Оқиға • 05 Шілде, 2022

Алакөлдегі өрттен 17 ғимарат жанып кетті – ТЖМ

188 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алакөлдегі өрттен 17 ғимарат жанып кетті – ТЖМ

«Өрттің нақты шығу себебі әлі анықталмаған. Негізгі өрт шыққан ғимарат – «Керуен» демалыс үйі. 4 демалыс орнындағы 17 ғимарат толығымен жанып кетті. Дәл қазіргі уақытта өрт сөндірілген. Демалыс орталықтарында гидрокран орнатылмаған. Су жақын болғандықтан, оған ешқандай қажеттілік туындамады. Судың жетіспеушілігіне байланысты мәселе болған жоқ. Тек материалдар тез тұтанғыш болған соң өрт жедел тарап кетті. 3 мың шаршы метр аумаққа жайылды», деді министрліктің ресми өкілі.

Талғат Уәлидің мәліметінше, негізгі күш келгенге дейін тілсіз жауды демалыс орнында орналасқан уақытша өрт сөндіру бекеттерінің көмегімен ауыздықтауға тырысқан. Ал ең жақын жерде орналасқан негізгі өрт сөндіру бекеті 150 шақырым жердегі аудан орталығында болған. Сондай-ақ, министрлік өкілі «демалушылар өртті толық өздері сөндірді» деген әлеуметтік желіде тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

«Бірінші кезекте біздің уақытша өрт сөндіру бекеттері жұмысқа кірісті. Дегенмен ол жерлерде демалушылар көмектесті. Өздерінің, балаларының қауіпсіздігі үшін қолұшын созды. Бірақ қызыл жалынды толығымен демалушылар ауыздықтады деген шындыққа жанаспайды. Алайда, шет қалмай көмектескен демалушыларға алғыс айтамыз. Полиция оқиға орнына жеткеннен кейін сол жердегі адамдарды қауіпсіз жерге көшірілді. Демалыс орнында қанша турист болғаны әлі анықталып жатыр», деді Талғат Уәли.

Талғат Уәли қазір өңірде арнайы комиссия құрылып, шығын есептеліп, өрттің салдарын жою жұмысы жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, өрт кезінде құжаты мен мүлкі жанып кеткен демалушылар арнайы органдарға арыз жазу арқылы шығынын өндіріп ала алады.