Қазақстан • 12 Шілде, 2022

Қазақстан әскерінің жауынгерлік даярлығына жаңа тәсілдер енгізілуде

272 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарулы күштерде жауынгерлік даярлықтың екінші кезеңі, бөлімшелерді үйлестіру жүріп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан әскерінің жауынгерлік даярлығына жаңа тәсілдер енгізілуде

Президенттің армияның жауынгерлік әзірлігін арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде әскери бөлімдерді жартыжылдық цикл бойынша даярлау өтіп жатыр. 

Жаңа тәртіп әскерлерді даярлау қарқындылығын арттыруға, бөлімшелер жеке құрамының, олардың командирлері мен басқару органдарының оқыту деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, оқу-материалдық базаны ұтымды пайдалануға, оқ-дәрілер мен моторесурстарды тұтынудың үнемді тетіктерін енгізуге бағытталған жаңа тәсілдер қалыптасуда.

Одан бөлек, әскери қызметшілер бөлімшелерді (есептоптарды, экипаждарды) даярлау барысында қазіргі жалпыәскери ұрыстар жылдам өзгеретін жағдайда жауынгерлік тапсырмаларды орындауды үйренеді. Оқу-жауынгерлік тапсырмалардың мақсатқа сай орындалуы жеке құрамның жұмылып әрекет етуіне, бір-бірін ұғынуына байланысты.

Бір ай бойы әскери қызметшілер бөлімшелер құрамында атыстан, тактикалық, арнайы даярлықтан және басқа да пәндерден нормативтерді пысықтайды. Бұның бәрі далалық жағдайда топтық, тактикалық тапсырмаларды орындаудағы іс-қимыл машығын меңгеруге ықпал етеді. Жеке құрам мен бөлімшенің дайындық деңгейі осыларды орындау сапасына қарай айқындалатын болады.

Бөлімшелердің, есептоптардың және экипаждардың үйлесімді іс-қимылының соңы бөлімшелер құрамында жауынгерлік атысты орындаумен аяқталады.