Қазақстан • 11 Шілде, 2022

«Қазақстан халқына» қоры – Петропавлда

290 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Петропавл қаласына Президенттің бастамасымен осыдан жарты жыл бұрын құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев бастаған өкілдері келіп, қала жұртшылығы, облыс кәсіпкерлері, мәслихат депутаттары, БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді.

«Қазақстан халқына» қоры – Петропавлда

Халықтың аса мұқтаж бөлігіне көмек қолын созуды мақсат еткен қор әлі күнге іске қауырт кірісіп, өзінің лайықты орнына жете алмай отырғаны Б.Жәмішевтің көп сөзінің арасынан көрініп қалды.

«Біз алты ай бойы қордың тұжырымын жасаумен, жобаларын анықтаумен бел­сен­ді түрде жұмыс істедік. Осы жұмыс­тар­дың барысында біз қордың тұжы­рымы Президенттің қорды құру баста­машылдығында  белгілеген масштабын қамти алмайтынын түсіндік.  Осыған байланысты біз азаматтық қоғам өкілдерін тартатын үлкен конференция өткізу керек деген шешім қабылдадық», деді ол.

Төрағаның сөзіне сүйенсек, алты айда қорға 130 млрд теңгедей қаражат құйылған екен, бірақ соның игерілгені туралы ақпараттар көңілді көншіте қоймады. Жарты жылда қордан көмек сұрап 38 мыңдай адам өтініш түсірген екен. Соның 8 мыңы денсаулық сақтау, 2 мыңы білім алу және басқалары несиені жабуға көмек, тұрғын-үй сатып алуға жәрдем, бизнесті дамытуға қолқабыс, тіпті киім-кешек пен дәрі-дәрмек алуға қолұшын беру сияқты әлеуметтік көмектер сұрапты.

Берілген көмектер қатарында 304 адамға көз ауруынан емделуге көмек жасауға 370 млн теңге, тұрмысы төмен отбасылардағы 128 баланың тамыр патологиясын емдеуге 21 млн теңге бөлінгені алға тартылды.

«Біз айрықша назардағы балаларға жәрдем береміз. «Қамқорлық» қорымен бірлесе отырып, әртүрлі аймақтарда ерекше отбасыларға көмек жасау үшін 13 оңалту орталықтарын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеміз. 29 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді заманауи протездермен қамтамасыз ету бағдарламасын бекіттік», деді Б.Жәмішев.

Сонымен бірге қорға Қазақстанда емделмейтін ауруы бар 8200 адам жүгініпті. Ондай науқастың кей­бі­рін емдеудің жолдары бізде әлі күнге анық­талмаған да екен. Мысалы, балалардың орфанды науқастары секілді ауру түрлері бар. Қор осындай науқастарға қажетті дәрілерді алдыру жолында елшіліктердің көмегімен келіссөздер жүргізуде көрінеді.

«Мұндай науқастарға біз «СҚ-Фар­ма­ция» кәсіпорнының көмегімен қол жет­кізіп, сол мекеменің грантымен емдеуге қол жеткізуге тырысамыз», деді Б.Жәмішев.

Білім алу саласына жасалатын көмектер қатарында тұрмысы төмен отбасылардың балаларына 360 білім беру гранттары қарастырылғаны айтылды. Бұл жоба алдымыздағы оқу жылынан басталып, оған 350 млн теңге қарастырылыпты. Сонымен бірге ауыл мектептерінің сапасын жақсартуға  да қаражат бөлу қарастырылатыны айтылды.

Қордың қолға алатын жұмысының бірі – әрбір аймақта бір-бірден жоғары дәрежеде қамтамасыз етілетін тірек мектептерін ашу. Оған 250 млн теңгеден қаражат бөлу қарастырылған.

Кездесу барысында бірнеше адам сөйлеп, қордың пайдасын арттыру жөнінде өздерінің ұсыныс-пікірлерін айтты. Соның ішінде зейнеткерлер мен ардагерлерге де қор тарапынан көмек көрсетілу ұсынылды. Б.Жәмішев кейбір ұсыныстарды іске асыруды қарастыруға болатынын жеткізді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20