21 Мамыр, 2010

НЕМІС СТАНДАРТТАРЫНА ЖАҚЫНДАЙМЫЗ ДЕСЕК

1203 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Соңғы онжылдықта дамыған экономикасы бар елдердің ұлттық өндіріс саясатындағы басым­дық­тардың өзгергендігі байқалады. Бүгінгі таңда тек жалпы өндірістік қана емес, бәсекелікке қабілетті өндіріс саясаты туралы көп ай­ты­лады. Еуропаның көптеген елдері және АҚШ өндірісті тікелей және жанама мемлекеттік реттеу тетіктері арқылы жүргізуде. Батыс Еуропа елдерінің (Гер­ма­ния, Франция, Ұлыбритания) өндірістік саясат саласындағы мақ­саттары ұқсас және оны іске асырудың ортақ тетіктері қалып­тасқан. Оған елеулі әсерін тигізген осы елдердің ортақ тарихы ғана емес. Бір жағынан, олардың ішкі нарығы біршама шектеулі, соған орай осы елдердің табиғи бай­лықтары бір-бірін өзара то­лық­тырады, ал бұл ұлттық эко­но­ми­калардың бір-біріне тәуелділігіне сеп болады. Екінші жағынан, әр үкімет алдымен өз елінің эко­но­ми­касын дамыту мен халқының әлеу­меттік жағдайын жақсартуды көздейтіні белгілі. Сол себепті әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысынан шығу мақсатында әр ел Еуропаға ортақ шаралармен қатар өз елдері ішінде де арнайы қадамдар жасады. Германия бірінші кезеңнің өзінде-ақ 500 млрд. еуролық конъюнктураны дамыту бағдарламасын дайындап, барлығы осы шараға 600 млдр. еуро көлемінде қаржы бөлді. Сонымен қатар жеке банктер мен ірі кәсіп­орындар да өздерінің қосымша үлесін қосты. Үшінші жағынан, осы шаралардың бір-біріне қайшы келмеуі үшін Лондонда өткен 20 ел саммитінде Канцлер Ангела Меркель протекцияға жол бермеу және әділ бәсекелестікті қамта­ма­сыз ету мақсатында арнайы ұйым құру жөніндегі ұсынысын білдірді. Германияның Президенті Х.Келер де өз кезегінде банктер мен қаржы институттарын “ба­қылаусыз кеткен құбыжық” деп бағалап, алдағы уақытта оларға мемлекет тарапынан қатал бақылау қажеттігін айтқан болатын. Демек, елдегі жағдайды оңал­туға бағытталған шаралар бірдей екі бағытта жүргізіледі. Қаржы ұйым­дарының жұмысына, әсіресе қаржыларын салықтан жасырып, шетелде орналастырған кәсіп­ор­ындарды қатал бақылау мен экономиканың дамуына мемле­кет­тік қолдауды нақты іске асыру. Осы ретте мемлекет пен бизнестің тығыз байланысы орнатылып, өзара мүдделілігі мен өзекті мә­селелерді табу және шешу мақ­са­тын­да пәрменді үнқатысу жүр­гізілуде. Германияның өндірістік сая­сатының басымдықтары – өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, оның ішінде, әсіресе ғылым мен жаңа технологияларды кеңінен пайдаланатын секторларды дамыту, экономиканың құры­лым­дық және инфрақұрылымдық тараптарын жетілдіру. Мемлекеттік реттеудің тікелей және жанама тәсілдері тиімді түрде ұштас­ты­рылып, саясат ең алдымен өндіріс дамуының басты алғышарты болып та­былатын ұлттық энегетиканы дамытуға бағытталған. Бүкіл ел сегіз энергетикалық аймаққа бө­лінген, әрқайсысында өз аймақтық орталығы бар. Олардың ара­сын­дағы электр энергиясын өндіру және жеткізу бойынша бәсе­келестік мем­лекет тарапынан ба­қыланып отырады. Жыл сайын ірі-ірі энергия пайдаланушы субъек­тілер және әр жарты жыл сайын қоғамдық тұлғалар мен билік органдары компанияның тиімділігі мен тариф жүйесінің