Қазақстан • 05 Шілде, 2022

Жасыл металлургия қазір де бар

260 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда ел астанасында Astana Mining & Metallurgy – АММ-2022 Халықаралық тау-кен металлургия конгресі өтті. Конгресс алаңында Қазақстан мен жақын және алыс шетелдердің ұлттық және халықаралық компанияларының, инвестициялық қорлардың өкілдері мен сарапшылары, салалық министрліктер мен ұйымдардың басшылары жиналды.

Жасыл металлургия қазір де бар

АММ алаңында биыл да қызық­ты тақырыптар қозғалды, Жаңа Қазақ­стан­ның алдында тұрған өзекті, басым міндеттер мен мәселелер көтеріл­ді. Солардың бірі Kazakh invest компания­сының Investment Task Force бөлігі ұйымдастырған «Жасыл металлургия – қазірде де бар» тақырыбындағы интерактивті панельдік сессиясы.

Сессияны жүргізген Task Force жо­ба­ларының жетекшісі Бауыржан Айт­құлов экологиялық таза, қалдығы аз, қалдықсыз табиғи шикізатты өңдеу және өңдеу технологияларын енгізе отырып, металлургиялық жобаларға аса зор инвестицияларды талап ететін әлемдегі экологиялық жағдай тақырыптарын қозғады.

ESG сарапшысы Игорь Коро­тец­­кий жасыл металлургияға көшу стра­тегиясындағы жаһандық мақсат­тар мен негізгі бағыттар туралы айтып берді. Ж.Әбішев атындағы химия-­металлургия институтының дирек­торы Сайлаубай Байсанов күлі жоғары көмірді пайдалана отырып кешенді қорытпалар алу тәжірибесімен бө­ліс­ті. Urumqi Zhonghaduo Metal ком­паниясының құрылтайшысы Гун Чжиюн металлургиядағы экология­лық-экономикалық пробле­малар­дың шешім­дері туралы сөз қозғады. Атап айтқанда, Шымкент және Тараз қалаларындағы қорғасын өндірі­сінің қалдықтарын қайта өңдеу тәжірибесімен бөлісті.

Task Force жобаларының жетек­шісі Асхат Бекенов болашақта ме­тал­лургия­да қолданылатын «жасыл» сутегі өн­дірісі бойынша инвес­ти­циялық жобаларды дамыту перспек­тиваларына егжей-тегжейлі тоқталды.

Kazakh invest инвестициялар тарту жөніндегі ұлттық оператор ретінде өз қызметі шеңберінде өнеркәсіпті тұрақты дамыту саласында жаңа технологияларды енгізуге ықпал етеді.