Бүгін Астанадағы Ұлттық кітапханада “Отырар” кітабының тұсаукесер рәсімі өтеді.
Кешегі кеңестік империялық идеологияның қасаң қағидатына сүйенсек, “жаратылғалы аттың жалы, түйенің қомында жүріп, екі-ақ пайызы сауатты болған бұратана” халықтың арасынан әлемді мойындатқан ұлы ойшылдар шығуы, орта ғасырда-ақ өркениет ордасына айналған көрікті қалалар салуы мүмкін емес еді. Қызыл идеологтар мұндай дүмбілез жорамалды патша заманынан мұраға алғандай. Ресей астанасында басылған “Живописная Россия” көптомдығының 1885 жылы жарық көрген Орыс Орталық Азиясының Каспий маңы, Түркістан және Қырғыз даласына арналған 10-томының 138-бетінде “Мұнда бір кездері өз кезеңі үшін үлкен, гүлденген қалалар болған – олардың құландылары сол дәуірдің куәсі. Бұл ғимараттарды қандай халық тұрғызғанын анықтау қиын, дегенмен, бұл осында өткен ғасырда өмір сүрген қарақалпақтардың ісі емес екені белгілі. Осындай құланды-қалдықтарға Арыс өзенінің құйылысындағы Отырар қаласын (Темір осында қайтыс болған) жатқызуға болады”.
Таяуда Астанадағы “Фолиант” баспасы “Менің Отаным – Қазақстан” сериясы бойынша жарыққа шығарған “Отырар” кітабы бір аудан, бір аймақтың ғана емес, өркениетіміздің шежіресі. Кітап авторы – белгілі қаламгер, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының иегері Еркін Қыдыр кітапхана, мешіт, монша, коммуникациясы бар орта ғасырдағы гүлденген қала келбетін, әлемнің екінші ұстазы Әл-Фараби мен оның ізбасарларының отанын, Шыңғысхан шапқыншылығына қарсы жанқиярлықпен күрескен қаһармандық үлгісін, бабтардың бабы, Қожа Ахметтің ұстазы Арыстанбаб дамыл тапқан, әлемді уысында ұстамақ болған Әмір Темірдің ақырғы демі үзілген шаһар шырайын бүгінгі күн биігінен бағамдайды. “Фолиант” баспасы аталмыш серия бойынша бұған дейін “Ұлытау”, “Ойыл”, “Ерейментау”, “Қазығұрт” кітап-альбомдарын оқырман талқысына ұсынған еді.
Отырар – жүрегімнен орын алған киелі ұғым. Осы өлкеде дүниеге келіп, осы жерде өсіп, осы ортада тағылым-тәрбие алғанымды мақтан тұтамын. Арғы тарихына әзірге тереңдемей-ақ, жарық дүниенің қадірін, өзім өмір шеруін бастаған бергі кезеңнің жадымды жаңғыртар сәттерінің өзі неге тұрады?! Әкем Айтмұхамед марқұм (Айтбай) өз кезеңінің діни ілімін терең меңгерген, арғы-бергі тарихтан хабары мол әрі молда, әрі ақын болатын. Өз ортасына үнемі имандылық пен ізгілік шапағатын шашып, ислам ілімінің нұрлы қағидаларын өмірмен байланыстыра насихаттап отыратын. Төңірегінде осы ілімнің қағидат, қасиетін бойларына дарытқан небір кемел қариялар жүретін. Қасиетті Құранның әралуан сүрелері мен аяттарын талдап, тарата түсіндіріп отыратын қариялардың кескін-келбеттері өзгеше болатын. Олардың жан аялар сөздері мен өзгеше үндері әлі күнге көз алдымда. Кейде түсіме кіріп, желеп-жебеп жүргендей болады.
Бала кезімдегі сезімімді арбап алатын Отырартөбенің сұсы бөлек еді. Ол жаныңды түршіктірер неше алуан аңыз-хикаят арқалап тұратын. Оның қойнау-қатпарлары ғажайып хикаялар шертетін. Ойын баласы абайламай кешкі қаракөлеңкеге ілігіп қалғанын байқай сала тұла бойы түршігіп, үрейлене түсіп, үйді-үйімізге жөңкілетінбіз. Өйткені күні бойы үнсіздік құшағында жатқан көне Отырар бірден оянып, сөйлей бастағандай әсер ететін. Тіпті төбені жайлаған тастар мен кесектер қозғалақтап, төсінде көктеген тал-теректері мен неше алуан өсімдік әлемі шерлі тарихты шерте бастайтындай сыпсыңдап, сусылдай жөнелетін.
