Өнер ұлтқа бөлінбейді. Мұны даңқты композитор Александр Градский дүниеден озғанда да жазғанбыз. Енді бозарған түнде боз үміт кешіп, талай балауса таңды қарсы алдырған махаббат ұранына айналған әндердің орындаушысы, балғын дауыс иесі Юрий Шатунов қайтқанда да сөзімізге тұздық қылып алмақшымыз. Ертегіге айналған ескі күндердің терезесіне қонақтаған көгершіндей, қайырылмай кеткен жастық шағыңыздың алақанына қонған ақ ұлпадай, қараша түндерден үзіле хат күткен сағынышыңыздың суретіндей, жалаңаяқ теңіз кешкен уылжыған сәттердің жаңғырығы секілді әсем әндер мезгіл-мезгіл тыңдасаңыз да мезі етпейді. Не құдіреті бар екен, кім білсін бүгінге дейін уақыт түрленсе де өңін бермеуде. Әкелеріміздің әнтек күлкісі, аналарымыздың қиыла қарағаны бәрі сол әуендерде жатқандай. Тек әншінің тарамыс тағдыры ғана көңілге көлеңке түсіреді.
Әншінің өмірбаяны – Модильянидің портретіне ұқсайды. 1985 жылы анасы қапияда дүниеден озған соң, әкесі теріс айналып тірі жетім қалған 11 жасар баланы қаңғып жүрген жерінен құзырлы органдар ұстап алады. Білім саласы басшылары мен құқық қорғау органдары қараусыз қалған қаршадай баланың тағдырын Балалар үйіне тапсырады. Әрі қарай бәрі аңызға жүк болар әңгіме.
Балалар үйінде жас өнерпазды қазақтың қызы бауырына басады. Ол – даладай дарқан пейілді Бәтима Бөлесімқызы болатын. Жетімдіктің азабын тартқан балдырғандар мен жеткіншектердің ақжүрек анасына айналған тәрбиеші баланың талабына таңдай қағады. Балалар үйінің жанындағы хоккей үйірмесіне қатыстырып, көңілін аулайды. Жаңа өмірге қалыптасу оңай емес. Сондықтан баланың ойын тазартып, жүрегіне жылулық құю керек. Бұл құндылықтарды әнші өнерден алады. Бәтима анасы гитараға баулып, әншілік қырын ашады. Белгілі композитор Сергей Кузнецовқа табыстап, композитордың сүйемелдеуімен Юрий ең алғашқы әнін Балалар үйінің өнер залында орындаған екен.
Арада көп ұзамай 1986 жылы 6 желтоқсанда Орынбор №2 мектеп-интернатында музыкалық үйірме жетекшісі Сергей Кузнецов, музыкант Вячеслав Пономарев және солист, интернаттың он үш жасар оқушысы Юрий Шатунов «Ласковый май» тобын құрады. Бірақ бұл топтың даңқы жылдам көкке өрлегенімен, ғұмыры ұзаққа бармады. Бала жұлдыздар жеке-жеке жарқырауды жөн санады. Кеңестік жүйе ыдыраған бетте Шатунов жеке әнші ретінде өнердегі өз жолын дара салуға шешім қабылдайды.
«Бәтима Бөлесімқызы мен үшін орны бөлек адам еді. Ол маған жылулық пен ана махаббатын сыйлаған жан. Арамызда енді жоқ дегенді ойлаудың өзі жанымды ауыртады. Ол өте мейірімді, адал да таза, теңдесі жоқ жан еді. Бәтима Бөлесімқызының жасаған жақсылықтарын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мен үшін орны толмас қаза. Мен Бәтима Бөлесімқызын мәңгі есімде сақтаймын», дейді әнші өз естелігінде. Германияда тұрса да көзі тірісінде тәрбиеленген Орынбордағы Балалар үйіне жиі барып тұрған екен. Ал Бәтима анасы: «Жетімдік ұлт таңдамайды. Өмірде бір рет сатқындық көрген бейкүнә балаларға екінші рет опасыздық жасауға құқымыз жоқ!» дегенде көңіліңіз босап сала береді.
Әншінің «Ақ раушандар» әні өзінің тағдырының тұспалдамасы секілді. Мәтініне қарап отырып, аязда тонған жетім баланың жанайқайын сезінесіз. Әннің авторы Сергей Кузнецов бұл әнді мас күйінде жазғанын мойындайды. «Ласковый май» тобының алғашқы концертінен үйіне қайтып келе жатқанда, оның ойына хордың басты сөзі келеді. «Ақ раушандар, ақ раушандар...». Келесі күні таңертең 15 минут ішінде болашақ хиттің мәтінін жазған. Юрий Шатунов, бұл әнді аталған топтың солисі ретінде 13 жасында орындады. Ғажабы сол, олар әнді қарапайым аудиокассетаға жазған. Оны өздері көшеге шығып таратып, қаланы басына көтереді. Бұл ғажайып әуенді кездейсоқ музыкалық продюсер Андрей Разин естиді. Сөйтіп оларды іздеп тауып, Кеңес өкіметін мойындатуға бет бұрады.
Топтың табысты болуының бірден-бір себебі, бұрын-соңды КСРО-да жасөспірімдердің музыкалық қойылымы болмаған еді. Оның үстіне пионер сөздері мен бос постулаттардан шаршаған жастарға жастықтың алғашқы қателіктері, баянсыз махаббат және аңғалдықпен әрленген кезеңдер туралы әндер ерекше әсер етті.
Жас Шатунов әскерге шақырылмады, өйткені гастрольдік сапарлар оның денсаулығына зиян келтірді. Бұл продюсердің әскери комиссариатқа қызметке қабылданбауы үшін пара бергені туралы аңызды тудырды. Тіпті Юрийді Элвис Преслидің заңсыз ұлы деген қауесет те жоқ емес.
Бұрынғы КСРО аумағында «көк витриналардың мұзы» туралы әндерді естімеген адам жоқ шығар. Егер егде тартқан қалалық автобустың жүргізушісі радиосын бар дауысына қойса, онда қазір «Ақ раушандар» әні орындалады деген сөз. Тіпті ол караокеге бара қалса, алдымен сол әуенді іздейтіні белгілі. Мойындау керек, Кеңес өкіметі тарқап, әр ұлт жеке-жеке отау болып, экономика тұралаған сәтте Юрий Шатуновтың хрусталь дауысы халыққа қуаныш сыйлады.
Терезенің алдында қатып қалған гүлдер туралы композиция топырағынан үзілген, өздерін таба алмаған адамдардың сезімдерін еске түсіреді. Шатунов шырқаған о, неткен нәзік ностальгия дерсіз!