жағдайға сәйкестігін ашық түрде зерттеп, көрсетеді. Көмір өндіру секторын қолдау өндірістік-энергетикалық саясаттың басты құрамдас бөліктерінің бір саласы болып табылады. Мем­ле­кеттік қолдау тетіктеріне шах­тер­лердің тапшылық жағдайындағы зейнетақы қорына қосымша қаржылай қолдау көрсету, көмір өндіруге жартылай субсидия бөлу (электр тарифіне арнайы қосымша ақша бөлуге рұқсат берілген) және неміс металлургиясының қажет­тілігіне бөлінетін кокстік көмірді өндіру және байыту саласына мемлекет тарапынан адресті қаржы бөлуді қамтиды. Германия табысының басты құпиясы – экономикалық құры­лым­ның өзара сәйкестігі және эко­номикадағы өндірістің басты рөлі. Елде автомәшине мен өндірістік мәшинелер жасау, дәрі-дәрмек, химия өндірісі өте мықты дамыған. Осы салада әлемдегі көшбасшы болып есептелетін Германия тұ­ғыр­дан түспес үшін алдыңғы қатарлы ғылыми жетістіктер мен қоршаған ортаны қорғауға негіз­делген тех­нологияларды пайдалану негізінде мәшинелердің жаңа буынын шығаруды қолға алып, аталған салаларға ерекше қолдау көрсетуде. Сонымен қатар, Германияда шағын, орта және ірі бизнестің экономикадағы арақатынасы жақсы үйлестірілген. Елде ІЖӨ-нің 80 пайызға жуығы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесімен қамтамасыз етіледі. Дәл осындай үлестік көрсеткіш мемлекеттік кірістерді қалыптастыру барысында да байқалады. Дағдарыс кезеңінде шағын және орта кәсіпорындар өздерінің өзгерістерге бейімділігі және басқаруға жеңілдігі арқасында ел экономикасының қайтадан дамуына үлкен үлесін қосып отыр. Тағы бір маңызды қағида – экономикалық еркіндік пен бизнесті басқарудың түсінікті ресімдері және мемлекеттің түрлі инновациялар мен елдегі инно­вациялық нарықты қалыптастыруға қолдауы. Экономикалық қолдау жүйесі Еуропа одағы, Федералдық үкімет және жеке федералдық жерлер деңгейінде іске асырылады. Олардың әрқайсысы ел мен жер ерекшелігін ескере отырып, аталған үш қордан кәсіпорындарға нақты колдау көрсете алады. Болашағы мол салалардың бірі – баламалы энегетика рыногы, атап айтқанда, жел, жер асты жылуы мен күн сәулесінің қуаты, бұл салада да Германия қазір әлемдегі көшбасшы болып есеп­теледі. Бұл – Германияның елдегі инновацияны қолдау, инно­ва­ция­лық бизнеске тиімді шарттар мен жеңілдіктер жасауының нәтижесі. Қызығушылық туғызуы мүмкін тағы бір мәселе – жер телімдерін алу және реттеу құқығы. Себебі Германия біріккеннен кейін кейбір жер телімдеріне бір мезгілде бірнеше тұлға ие екендігі үлкен проблема туғызды. Бұл таластар ұзаққа созылуы мүмкін еді. Сол себепті Германия “Инвестициялар басымдылығы туралы” қаулы шығарды. Құжаттың басты маз­мұны – егер инвестиция туралы нақты келісім болса, үкімет жер телімін иелену құқығын инвесторға береді. Ал жер туралы қалған та­ластарды шешу инвестиция аяқ­тал­ған мерзімге дейін қал­ды­ры­лады, бірақ кейін де осы мәселе мем­ле­кеттің тікелей қатысуымен шеші­леді. Инфрақұрылымдарды дамыту мен бизнестің сыртқы рыноктарға шығуы үшін жасалған тиімді бағдарламалар Германия эконо­ми­ка­сының жаңаруына тиімді үлесін қосуда. Жаңаша даму барысында Германияда кадрлар дайындау мәселесіне ерекше көңіл бөлінуінің өзіндік себептері бар. Елде, бір жағынан, жұмыссыздықтың бол­ғаны, екінші жағынан, жоғары білікті мамандардың жетіспеушілігі мен кері демографиялық ахуал үлкен алаңдаушылық туғызуда. Ал Германиядағы кәсіпорындардың басшылары – не қаржы қыз­мет­керлері, не менеджерлер емес, бұ­йым­дарды шығару үдерісін жақсы игерген инженерлер. Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс кезінің өзінде де Германия кә­сіп­орындардағы мамандарды қысқарту емес, біліктілікті көтеру немесе озық технологияны талап ететін басқа мамандықты игеруге аса маңыз беріп, осы бағытта қызмет көрсеткен кәсіпорындарға арнайы қаржылық көмек көрсетті. Жас­тарға арнап оқу-үйрету орындарын ашқан кәсіпорындарға да мем­лекеттік қолдау көрсетіледі. Осы ретте Германияда іргелі ғылым мен қолданбалы ғылым және өндірістің тығыз байланысы орныққанына тоқтала кету орынды. Германияның Еуропа одағының қалыптасуына бастамашы болып, аяғына нық тұруына өзінің экономикалық қуатымен барынша күш салып отырғаны белгілі. Әлемде экспортқа тауар шығару бойынша 1-ші, ал импорт бойынша 2-ші орынды иеленген Герма­нияның ІЖӨ-сі 3, 35 триллион АҚШ долларын құрайды. Әлемдік қаржы-экономикалық дағда­ры­сының салдарынан ел эконо­ми­касы былтырғы жылы 4,8 пайызға төмендеді. Соған қарамастан, еуропалық ортақ валюта – еуроны құлдыраудан және одақтас елдердің дағдарысқа төтеп беру қабілетін сақтап қалу үшін Германия оларға барынша қолдау көрсетуде. Мысал үшін айта кетейін, қаржы-эконо­микалық күйзеліске ұшыраған Грекияны мемлекеттік банкроттан аман алып қалу үшін ЕО 110 миллиард еуро қаржы жоспарласа, оның 22.4 миллиардын Германия бөледі. Ал болашақта осындай мүмкін проблемалардың алдын алу үшін құрылар ЕО-ның 750 миллиардтық тұрақтандыру ре­зервтік қорының 147 миллиарды неміс үкіметінің есебінен бол­мақшы. Федералдық үкімет шетке кетер осыншама мол қаржының неміс салық төлеушілерінің әлеуметтік ахуалына зияны тимейді деп есептейді. Осыдан-ақ елдің бүкіл қаржы-экономикалық қуатын байқауға болады. Еуропа одағы елдері, оның ішінде Германия, Орталық Азия мемлекеттерімен және Қазақ­станмен ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға ерекше көңіл бөліп, 2007 жылғы маусым айында, Германияның төрағалық ету кезінде Орталық Азиямен жаңа серіктестік стратегиясын қабыл­дағаны белгілі. Еуропа одағының экономикалық және саяси ықпал­дастық, институттық даму, қоғамды демократияландыру, сондай-ақ шағын және орта кәсіп­керлікті дамыту, жұмыссыздық пен инфляцияны жүгендеу бары­сындағы тәжірибелері мұқият зерттеуге тұрады. Еуропа одағы – Қазақстанның ірі инвестициялық әріптесі, Қазақстан экономикасына са­лынған шетелдік капиталдың үштен бір бөлігін Еуропа одағының инвестициялары құрайды. Соңғы бес жылдағы көрсеткіштер бойынша Қазақстанның шетелдік сауда әріптестерінің арасында ЕО бірінші орынды сақтап, дүние­жү­зілік қаржы-экономикалық дағ­дарыстың салдарына қарамастан, тек өткен жылдың өзінде сауда айналымы 30 млрд. доллардан асқандығын атап өту қажет. Қазақстан өз тарапынан 2008 жылы “Еуропаға жол” атты бағдарлама қабылдап, Еуропа одағымен ынтымақтастықты кеңейту мен тереңдету үшін нақты қадамдар жасады. Биылғы жылы Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы аясында белгіленген Үдемелі индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру ЕО-мен, оның ішінде Германиямен ынтымақтастықты жаңа сапалы деңгейге көтеруді талап етеді. Әсіресе, жаңа инно­вациялық технологияларды тарту, “жасыл” энергетика қолданысын ұлғайту, қоршаған ортаны қорғау үдерісінің заманауи тетіктерін енгізу, банк-қаржы жүйесі сек­торын қадағалау мен дамыту, озық басқарушылық әдістемелер, алдыңғы қатарлы көлік-ло­гис­тикалық шешімдер, сапа менед­жменті, шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау, сондай-ақ отандық кәсіпорындар өнімдерінде “қазақстандық үлесті” арттыру барысында Германиядан көп нәрселерді үйренуге болады және қажет те. Мұнай-химия өндірісі, ауыл шаруашылығы және өнімдерді қайта өңдеу салаларында неміс тарапының жетістіктерін пайдалану барысында республикамызда өндірілетін шикізатты неміс технологияларына алмастыру схемасын толығымен қолдануға болар еді. Ынтымақтастық ай­мақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, экспортты әртараптандыруға үлесін қосады, мемлекеттік басқару тетіктерін жаңартып, инвестиция мен озық технологияларды тартуға септігін тигізеді. Саяси тұрғыдан алғанда негізгі өзекті халықаралық мәселелер бойынша Қазақстан мен Гер­манияның ұстанымдары ұқсас. Германия Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа деген ұмтылысын алғашқылардың бірі болып қолдап, дайындық барысында нақты көмек көрсетті. Ресми Берлин Астананың төрағалық барысындағы алғашқы қадамдарын табысты деп бағалайды және Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баевтың ЕҚЫҰ саммитін өткізу туралы бастамасы осы Ұйымның дамуына жаңа серпін береді деген сенімде. Дәстүрлі достыққа негізделген Қазақстан мен Германия ара­сындағы екіжақты қатынастардың қисынды жалғасы болған өткен жылы Германиядағы Қазақстан жылы үлкен табыспен өтсе, биылғы жылы неміс тарапы елімізде “Германия Қазақстанда-2010” атты кең көлемді бағдар­ла­масын іске асыруда. Екі ел президенттері Н.Назарбаев пен Х.Келер өмірге жолдама берген осы бастамалар Қазақстан мен Гер­мания арасындағы саяси, эко­номикалық және мәдени ын­тымақтастықты тереңдете түсіп, адам­дар арасындағы жеке бай­ланыстарды нығайтуға және жаңа достар табуға бағытталған. Сайып келгенде, Еуроодақтың күретамыры болып табылатын Германиямен сауда-экономикалық ынтымақ­тастықты дамыту екі жаққа бірдей пайдалы және еліміздің әлемдегі бәсекелестікке ең қабілетті 50 ел қатарына енуінде атқаратын рөлі зор. Қазақстан мен Германия арасында былтырдың өзінде 35 жаңа экономикалық және инвес­тициялық келісім-шарттарға қол қойылған болатын, биылғы жылдың да берері мол деген сенім бар. Себебі Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен ГФР Канцлері А.Меркель Қазақстан мен Гер­мания сауда-экономикалық мүм­кін­діктерінің мол болашағын ескере отырып, екіжақты ын­тымақтастықты жаңа белестерге кө­теруді мақсат етіп отыр. Осы кең көлемді келісімдерді орындау және ынтымақтастықты тереңдету барысында Қазақстанның неміс стандарттарына барынша жақындау мүмкіндігі мол. Нұрлан ОНЖАНОВ, Қазақстан Республикасының Герман Федеративтік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі.