Аймақтар • 08 Шілде, 2022

Әлеуметтік даму – басты назарда

262 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы» тақырыбында журналистер алдында брифинг өткізді.

Әлеуметтік даму – басты назарда

Мегаполис басшысы ең алдымен елдегі аса маңызды саяси оқиға – референдумға алматылықтар да атсалысқанын, Конституцияға өзгерістер енгізуді тұрғындардың 65,22%-ы қолдап, 32,99%-ы дауыс беруге келгенін мәлімдеді. Қала әкімінің сөзіне сенсек, жыл басындағы келеңсіз жағдайларға қарамастан, мегаполистің биылғы даму көрсеткіші оң нәтиже көрсетіп отыр.

– Қала экономикасының тұрақты өсуі қамтамасыз етілді. Осы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 107,6%-ға дейін өсті. Жыл басынан бері 16,3 мың жұмыс орны құрылып, 3,3 мың орындық 54 балабақша ашылды, 45 км инженерлік желі салынды. Газбен жүретін 300 автобус сатып алынды, 145 мың ағаш отырғызылды. Биыл қыркүйек айына дейін Алматы агломерациясын дамытудың кешенді жоспары әзірленеді. Бұл жоспарда мегаполис пен Алматы облысы синергиясының жобалары айқындалады. Қалада өңдеу өнеркәсібі (+18,3%), құрылыс (+21,8%), көлік (+18,4%), байланыс қызметтері (+8%) экономиканың өсу драйверлеріне айналып келеді. Жыл басынан бері негізгі капиталға салынатын инвестициялар 20,9%-ға өсті. Қала экономикасының негізгі саласы – сауда жыл басынан бері алғаш рет 1,7%-ға артып, «оң аймаққа» шықты. Осы жылдың 5 айында Алматыдағы іскерлік белсенділік индексі 4 пайыздық тармаққа көтеріліп, мамыр айының соңында 48,7%-ды құрады. Бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша 50%-дан астам деңгеймен оң аймаққа шығу күтіледі, – деді Е.Досаев.

Әкім Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілеріне төлем төлеу жұмыстары толығымен аяқталғанын жеткізді. Бұл бағытта барлығы 14,5 млрд теңгеге 1 594 өтінім мақұлданған. Шағын және орта бизнес – қала экономикасының негізгі қуаты. Онда еңбекке қабілетті халықтың 64%-ы жұмыс істейді. Сондықтан бизнесті қолдауға ерекше көңіл бөлініп отыр. 2022 жылы бюджеттен қосымша 5 млрд теңге бөлініп, 46,9 млрд теңгеге дейін (23,8 млрд – БЖК, 8,8 млрд – ҚЗЭ, 1,1 млрд – АӨК, 6,5 млрд – Алматы бизнес, 6,7 млрд – Алматы Бизнес-2025) ұлғайтылды. Бүгінде 16,5 млрд теңгеге шағын және орта бизнестің 219 жобасы қаржыландырылған. Нәтижесінде, белсенді жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны бір жылда 19,5%-ға (195 мыңнан) 233 мыңға дейін өскен. Айталық, биыл 5 айда жеке инвестициялар көлемі 22,1%-ға көбейген. Шаһар басшысы осы жылы еңбек өнімділігі жоғары 2,8 мың тұрақты жұмыс орнын құра отырып, 588 млрд теңге сомасына 77 жеке жобаны іске асыру жоспарланғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ Алматы әкімі қаладағы азық-түлік бағасының өсу қарқынын төмендету мақсатында кешенді іс-шаралар қолға алынғанын атап өтті.

– Алматыда бағаның жоғары өсу қарқыны сақталуда. Биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша инфляция 10,3%-ды құрады (ҚР – 10,5%). Инфляцияға негізгі үлес бірінші кезекте азық-түлік бағасының өсуі есебінен қалыптасты, ол 16,4%-ды құрап отыр (жылдық есептеуде – 19,5%). Ең көп өскені – қант (2 есе, 560 теңгеге дейін), пияз (+90,2%, 156 теңгеге дейін), нан (+18,3%, 95 теңгеге дейін), сүт (+18%, 328 теңгеге дейін) бағасы. Олардың тұтыну бағасының индексіндегі үлесі 2,2 пайыздық тармақты құрады. Дегенмен жұмыртқа бағасының төмендеуі (0,4%-ке, 460 теңгеге дейін) және сиыр еті (0,9%-ке, 2 350 теңгеге дейін), сары май (5,6%-ке, 3 400 теңгеге дейін), тұз бағасының (6,5%-ке, 66 теңгеге дейін) шамалы өсуі байқалады. Жеткізу тізбегінің бұзылуы және теңге бағамының тұрақсыздығына байланыс­ты әлі де жоғары инфляциялық күтімдер сақталуда. Бекітілген бағамен сату үшін 6,5 мың тонна қант сатып алынды. Басқа өңірлерден (Түркістан, Алматы), сондай-ақ жақын (Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан) және алыс шетелден (Иран, Пәкістан) көкөніс пен жемісті тікелей жеткізу ұйымдастырылды. Нан бағасын тұрақтандыру үшін азық-түлік корпорациясының қорларынан астық жеткізілуде (32 мың тонна). Қант бағасының өсу ықтималдылығы, бакалея өнімдері қорларының азаюы, Ресейге көкөніс өнімдерін жаппай экспорттау тәуекелдеріне байланысты ірі сауда желілеріне қант әкелуге жекелеген квоталар бөлу және бакалея мен көкөніс өнімдерінің экспортын шектеу мәселелері пысықталып жатыр, – деді әкім.

Еңбек нарығындағы жағдай тұрақты десек те, қаладағы жұмыссыздық деңгейі 5,1%-ды құрап отыр. Жыл басынан бері 17,1 мың жұмыс орны құрылған болса, оның 7,3 мыңы – тұрақты еңбек орындары.

Халық санының еселеп өсуіне және жаңа аумақтардың қосылуына байланысты әлеуметтік инфрақұрылымның тапшылығы айтарлықтай қиындық туғызуда. Осы мәселелерді шешу үшін қалада «басқарылатын тапшылық» орта мерзімді саясаты іске асырылады. Осылайша, жаңа мемлекеттік және жекеменшік білім беру объектілерін салу есебінен орын тапшылығы қысқармақ.

– Жыл басынан бері 3 316 орындық 54 жекеменшік балабақша ашылды, жыл соңына дейін тағы 1 460 орындық 17 балабақша, оның ішінде 560 орындық 2 мемлекеттік балабақша ашылады. Биыл орта білім беру саласында 13,8 мың орынға есептелген 18 объектіні пайдалануға беру жоспарланып отыр, оның ішінде 10 750 орынға 11 жаңа мектеп (оның 5-еуі 7 500 орындық мемлекеттік мектептер және 3 250 орындық 6 жекеменшік мектеп), 1 270 орынға 5 қосымша құрылыс, 1 800 орындық 2 ғимаратты сатып алу жоспарланған. Жыл соңына дейін 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 2,4%-ға (91%-дан 93,4%-ға дейін), мектептердегі оқушы орындарының саны 5%-ға (279,1 мыңнан 292,9 мың орынға дейін) өседі, – дейді Е.Досаев.

Емханаларға түсетін жүктемені азайту және консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін жыл соңына дейін Кемел және Мамыр шағын аудандарындағы 2 отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысы және №11 қалалық емхананы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Сондай-ақ Саялы, Қарасу және Нұршашқан шағын аудандарында 3 отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталып, алдағы жылы аяқталмақ. Емханаларды заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етуге 1,7 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ ана мен бала өлімін азайту, қан айналымы ауруларын кешенді емдеу мақсатында бірқатар стационар қайта жаңғыртылмақ. Бұл бағытта аса тапшы мамандықтар бойынша 240 дәрігерді даярлау мен 1000 медбикені оқыту ісі қолға алынған.

Экология мен кептеліс – миллиондар тоғысқан мегаполис үшін бас ауыртар басты тақырып. Әкім тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін бұл бағытта да үлкен жоспарлар барын алға тартты. Қаладағы бірқатар даңғылды ұзарту, жолайрықтардың құрылысын аяқтау, жаңа метро бекеттерінің іске қосылуы кептеліс мәселесін сәл де болса жеңілдетпек. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесін биыл 86%-ға жеткізу көзделген.

Сонымен қатар электрмен жабдықтау ісін дамыту, жаңа парк аймақтарын жетілдіру, құрылыс салудың жаңа регламенттерін енгізу, тұрғындарды сапалы сумен қамту қаланы дамытудың негізгі басымдықтарының қатарында аталды. Электрмен жабдықтау саласында 400 мың тұрғынды қамтитын 2 қосалқы электр стансасының құрылысы жүріп жатыр. Биыл «Алмагүл» қосалқы стансасы, 2023 жылдың шілде айында «Тұздыбастау» қосалқы стансасы аяқталмақ. Сонымен қатар ағымдағы жылы 138 км электр желілері жаңғыртылады.

– Алматының жер бедеріне байланысты нөсер жауын кезінде қаланы су басып жатады. Тексеру барысында Алматыда тұрақты су басатын 102 учас­ке анықталды. Биыл наурыз айында жауын-шашынның айлық мөлшері 76 мм, норма кезінде 166,3 мм, маусым айында 106 мм, норма кезінде 141,6 мм құрады. 2022 жылдың соңына дейін су басатын 56 учаске жойылып, 12 коллектор қалпына келтіріледі, 75 км арық желісі жаңғыртылады. Жүйелі шара ретінде нөсер канализациясы (коллектор, каналдар, су тоғандары) бірыңғай оператор – Eco Almaty жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне беріледі. 2023-2024 жылдары 201 км арық желісін жаңғырту аяқталады, 100 км жаңа арық желісі салынады, тұрақты су басатын 46 учаске жойылады. Тұрақты су басуды жою үшін осы жылы жергілікті бюджет резервінен 5,3 млрд теңге бөлінді, – деді Алматы қаласының әкімі Е.Досаев.

Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде қаланы көгалдандыру және абаттандыру бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр.

Биыл қалада 4 жаңа парк аймағы іске қосылып 4 сквер абаттандырылды. «Жасыл Алматы» бағдарламасы бойынша жыл соңына дейін тағы 360 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Бұл 3 жылда 1 млн ағаш отырғызу жоспарын орындауды қамтамасыз етеді. Е.Досаев Алматыны дамытудың негізгі басымдықтарын іске асыру жөніндегі жоспар осы жылдың 5 қыркүйегіне дейін бекітілетінін айтты.