Халықтың аса мұқтаж бөлігіне көмек қолын созуды мақсат еткен қор әлі күнге іске қауырт кірісіп, өзінің лайықты орнына жете алмай отырғаны Б.Жәмішевтің көп сөзінің арасынан көрініп қалды.
«Біз алты ай бойы қордың тұжырымын жасаумен, жобаларын анықтаумен белсенді түрде жұмыс істедік. Осы жұмыстардың барысында біз қордың тұжырымы Президенттің қорды құру бастамашылдығында белгілеген масштабын қамти алмайтынын түсіндік. Осыған байланысты біз азаматтық қоғам өкілдерін тартатын үлкен конференция өткізу керек деген шешім қабылдадық», деді ол.
Төрағаның сөзіне сүйенсек, алты айда қорға 130 млрд теңгедей қаражат құйылған екен, бірақ соның игерілгені туралы ақпараттар көңілді көншіте қоймады. Жарты жылда қордан көмек сұрап 38 мыңдай адам өтініш түсірген екен. Соның 8 мыңы денсаулық сақтау, 2 мыңы білім алу және басқалары несиені жабуға көмек, тұрғын-үй сатып алуға жәрдем, бизнесті дамытуға қолқабыс, тіпті киім-кешек пен дәрі-дәрмек алуға қолұшын беру сияқты әлеуметтік көмектер сұрапты.
Берілген көмектер қатарында 304 адамға көз ауруынан емделуге көмек жасауға 370 млн теңге, тұрмысы төмен отбасылардағы 128 баланың тамыр патологиясын емдеуге 21 млн теңге бөлінгені алға тартылды.
«Біз айрықша назардағы балаларға жәрдем береміз. «Қамқорлық» қорымен бірлесе отырып, әртүрлі аймақтарда ерекше отбасыларға көмек жасау үшін 13 оңалту орталықтарын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеміз. 29 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді заманауи протездермен қамтамасыз ету бағдарламасын бекіттік», деді Б.Жәмішев.
Сонымен бірге қорға Қазақстанда емделмейтін ауруы бар 8200 адам жүгініпті. Ондай науқастың кейбірін емдеудің жолдары бізде әлі күнге анықталмаған да екен. Мысалы, балалардың орфанды науқастары секілді ауру түрлері бар. Қор осындай науқастарға қажетті дәрілерді алдыру жолында елшіліктердің көмегімен келіссөздер жүргізуде көрінеді.
«Мұндай науқастарға біз «СҚ-Фармация» кәсіпорнының көмегімен қол жеткізіп, сол мекеменің грантымен емдеуге қол жеткізуге тырысамыз», деді Б.Жәмішев.
Білім алу саласына жасалатын көмектер қатарында тұрмысы төмен отбасылардың балаларына 360 білім беру гранттары қарастырылғаны айтылды. Бұл жоба алдымыздағы оқу жылынан басталып, оған 350 млн теңге қарастырылыпты. Сонымен бірге ауыл мектептерінің сапасын жақсартуға да қаражат бөлу қарастырылатыны айтылды.
Қордың қолға алатын жұмысының бірі – әрбір аймақта бір-бірден жоғары дәрежеде қамтамасыз етілетін тірек мектептерін ашу. Оған 250 млн теңгеден қаражат бөлу қарастырылған.
Кездесу барысында бірнеше адам сөйлеп, қордың пайдасын арттыру жөнінде өздерінің ұсыныс-пікірлерін айтты. Соның ішінде зейнеткерлер мен ардагерлерге де қор тарапынан көмек көрсетілу ұсынылды. Б.Жәмішев кейбір ұсыныстарды іске асыруды қарастыруға болатынын жеткізді.
Солтүстік Қазақстан облысы