Қоғам • 05 Шілде, 2022

5 адам суға кетті

536 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маусым айының 22-сі күні Шалқар көлінде үрлемелі төсекпен суға түсіп жүрген 9 жасар баланы толқын жағадан алыс айдап әкеткен. Құтқарушылар 5 қайықпен, сүңгуір топтарымен жабыла іздеді, келесі күні іздеу жұмысына тікұшақ қосылды. Алайда үш күннен соң байғұс баланың өлі денесі табылды...

5 адам суға кетті

«От пен су – тілсіз жау», деп ескертеді Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдай департаменті. Жыл басынан бері облыс аумағында 5 адам суға кетіпті. Былтыр осы уақыт ішінде суға кеткен адам саны 12 болған екен. Көрсеткіш азай­ғанымен, өзен-көлдегі оқыс оқиға­лардың алдын алу мүмкін болмай тұр. «Шығасыға иесі басшы» дегендей, көп жағдайда адамдардың бейқамдығы, қарапайым сақтық ережелерін сақтамауы орны толмас өкінішке соқтыруда.

Батыс Қазақстан облысының аумағында 200-ге жуық өзен, 144 көл бар, жаздың ыстық күндері халық демалу және қыдыру үшін су жағалап кетеді. Ал бүкіл облыста арнайы жабдықталған 19 ғана жағажай бар екен. Бұл жерлерде төтенше жағдай департаментінің құтқарушы жасақтары – 46 адам қауіпсіздікті қадағалайды. Одан бөлек, халық көп жиналатын жағажайларда полиция, көліктік бақылау инспекциясы, жергілікті атқарушы орган өкілдері және еріктілер бірлесіп, күн сайын рейдтік іс-шаралар өткізеді. Бірақ суға шомылатын әр адамға бақылау орнату мүмкін емес.

– 2021 жылмен салыстырғанда биыл арнайы жабдықталған жағажай саны көбейді. Қазір облыс аумағында 3 коммуналдық, 16 жеке жағажай халыққа қызмет көрсетуде. Атап айтсақ, биыл Орал қаласында, Бөрлі мен Жәнібек аудандарында бір-бірден коммуналдық жағажай жаңадан ашылса, Бәйтерек ауданында – 8, Орал қаласында – 7, Тасқала ауданында 1 жекеменшік жағажай ашылған, – дейді Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Бәкизат Мағзенова.

Шомылу кезеңінде төтенше жағдай­ларға ден қою үшін облыста 72 құтқарушы, 21 жүзу құралы, 1 катер және патрульдеу үшін 15 автомобиль дайындалған.

Қазір жаз кезі, барлық жерде оқушы­лардың жазғы демалыс лагерьлері өтіп жатыр. Осы кезеңде облыс бойынша 29 модульдік-қаңқалы бассейн ашылған. Олардың көбі балалар лагерьлерінде және аудан орталықтарында орнатылған.

Бүгінде төтеншеліктер суда болатын оқыс оқиғалардан сақтандыру үшін оқу­шы­лар арасында профилактикалық іс-шараларды жүйелі ұйымдастырып отыр. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасымен арадағы меморандумға сәйкес жыл басынан бері 673 бала жүзуге үйренген. Ал 1-28 маусым аралығында департамент өкілдері 122 рейдтік іс-шара өткізіп, халыққа 2 200 жадынама таратқан.

 

Батыс Қазақстан облысы