Қоғам • 08 Шілде, 2022

Көрермен көңілін көншіткен кеш

251 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шілденің басынан 7-сіне дейін Петропавл қаласында Qyzyljar Music Fest атты дәстүрлі халықаралық ән-би фестивалі өтті. Оған өзіміздің өнерпаз­дармен қатар Қазақстанның көрші облыстары және Ресей Федерациясының аймақтарынан жеке әншілер мен өнер ұжымдары қатысуда.

Көрермен көңілін көншіткен кеш

Кешкі сағат 19:00-де басталатын бұл өнер додасы облыс орталығының басты алаңында ашық аспан астында өтті. Көк желекті аппақ қайың мен сұлу қарағайға көмкерілген сахнаға шыға­тын өнерпаздар қазақ, орыс, татар, баш­құрт, әзербайжан, армян халық­тары­ның әндері мен билерін орындап, көрерменге рухани ләззат сыйлады. Әндер мен билерді орындайтындар қатарында өңірімізге белгілі әншілер мен өнер ұжымдары болды. Атап айтқанда Дәмеш Құрманкина, Бүркіт Жаңай, Юлия Стадухина, Анастасия Симонова, Медет Ибадулла, Лаура Күр­леуітова, Ділназ Есжан, Мұрат Бекжа­нов, Miami, Melomax топтары, «Азия саунд» эстрадалық ансамблі, Bright band тобы және басқалар. Олардың орындауындағы «Жүрегім сен аңсаған», «Қазақ қыздары», «Я люблю», «Сезім сыры», «Маусымжан», «Танцуй со мной», «Сен сұлу», «Бозжорға», «Қайда­сың», «Махаббат мұңы», «Шіркін-ай», «Белый флаг» және т.б. әндер кешкі Қызылжардың аспанын әсем әуенге бөледі. Фестиваль кештері әр күн сайын өнердің жаңа жанрын қамтып отырды. Мәселен, бір кеште хореографиялық туындылар болып, би ұжымдары өнер көрсетсе ертесіне эстрада жұлдыздары сахнаға шықты. Дәстүрлі әндер кеші де өз алдына бөлек.

Солтүстік Қазақстан облысы Мә­дениет басқармасының ұйымдас­тыруы­мен жүзеге асқан осынау өнер кештері тұрғындарға қуаныш сыйлап, көңілдерін көк аспанға көтерді.

 

ПЕТРОПАВЛ