер құрайды», деді белгілі ғалым. Осы ретте профессор Анар Салқынбай сөзжасам ғылымын зерттеу қажеттігін айта келіп: «Қазақ тілін дамыту үшін сөзжасам ғылымын зерттеу керек. Бұл саланы кеңес кезеңінде зерттеуге рұқсат етілмеді. Егер түркі халықтары сөзжасам ғылымын зерттеуді 40-50-жылдары бастаған болса, біздің ғалымдар олардан 40 жылға артта қалды», деді.
Жиын барысында З.Базарбаева, Е.Қажыбек, К.Құрманәлиев, Ж.Балтабаева, Б.Қасым, Б.Момынова, Ж.Сүлейменова, Т.Ермекова, Қ.Есенова секілді елімізге танымал ғалымдар тіл білімінің қазіргі жағдайы мен қазақ тіліндегі сөзжасам туралы зерттеулердің бағыттарына тереңірек тоқталып, байыпты баяндама жасады. Сонымен қатар ғылыми іс-шара аясында «Тіл ғылымы зерттеулерін үйлестіру орталығы» атты қоғамдық ұйым құрылды. Ұйымның негізгі мақсаты – лингвистика мен филология саласы бойынша еліміздегі докторлық диссертациялық кеңестерге ұсынылатын жұмыстардың қайталанбауын, сала бойынша басым бағыттарды зерттеп, диссертациялық тақырыптар таңдауды үйлестіруді көздейді. Бұл жұмыстар академик Шора Сарыбаевтың концепциясын негізге алып жасалады.
Сондай-ақ конференцияда Ұлттық ғылым академиясының академигі Кәрімбек Құрманәлиевтің «Қазақ тіліндегі сөзжасамдық ұя: теория және практика» кітабы таныстырылды. Бұл ғылыми еңбекте тіліміздегі түрлі сөзжасам тәсілдері арқылы жасалған сөздердің бәрі туынды сөздерге жататындығы айтылып, туынды сөз терминінің мәні ашылған.
Жиын соңында университет ректоры, ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов мерейтой иесіне Ұлттық ғылым академиясының «Құрмет грамотасы» мен аталған оқу орнының «Күлтегін» медалін тапсырды.