Теннис • 04 Шілде, 2022

Уимблдон турнирі: Елена Рыбакина алғаш рет ширек финалға шықты

112 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина алғаш рет Уимблдон турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Уимблдон турнирі: Елена Рыбакина алғаш рет ширек финалға шықты

Ұлыбритания ашық чемпионатының 17-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина төртінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 80-орында тұрған хорватиялық Петра Мартичпен шеберлік байқасты.

Бірінші партия барысында П.Мартич алға кеткенімен, Елена есесін жібермеді. Есеп 5:5 болған мезетте өз геймін алып, сетті брейкпен тәмамдады – 7:5.

Екінші партияда Е.Рыбакина сол қарқынын бәсеңдеткен жоқ – 6:3.

1 сағат 22 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық спортшы 6 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың 4-еуін пайдалана білді.

Е.Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 37-ракеткасы, франциялық Ализе Корне немесе рейтингте 44-сатыда тұрған аустралиялық Айла Томляновичтің біреуімен таласады. А.Корне мұның алдында осыған дейін 37 матч бойы жеңілмеген әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Свентекті ұтып кеткен болатын – 6:4, 6:2.