Спорт • 13 Шілде, 2022

Дәурен Абаев: Олимпиадаға дайындық жұмыстары басталды

304 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиадаға дайындық мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Іс-шараға Ұлттық Олимпиада комитеті, спорт федерацияларының басшылары, және мемлекеттік жаттықтырушылар қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Дәурен Абаев: Олимпиадаға дайындық жұмыстары басталды

«Олимпиада нәтижесі – кәсіби дайындығымыздың көрсеткіші болмақ. Оған федерация басшылары, жаттықтырушылар, бапкерлер, тиісті сала мамандары және мен – барлығымыз жеке-жеке жауаптымыз», деді Дәурен Абаев.

Министр спортшыларды даярлау жүйесінде түйіткілді мәселелер бар екенін айтты және оларды шешу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Мәселен, Үкімет тарапынан спорттық инфрақұрылымды дамытудың жоспар-кестесі әзірленді. Биыл Алматы, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында 10 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланған.

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев еліміздегі 25 жеңіл атлетикалық манеждің тек бірнешеуі ғана жалпы талаптарға сай екенін айтты. Ал 367 жүзу бассейнінің тек екеуінде халықаралық талаптарды ескере отырып жарыстарды өткізуге болады. 

Министр Ұлттық құрама командалар мүшелерін даярлауды қамтамасыз ету мәселелеріне де тоқталды. Шілде айынан бастап республикалық спорт колледжі базасында күрес түрлері бойынша жаттығу орталығының жұмысы пилоттық режимде іске қосылса, К.Ахметов атындағы республикалық олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжі базасында Дзюдо академиясы ашылды.

Тағы бір жаңалық – 2022 жылғы 1 шілдеден бастап 2024 жылға дейін спорт төрешілерінің жұмысына ақы төлеу кезең-кезеңімен 100%-ға артады. Спорт саласында төрешілерге ақы жарыстың әр күні үшін төленеді. Биыл ақы көлемі 2600 теңгеден 8000 теңгеге дейін, ал 2023 жылы – 13 мың теңгеге дейін, 2024 жылы – 17 мың теңгеге дейін көбейетін болады.

Бұдан басқа 2022 жылғы 1 шілдеден бастап Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері және олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпиондарын дайындаған жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамтамасыз ету мөлшері 24 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Яғни, олар енді ай сайын орташа есеппен 73 мың теңге емес, 318 мың теңге алып отыратын болады.

Сондай-ақ министр Дәурен Абаев кадрлық қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды.

«Бүгінде елімізде 13 700 жаттықтырушы жұмыс істейді. Олардың тек 4% ғана жыл сайын біліктілікті арттыру курстарынан өтіп жүр. Кейбір федерациялар тіпті жаттықтырушыларды аттестаттау бойынша жұмыс жүргізбейді.  Сондықтан федерациялар осы бағыттағы жұмысты жандандыруы қажет», деді министр.

Айта кету керек, Олимпиадада спортшыларымыз сәтсіз өнер көрсеткеннен кейін биыл 28 жаттықтырушы қызметінен босатылды.

Министрдің айтуынша қазіргі уақытта жаттықтырушы-оқытушылардың айлығын көтеру және апталық сағаттық жүктемесін 18 сағатқа дейін төмендету бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.

Отандық спорттың ғылыми-медициналық базасын нығайту тұрғысында Дәурен Абаев республикалық талдау орталығының мәртебесін күшейту, оның ішінде қызметкерлердің еңбекақысын арттыру бойынша жұмыс басталғанын да айты.

«Бұл орталық мүдделі органдармен бірлесіп, спортшылардың физиологиялық жай-күйін, медициналық тұрғыда жан-жақты қамтамасыз етілуін, жарақаттану деңгейін және т.б. ескере отырып, олардың ойын нәтижелерін талдау негізінде жоғары жетістіктер спортын дамытумен айналысатын болады», деп атап өтті министр.

Сондай-ақ спорт дәрігерлерінің еңбекақысын арттыру, арнайы мамандарды шақыру, заманауи жабдықтарды сатып алу, спортшыларды тамақтандыру нормаларын бекіту, фармакологиялық қамтамасыз ету тізбесін жаңарту мәселесі талқыланды.

Кеңес қорытындысы бойынша Дәурен Абаев федерацияларға олимпиадалық циклге арналған кешенді-мақсатты бағдарламаны және дене шынықтыру-спорт ұйымдарына спорт түрлері бойынша даярлық бағдарламасын әзірлеп, бекітуді тапсырды.