21 Мамыр, 2010

АКАДЕМИЯНЫҢ АҚТӨБЕДЕГІ ТҰСАУКЕСЕРІ

442 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Облыс әкімдігінде Президент жанындағы Мемлекеттік  бас­қа­ру академиясының  көшпелі та­ныс­тырылымы болып өтті. Оған мем­лекеттік қызметшілер, аудандар әкімдерінің аппарат жетекшілері қатысты. Академия және оның құрылымдары туралы бейнефильм көрсетілді. Содан кейін  Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы саяси-қоғамдық процестер мен технологиялар кафедрасының мең­герушісі, философия ғылым­да­рының докторы, профессор Марат Биекенов  жоғарғы оқу орны және қандай маман­дық­тарға даярлайтыны, оқыту са­пасы, кімдер сабақ беретіні жа­йын­да әңгімеледі . Оның айтуынша,  Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мемлекеттік қызметшілерді, атап айтқанда, дипломатиялық қызмет пен сот жүйесі үшін мамандар даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру бағдарламаларын іске асыратын негізгі ғылыми, әдістемелік және білім беру орталығы болып табылады. Мұнда  дәріс оқитын 69 оқытушының 28-і ғылым докторы, 39-ы ғылым кандидаты екен. Академия құрылғаннан бері 400-ден астам әкімшілік және саяси мемлекеттік қызметшілерді даярлапты. Қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарынан  14000-ға жуық адам өткен. Академия түлектерінің 10 пайызы министрліктерге, 40 пайызы Жоғарғы Сот жүйесіне жұмысқа орналасса, 27 пайызының қызметтік лауазымы өскен, 100-ден астамы “Болашақ” бағдарламасы бойынша оқуға түскен.  Президент Әкімшілігінде, Үкіметте, орталық және жергілікті мемлекеттік  басқару органдарында жұмыс істейді, олардың ішінде  министрлер, вице-министрлер,  мемлекеттік ведомстволар басшылары бар. Магистратура  мен аспирантура бағдарламалары бойынша оқуды аяқтағандар мемлекеттік тапсырыс негізінде мемлекеттік лауазымға конкурстан тыс орналасуына құқығы бар екен. Таныстырылым кезінде Марат Биекенов оқуға мүдделі мемлекеттік қызметшілерге академияның материалдық-техникалық базасымен, білім беру  бағдарламаларымен, қабылдау ережесімен және оқу мерзімдерімен, оқуға түсушілерге қойылатын талаптары жайында, мол ақпарат берді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.