Экономика • 11 Шілде, 2022

Жеке инвесторлар стрестік активті қалай сатып алады?

291 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Тұтынушы банктен алған несиесін қайтармай қойса және несие қарызын төлемегеніне 90 күннен асып кетсе, ол «стрестік актив» болып саналады. Былайша айтқанда, «улы» қарыз. Мұндай «улы» қарыздар банктің қаржылық тұрақтылығына нұқсан келтіреді. Егер нарықта банк алдындағы міндеттемесін орындай алмай отырған азаматтар үлесі артса, онда секторда тоқырау басталады. Қазір бізде банкке қайтарылмай тұрған қарыз көлемі – 2,3 трлн теңге. Мемлекет стрестік активтерді экономикалық айналымға енгізу үшін тиісті заңға өзгерістер енгізді. Енді сол жайында егжей-тегжей баян етелік.

Жеке инвесторлар стрестік активті қалай сатып алады?

Стрестік актив деген не?

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы әзірленіп, оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, түзету енгізудің мақсаты – стрестік активтер нарығының өтімділігін нарық талаптарына сай етіп дамыту және оларды экономикалық айналымға тарту.

Алдымен стрестік активтер не деген сауалға жауап беріп алайық. Бұл төленбегеніне 90 күннен асқан проблемалық берешек (870 млрд теңге) ғана емес. Оның қатарында қайта құрылымдалған несиелер (936 млрд теңге) мен өндіріп алынған мүліктер (156 млрд теңге) және стрестік активтерді басқару бойынша банктердің еншілес ұйымдарындағы активтер де (356 млрд теңге) бар.

2019 жылы жүргізілген активтер сапасын тәуелсіз бағалау қорытындысы бойынша банктердің қарыз портфеліндегі стрестік активтер үлесі 21 пайызды құраған. Осы шығындардың орнын жабу үшін 554 млрд теңгеге қосымша провизия қалыптастырылып, 128 млрд теңге көлемінде қайта капиталдандыру жүзеге асқан. Содан бері екі жыл ішінде 6,7 трлн теңге болатын стрестік активтер есептен шығарылған. 2022 жылдың басындағы дерек бойынша қазір елімізде 2,3 трлн теңге көлемінде стрестік актив бар. Бұл көрсеткіш – жалпы банк жүйесіндегі активтердің 6 пайызы. 

Кім, нені сатып алады?

Енді Агенттік ұсынып, Президент қол қойған заңның түпкі көздегені не? Бұл – әрине, қайта құрылымдалып жыры көбей­ген, төленбей қалып «мерзімі өте бастаған», несиенің уақтылы қайтарыл­мауы себепті банк меншігіне ауысқан үй-жай, көлік-мүлік және жер телімдерін жеке инвесторларға да ұсыну. Сөйтіп, мемлекет қаржысын тартпастан банк пен олардың акционерлеріне көмектесу.

Заңға енгізілген өзгерістер аясында стрестік активтерді уәкілетті сатып алушылар қатарына жеке инвесторлар да енгізілмек. Қазір стрестік активтерді – екінші деңгейлі банктер және банктердің стрестік активтерді басқару бойынша еншілес ұйымдары, проблемалық несиелер қоры, коллекторлық агенттіктер және өзге қаржы ұйымдары сатып алады. Алайда тізімге қосылып жатқан инвесторлар жеке тұлғалардың кредиттерін сатып ала алмайды, оларға тек заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің несиесін сатып алуға рұқсат етілген. Бұл ретте жұмыс істемей тұрған несиелерді басқару бойынша жеке инвесторларға қызмет көрсететін сервистік компаниялар инс­титуты құрылмақ. Банктердің стрестік активтерді басқаратын еншілес ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер сервистік компания бола алады. Олардың капитал мөлшері, нарықтағы жұмыс өтілі, іскерлік беделінің деңгейі және санкциялар мен қадағалаушылық шаралардан амандығы ерекше тексеріледі.

Сонымен қатар жеке инвесторлардың 50 млн теңгеден асатын ірі корпоративтік займдарды өздігінен басқаруы да қарас­тырылып отыр. Жеке инвесторлар заңды тұлғалардың 50 млн теңгеден аз болатын шағын займдарын, жеке кәсіпкерлердің займдарын және бейрезиденттердің займ­дарын алған жағдайда оны басқаруды сервистік компаниялар құзыретіне бере алады.

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, банк меншігіне өткен қандай да бір мүлік, зат сол банктің балансында үш жыл болады. Бұл қаржы институттарының стрестік ак­тивтерді экономикалық айналымға тезі­рек әкелуіне көмектеседі деген үміт бар.

Сарапшының пікірі қандай?

Жеке инвесторлар дегеніміз кімдер? Олар сонда нені сатып алады? Қалай сатып алады? Сатып алған соң не істейді? Сауалымызға қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов жауап берді.

«Заңда көрсетілгендей, жеке инвестор дегеніміз – арнайы басқару компаниялары, қорлар және басқалар. Олар құ­жат­тық қолхаттарды, қарыз міндеттемелерін және «тірі» активтерді сатып алады. Яғни ғимарат, жер телімі немесе бүтіндей бір компания деген сияқты. Сатып алғаннан кейін бірінші кезекте активтің жұмысын жақсартуға күш салады: жер телімінде нысан салады, бизнес ашады, компанияның дамуы үшін инвестиция салады. Әрі қарай IPO-ға шыға ма, әлде сата ма, әлде сол бизнесін жалғастыра ма, оны өзі шешеді. Ең бастысы активтердің жағдайын жақ­сарта отырып, банк алдындағы қарызды өтеуге тиіс», дейді қаржыгер.