Біз сыры жұмбақ ертегідей осы өлкеде өстік. Отырар тарихы мектепте оқытылмағанымен, ұстаздарымыздан және ертегідей шежіре ағаларымыздан алған тағылымымыз бен тәрбиеміз бөлек еді. Олардың өздерін көріп, сөздерін көкейімізге түйіп ержеттік. Отырар тарихының тереңіне бойлай алмағанмен, қандай қасиетті, киелі жердің түлегі екенімізді ойлай алатын дәрежеде есейдік.
Ол кезде, яғни біз мектепте оқып жүрген тұста Отырар тарихы оқытылмайтын, тіпті тұңғиық болатын. Ал Отырар топырағы – тұнған тарих. Отырар өлкесінде 132 төбешік бар. Ақылды ата-бабаларымыздың сол замандағы қала салу жүйесі бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық екен. Құрылыс жүйесі қатаң сақталған. Мысалы, Отырар маңындағы Пышақшытөбеде қару-жарақ жасайтын шеберлер тұрған. Құйрықтөбеде мал соятын орын болған. Осы жерден мал етін қала базарына жөнелтіп отырған. Алтынтөбеге зергерлер орналасып, сауда-саттықпен, қолөнер шеберлігімен айналысқан. Қысқасы, әр төбенің өзіне тән тарихы, өзіндік сыр-сипаты болғанын тарихшыларымыз енді-енді анықтай бастады.
Отырардың даңқын әлемге паш еткен тұлғалар, ғұламалар, хандар, батырлар, өнерпаздар қаншама?! Солардың қайсыбірін ғана мақтанышпен атап өткім келеді.
Отырардың даңқын әлемге әйгілеген – Әбу Насыр Әл-Фараби – Аристотельден кейінгі дүние жүзі білімі мен мәдениетінің Екінші ұстазы атанған данышпан, энциклопедист ғалым. Оның ізін алып қаншама ғұламалар түлеп ұшты, Александриядан кейінгі бай кітапхана болған осы өңірде.
Шыңғысхан, Қайырхан, Арыстанбаб, Әмір Темір, күш атасы Қажымұқан, Тұрғанбай датқа – осы өңірге тағдырын теліген қаншама тұлғалар бар тағы да! Қасиетті мекенде кіндік қаны тамған ұлт мақтанышы – Өзбекәлі Жәнібеков, Шәмші Қалдаяқов тәлімдерін келер ұрпақ әлі талай үлгі етпек. Отырар өңірінен талай арқалы ақын-жыраулар қанат қақты. Майлықожа, Жүсіпбек қожа, Ергөбек Құттыбайұлы, Айтбай Белгібайұлы, Қызыл жырау, кешегі Тәушен, бүгінгі Мұхтар, Аманхан, Әселхан... Әлі қаншама дарындар ашады дүние есігін?!.
Еркін Қыдыр еңбегінің бір ерекшелігі, ол Отырар топырағында дүниеге келген өрендер туралы ғана толғап қоймай, осы киелі атырап, шежірелі өлкенің қатпар-қатпар терең тарихын қалың шаңнан аршып, жарқырай көрсеткен тұлғаларға кеңінен тоқталады. Жарты ғұмырын Отырартөбеде өткізген археолог Кемел Ақышев, Әбу Насыр Әл-Фарабиді туған жерімен қайта қауыштырған ғұлама Ақжан Машани, Фараби еңбектерінің Мәскеуде ғана емес, халықаралық деңгейде танылып, талқылануы жолында аянбай тер төккен философ Ағын Қасымжанов, Фарабтан шыққан Әбу Насырдан өзге де ғұламалар мұрасын мұрағаттардан аршып алып, ғылыми айналымға қосқан арабист ғалым Әбсаттар Дербісәлі, бозбала шағынан-ақ Фараби мен Отырар тақырыбын шығармашылығының өзегіне айналдырған Дүкенбай Досжан, бар ғұмырын Отырар жәдігерлерін жинауға бағыштаған музей-адам Асантай Әлімов туралы кітап авторы ғана емес, барша отырарлықтар үнемі жылы лебіз, ыстық ықылас-пейілін танытып жүрсе құба-құп. Отырар альбом-кітабында осы бір қасиетті өлкеге жүрегінен жыр арнаған ақындар да ұмыт қалмапты. Олжас пен Мұхтардан, Сабырханнан бөлек, Нармахан Бегалиев, Сатыбалды Дулати сияқты жыр әлеміне мәшһүр есімдермен қатар, бұрын көзге түсе бермеген тың есімдер де қаншама...
Қысқасы, Отырар – қазақ тарихында алар орны өзгеше өлке. Оның табиғаты мен тарихы – сыры таусылмайтын шежіре. Ғасырлардан ғасырларға ұласып жатқан шерлі тарихтан алар тағылым мол. Тек оны оқи білу керек. Біз соның кейбір тұстарын ғана сөз еттік. Оқырманға жол тартқан, Отырар перзентінің қаламынан туған мына кітап та осындай ізгі мақсатты көздейді.
Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының президенті, ҚР ҰҒА академигі.