Жақында «Теңіз» кен орнындағы жарылыс баршаны алаңдатты. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметіне сүйенсек, кен орнындағы 3-буын зауытының 42-учаскесінде гидротест жүргізілген. Жергілікті уақытпен сағат 9:55-те құбырдың фланецті қосындысы үзілген. Соның салдарынан екі адамның өліміне соқтырған жарылыс болған.
Аталған жобаны іске асыратын мердігер компания – «Сенімді Құрылыс» ЖШС-де жұмыс істейтін 1985 жылғы ер адам оқиға орнында қаза тапты. Кейін «Теңізшевройл» ЖШС-не қарасты медициналық клиникада «Агропром техника» ЖШС-нің бір жұмысшысы қайтыс болды. Жарылыстан жантәсілім еткен екі жұмысшы 37 жаста екен.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, жарақат алғандардың бірі – 1996 жылғы жігіт екі сағаттың ішінде облыстық ауруханаға жеткізілді. Оның ішкі ағзасы зақымданған. Дәрігерлер науқастың бауыры мен бүйрегіне тігу арқылы қалпына келтіру отасын жүргізді. Сондай-ақ науқастың өт жолы үзілгені белгілі болды. Омыртқасы мен бірнеше қабырғасы сынған. Қазір науқастың жағдайы ауыр. Дәрігерлер науқастың жағдайын үнемі бақылауда ұстап отыр, дейді А.Байдуалиев.
Оның айтуына қарағанда, жарақат алғанның екіншісі – 1998 жылғы жұмысшы. Оған алғашқы психологиялық көмек көрсетілген. Кейін зардап шеккен жұмысшы есін жиып, өз-өзіне келе бастаған. Ал үшінші жұмысшы Жылыой аудандық орталық ауруханасына жеткізілген. Ол өзінің қолхатының негізінде үйіне жіберілген. «Зардап шеккен жұмысшы компьютерлік томографияға, рентгенге түсірілді. Оның аздаған жарақаты болған. Қазір жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр», деп мәлім етті А.Байдуәлиев.
«Сенімді құрылыс» ЖШС-ның өндірістік қатынастар жөніндегі менеджері Гүлмира Бапанованың мәліметінше, жарылыстан кейін өндірістік нысандағы жұмыс ішінара тоқтатылған. Қайғылы оқиға вахталық ауысымның аяқталуына екі күн қалғанда болған.
– Жарылыс болғаннан кейін 4 мыңға жуық жұмысшы демалысқа жіберілді. Жұмысшыларға заңдылыққа сәйкес жалақы төленеді. Өндіріс алаңындағы жарылыстың себебін анықтау үшін «Теңізшевройл» ЖШС мен облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының қызметкерлері кірген бірлескен комиссия құрылды. Тексеру комиссиясына қажетті құжаттардың бәрін бердік. Сондықтан жарылыстың себебі тексеруден соң анықталады, – дейді Г.Бапанова.
Менеджердің түсіндіруінше, жарылыстан көз жұмған екі жұмысшының отбасына материалдық қолдау көрсетілгелі отыр. Компания марқұмдарды соңғы сапарға шығарып салуға жұмсалатын барлық материалдық шығынды өз мойнына алып, ірі қара сатып алуға 500 мың теңгеден қаржы берген.
– Біздің компанияның басшылығы марқұмдардың барлық қарызы мен несиесін жауып беру, балаларының оқу ақысын төлеу туралы шешім қабылдады. Алдағы уақытта бұл отбасыларға ұдайы көмектесуді міндетімізге аламыз, – деп мәлім етті компания менеджері.
Атырау облысы