Оның айтуынша, жеке тұлғаларда инвестор қызыға қоятындай ауқымды актив жоқ. Әрі кетсе пәтер, ұсталған ұялы телефон мен автомобиль ғана. Сондықтан же­ке инвесторларға жеке тұлғалардың стрес­тік активтерін сатып алу ұсынылмай отыр.

Жоғарыда атап өттік, заңда жеке инвесторлар заңды тұлғалардың 50 млн теңгеден аз болатын шағын займдарын; жеке кәсіпкерлердің займдарын және бейрезиденттердің займдарын алған жағ­дайда оны басқаруды сервистік компа­ния­лар құзыретіне бере алады деп көрсе­тілген. Сервистік компаниялардың басқа­руына беру деген не? Сонда жеке инвестор мен сервистік компания арасында қандай мәміле жасалады? Сервистік компания жеке инвесторға қалай қызмет көрсетеді?

«Сервистік компания дегеніміз – коллекторлық агенттіктер. Олар активтерді басқару бойынша тараптарға қолайлы шешімді табуға тырысады. Дегенмен дәл осы бағыт бойынша тарқатып жазылмаған. Оның қалай іске асырылатынын көрейік алдымен. Өйткені менің өзімде осыған қатысты көп сұрақ бар. Мысалы, сізде қонақүй бизнесін басқару тәжірибесі жоқ болса, онда сізге көмекке сервистік компания келеді. Яғни сіз жеке инвестор ретінде заңды тұлғаның кепілде тұрған қонақүйін сатып алдыңыз және оны басқару үшін мамандар (сервистік компанияны) жалдадыңыз. Шамамен осындай мысал келтіре аламыз», дейді сарапшы.

Банк заңның арқылы жемқорлықтан арылуға тиіс

Расул Рысмамбетовтың айтуынша, кепілдегі мүліктің банк балансында 3 жыл болатындығы туралы бап, мүлікті банктердің бес-он жылдап ұстап отырмас үшін белгіленіп отыр. Бір жағынан банк ол мүлікті дамыту тұрғысында инвестиция салмайды. Екінші жағынан, 3 жыл ішінде қарыз алушы банк алдындағы берешегін өтеп, мүлігін қайтарып та ала алады.

«Ең бірінші кезекте заңға енгізілген бұл өзгеріс банктердің өзінде жинақталған стрестік активтерді теріс мақсатта пайдаланбауы, банк ішінде коррупция болмауы (жақсы стрестік активтерді өз адамдарына арзан бағада сатуы сияқты) үшін керек. Бірақ бұл заңға да өзгерістер қажет болады деп ойлаймын. Қандай екенін тап басып айта алмаймын. Нақты қандай өзгерістер керек боларын бір жылдан кейін білеміз. Қазіргі кезде банк жанындағы стрестік активтерді басқаратын компанияларда стрестік активтердің мол қоры бар. Сондықтан заңдағы жаңа өзгерістер соның мөлшерін азайтуға тиімді әсер етеді деп санаймын», дейді Рысмамбетов.

Жеке инвесторларға қандай преференция берілуі мүмкін?

Батыста стрестік активтер – өзінше бір нарық. Оның өз заңдылықтары бар. Проблемалық активтерді сатып алып, басқарып, оны оңалтып, үстіне қосымша құн үстеп сататын арнайы инвесторлар да бар. Бұл тәжірибенің бізге келгені де жақсы. Дегенмен бұдан мемлекет қатты ұтылып та қалмауы керек. Яғни тым арзан бағаға кетіп қалмағаны жөн. Өйткені кезінде оған мемлекеттің көп қаржысы жұмсалған. Сондықтан осы тұрғыда баланс іздеу керек. Егер инвестор сатып алған кәсіпорынды оңалтып, жұмысын жолға қойса онда ол кәсіпорынға ұжымдық табыс салығын салмау сияқты жеңілдіктер қарастырған дұрыс. Сонда кәсіпкер де үстіне шамалы ақша қосып сата салмай, бизнес нысанның жұмысын одан әрі жалғастырып, оны экономикалық айналымға қосу бойынша ынталы болады. Мұндай ойды қаржы сарапшысы Айбар Олжай айтады. Оның пікірінше, стрестік активтер дисконтпен сатылатын болғандықтан ол жеке кәсіпкерлердің қызығушылығын тудыруы тиіс. Осыған дейін стрестік активтер нарығы біздегі «шаң басқан», түйткілі қордаланған сала болып келді. Енді оның да жанданып, экономикалық айналымға кіріге бастайтын уақыты келді, дейді сарапшы.

Жаңа бастаманың қалай жұмыс істей­тіні жақын арада белгілі бола бастайды. Әрине, проблемалық займды сатып алу – үлкен тәуекел. Оған қандай инвесторлар бара алады, сатып алған стрестік активтермен сәтті жұмыс істей ала ма, жеке инвесторлар мен сервистік компаниялар қалай тіл табысады, заң екінші деңгейлі банктер еншісіндегі «улы» кредиттер көлемін қысқартуға септесе ме, оның бәрін алдағы бір жыл айқындап
бермек.