Пікір • 05 Шілде, 2022

Бұл істі де еңсеретінімізге сенімдімін

136 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда халық үніне құлақ асатын мемлекет құрудың маңызды екенін атап көрсетті. Өкінішке қарай, әзірше бұл бағытта нақты жұмыстан гөрі сөз көбірек болып тұр. Былайша таусыла сөйлеуімнің себебі, мені көптен бері тұрмыстық қалдықтар мәселесі мазалап жүр. Мұның ауқымды экологиялық және экономикалық маңызы бар мәселе екені айтпаса да түсінікті.

Бұл істі де еңсеретінімізге сенімдімін

Мысалы, бір тұрғынның бір күнгі қалдығын 50 теңге деп-ақ бағалайық та, осыны еліміздегі барлық тұрғын санына көбейтейік. Нәтижесі 1 миллиард теңгеге жақындап қалады екен. Бұл – әрқайсысы  10 миллион теңге тұратын 100 баспананың құны. Ал біз болсақ, күніне осыншама пайда табудың орнына, қоқысқа белшемізден батып жатырмыз. Бізде Экология министрлігінің бар-жоғы белгісіз. Не істеп, не қойып отырғаны бір Құдайға ғана аян. Егер министрліктер өз бетімен шетелдік озық тәжірибелерді зерттемесе, қолданбаса, ондай қолы қысқа ведомстволардың не керегі бар?

Бүгінде дүние жүзінде тұрмыстық қалдықтарды табысты салаға айналдырудың бір ғана жолы бар екені белгілі. Ол – қалдықтарды үйден сұрыптап шығару. Бұл істе біз де көш соңында қалмауымыз керек қой. Ол үшін Жапония сияқты дамыған елдерден, Еуроодақ елдерінен, тіпті алыстағы Америкадан үлгі алайық. Бастапқыда әрбір қалдық жинайтын орынға бақылаушы қояйық деп айтайын дедім де, бұл райымнан бірден қайттым. Өйткені мұным әр көшенің қиылысына бір-бір полиция қызметкерінен қою керек деген сияқты орынсыз ұсыныс болып шығады екен. Одан да қалдықты қалай бөліп жинау керегі туралы нұсқаулықтар, жөн сілтейтін брошюралар таратылса дұрыс болатын секілді. Құлақ аспайтын қыңырлар мен қырсықтарға ыңғайын тауып айыппұл салатын тетік қарастырылса несі айып?!

Жалпы алғанда, қалдықтарға сұраныс өзімізде де, шетелдерде де жеткілікті. Суға түспей жүзуді үйренбейміз дегендей, баршамыз бір кісідей жұмылып қолға алсақ, әуелде қиын көрінер бұл шаруаны да еңсеретінімізге сенімдімін.

 

С.БАҚТЫҒАЛИЕВ, 

зейнеткер

 

ОРАЛ