Театр • 07 Шілде, 2022

Сахнада – ел қорғаны Құлеке батыр

650 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

1702-1764 жылдары өмір сүрген Құлеке батыр Абылай ханның оң тізесін баса отыратын құрметті билерінің бірі, елшілікке жұмсайтын мәмілегері, ақылшысы болған. Ол – атақты Шал ақынның (шын есімі Тілеуке) әкесі. Биыл туғанына 320 жыл толатын батырдың құрметіне Солтүстік Қазақстан облысының Сәбит Мұқанов атындағы қазақ музыкалы драма театрында «Құлеке батыр» атты тарихи драма қойылды.

Сахнада – ел қорғаны Құлеке батыр

Туындының авторы – атақты ақын, манасшы, драматург, Қазақстан Респуб­лика­сына еңбек сіңірген қайраткер Баян­ғали Әлімжанов. Өзіне драмалық шығарма жазу туралы өтініш түскеннен кейін ол батырдың ісі мен өмірін бір жылдай зерттегенін айтты. ХVІІІ ғасырдағы Қазақстан мен Ресей қатынастары туралы тарихи құжаттарда ол кісінің есімі 33 рет кездеседі екен. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарында Мұхтар Мағауин ақын-жыраулардың шығармаларын жинап жүргенінде Шал ақынның қара ша­ңырағында болып, оның ұрпағы Қо­шан қарттың өз аузынан да Құлеке туралы көптеген дерек жазып алыпты. Экономика ғылымдарының докторы, академик Аманжол Қошанов та батыр бабасы туралы өзінің біршама жазбасын жариялаған. Сондай-ақ жергілікті өлкетанушылар Қайролла Мұқанов, Социал Жұмабаев Құлекенің елге сіңірген еңбегі туралы мақалалар жазған. Ал ғалым­дар Зарқын Тайшыбай мен Сәуле Мә­лікова архив деректерінен Құлекеге қатыс­ты көптеген мәлімет тапқан. Ха­лық ақыны Ахметжан Нұртазиннің Құ­леке туралы мынадай өлең жолдары да бар:

«...Белдеуден босамапты байлаулы

аты,

Тілеке сол ұрыста қаза тапты.

Құлеке ашуменен ерттеді атты

Өлтіріп Бағанаты, Сарбұлақты

Ағасы Тілекенің кегін апты...»

Бұл өлеңде ағайынды естек батырлары Бағанаты мен Сарбұлақ ағасы Тілекені жабылып өлтіргенде артынан кек қуып барған Құлекенің осы екеуін де өлтіргені туралы айтылған. Осы оқиға тарихи факт ретінде Солтүстік Қазақстан тарихында бірнеше рет жазылған. Ал екі естек батыры Бағанаты мен Сарбұлақтың атында жер де, артынан сол жерге түскен ауыл аты да бар. Атақты ғалым, академик Ебіней Букетов сол Бағанаты ауылында дүниеге келген...

Әкесінің өлімі туралы Шал ақынның өзінің де мынадай өлең жолдары бар:

«Құлеке жиырмада арқар еді,

Отызда би, қырқында дархан еді.

Кешегі дулап өткен Құлекенің

Алдынан орыс, қазақ тарқап еді.

Алпыс бір мүшел келді мерттей

болып,

Өтпедің сол мүшелден серттей

болып.

Кешегі дулап жүрген ер Құлеке

Су тиген сөне қалдың өрттей

болып...»

Құлекенің өзі Арғынның Атығай руы­нан тарайды. Оның ішінде Бәйімбет атасының тармағынан шыққан. Қазіргі Шал ақын ауданының орталығы Сер­геевка селосының аумағында дүниеге келген. Ел ауған бір жұтта оның аталастары Сырдың бойына дейін барған. Осы жақта ол Үйсін Төле бидің қызы Сандыққа үйленген.

а

Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бері батырдың есімі халқымен қайта қауышты. Артында іздеушісі болған жан бақытты ғой, Құлекенің ұрпағы Мұрат Қошанов ағамыз ұйытқы болып, білікті ғалымдар, өлкетанушылар, журналистер арасынан қолдаушы топ құрып, батыр бабасының атын жаңғырту жолында тер төгіп жүр. Соңғы жылдары ғана осы топтың ұйытқы болуы­мен С.Мұқанов атындағы облыстық кітап­ханада, облыстық архивте, «Абы­лай ханның резиденциясы» музей-кеше­нінде және т.б. жерлерлерде ғылы­ми-тәжірибелік конференциялар өткен. Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка селосында жаңадан салынған спорттық кешенге Құлеке батырдың есімі берілді. Енді Сергеевканың өз атауын да Құлекенің есімімен атауды жақтайтын қозғалыс туып келеді. Бұл талап та орынды екені сөзсіз. Алайда осындай елге белгілі, тарихта өзінің орнын алған үлкен тұлғаны халыққа кеңінен танытуға мұрсатана беретін көркем образы жасалмаған екен. Осы олқылықты, жоғарыда айтқанымыздай, аузы дуалы, сөзі уәлі ақын Баянғали Әлімжанов толтырып, «Құлеке батыр» тарихи драмасын жазып шығыпты. Драма көрсетілер алдында батырдың өмірі мен әрекетін көрермендерге таныстыру мақсатымен шағын конференция да өткізіліп, оны театрдың директоры Біржан Жалғасбаев жүргізді.

Бас-аяғы жұп-жұмыр драма көрер­менді ХVІІІ ғасырдағы қазақ ортасынан бір-ақ шығарады. Айнала анталаған жау, жоңғарлар, естектер, қалмақтар, казактар, Қоқан хандығы – бәр-бәрінің көздегені қазақтың ұланғайыр жері. Олардың ар жағында Қытай мен Орыс империясы сияқты екі алып та жатыр. «Өзі зордың болады ығы да зор» деп Абай айтпақшы қазақ хандары орыс патшалығымен жақын болуды қалайды, алайда Қытаймен де жақсы қарым-қатынасты ұстауды шешеді. Ал ұсақ жауларын өз күштерімен талқандап, елдің рухын көтереді. Осы қыспақта Абылай өзінің ақылды адамдардан тұрған елшілерін елдестірмек үшін сол кездегі орыс патшасы Анна Иоановнаға жібереді... Спектакльдің кульминациясы да осы оқиға. Даланың еркін самғайтын қыраны қаланың қанша жерден алақанда әлпештенсе де алып билігі қолына қонған көгершінінің алдында өзін мейлінше инабатты, ұстамды ұстап, аузынан шыққан әділетті сөздерімен мо­йындата алуы және келіссөздері екі жаққа да тиімді болуы – елшінің тарихи табысы. Бас кейіпкер Құлекенің аузынан шыққан уәлі сөздерінің бәрі елдің тыныштығы, халықтың бірлігіне арналған. «Дүние қанша кең болса да адамның ниеті неге сонша тар?» дейді ол бір сөзінде...

Сонымен бірге Құлекенің батырлы­ғын, жүрек жұтқан ерлігін, махаббатқа беріктігін көрсеткен қосымша эпизодтар да сәтті шыққан. Қоюшы режиссер Ержан Қауланов та бас кейіпкерінің сан түрлі қырларын ашып, образын күрделендіру жолында ұтымды шешімдер тапқан. Сөйтіп, Қызылжар топырағында бір өміршең, тарихи дүние өмірге келді деп айта аламыз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы