Әдебиет • 13 Шілде, 2022

Соғыс қашан бітеді?

308 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Адамзат жаралғалы бері соғыстан көз ашпай келеді. Әлемде соғыс өрті шарпымаған ұлтарақтай жер қалмаған болар. Атыс-шабыс, қақтығыс, соғыс атаулыны тек тарихтан ғана оқимыз, алдағы уақытта адамзат құрған өркениетте тек бейбітшілік қана салтанат құрады деген болжамдар әдіре қалды. Қайта керісінше, өркениеттің өңірінде өрмелеп шыққан сайын өртті-ыстық нүктелер жиі кездесуде. Бейне бір өркениет дегенің соғыс ошағы секілді.

Соғыс қашан бітеді?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қақтығыстар мен соғыстардан қажыған бүгінгі әлемде өмір сүру­дің өз жауапкершілігі бар. Бұл жа­уап­кершілік кейде сені атыс-ша­быстың қайнап тұрған жерінде жан­далбасалап жүрген жандардың кү­ңірен­ген жан дүниесін тереңнен тү­сінуге үндейді. Осындайда не­міс әдебиетінің көрнекті өкілі, Екін­ші дүниежүзілік соғыстан ал­ған жарақат-дертінен 26 жасында қайтыс болған Вольфганг Борхерттің «Нысанаға тігілген бастар» атты новелласында суреттелген көріністер ойдан кетпей қояды.

Жазушы Шәрбану Бейсенова қазақ тіліне аударған бұл туындыда жауын қынадай қырып жатқан екі жігіттің іс-әрекеті, өзара диалогы адамды әрі-сәрі күйге түсіріп, қан­дайда бір нақты ой түюге мүмкіндік бере қоймайды. «Екі жігіт жан дәр­мен өңкеңдеп жер қазып жатыр. Әжеп­тәуір кең шұңқыр лезде пайда бол­ды. Өзі тіпті жайлы екен. Кеңдігі көр­дей...». Бұл жерде екі сарбаздың өз­дері қорғануға қазған шұқыры­ның (окоп) «Кеңдігі көрдей» деп сипатталуы жүректі шымырлатып жібереді. Өйт­кені қорғаныс үшін қазылған окоп әлгі сарбаздар үшін кенеттен кә­дім­гі қазулы көрге айна­лып шы­ға келуі әб­ден мүмкін ғой. Иә, әбден мүм­­кін, өйткені бұл соғыс, бұл майдан.

Шығармадағы «Олардың қол пу­­­леметі бар. Оны белгісіз уақытта бей­мәлім біреу кісі ату үшін ойлап тап­қан. Енді бұлардың қолында қыл­пып тұр. Ал атылуға тиіс құрбан­дар­ды олар танып-білген емес. Өздері ұғы­нықсыз бөтен тілде сөйлейді. Бұ­лар­дың алдында қылдай қиянаты, еш жазығы жоқ міскіндер олар. Бірақ атуың керек. Бұйрық солай! Біреу «Атыңдар!» деген жарлық шығар­ған. Тегіс жусатып тастау үшін әлде­кім минутына алпыстан астам оқ жаудырар пулеметті ойлап тапқан. Осы тапқырлығы үшін марапатқа бөленіп, сый-сияпатқа ие болған», деген ащы кекесінмен жазылған жол­дардан сұм соғыста, ең алдымен, зардап шегетін қарапайым халық, қатардағы сарбаз екенін, олардың атуға, қыруға бұйрық берген ашкөз әрі қабілетсіз басқарушылардың құрбаны екенін ұғына түсесің. Ұғын­ған сайын кешегі соғыс пен бү­гінгі соғыстың жалпы сипатының ұқсас­тығын көресің. «Мемлекеттің мүд­десі» деген үлкен желеу мен сыл­тауды алға тартып, соғыстан өзге ше­шім табуға қабілетсіздігін, әре­кет­сіздігін әлгі «мемлекеттік мүд­де­сымақтың» тасасына жасырып жа­нық­қан саясаткерлердің сұлбасы көлең­деп жүйкеңе тиеді.

«– Ат! – деп бұйырды екіншісіне. Ол көздеп тұрып атып кеп жіберді. Бас мұрттай ұшты. Ол енді мына жа­рық сәулені, зеңгір көк аспанды, алтын күннің сынығын мәңгі көре алмайды». Екі жігіт өздері қазған жер­­дің жыртығына тығылып алып қарсы беттегі жаудың басын қағып тас­тай береді. Ол бастардың иесін бұ­лар мүлде танымайды да, ешқашан көрмеген. Олардың бұларға жасаған қылдай қиянаты болсайшы. Әлгі екеу талайдың басын жалмады. Мұнысы­на бірінің жаны ауырса, екіншісі өзін ақтап, бар жауапкершілікті жо­­ғарыдан жарлық бергенге артып қо­йып өзін ауыр ойдан арылтып әуре. «Бұйрық осылай», деді екі жігіттің бірі сыбырлай. «Бәрібір олар­дың көзін жойған біз», деді екіншісі айқайлап. «Бұл енді сұмдық болды», деді алғашқысы күйзелген үнмен. «Кейде қызық үшін де аттық емес пе!» деді оған серігі қарқылдай кү­ліп. «Жоқ, атама», деп айқайлады сы­бырлаған дауыс. «Дегенмен, қы­­зық көріп, кейде еріккеннен де ат­қа­­нымыз рас қой. Ермек үшін...» дей­ді екіншісі. Бұл екі сарбаздың өз­ара үн­қа­тысуы. Олар бәрін жар­лық иесіне, бұйрық берушіге жап­қы­сы келеді, бірақ өздерінің де кісі өл­тіруге ет­тері өліп кеткеніне алаң­дап, жанда­ры ауырады, іштей азап­та­нады. Бірі өзін күнәһар санайды, ал екін­шісі онымен келіспей, бордай үгі­ліп, елжіреп отырмай бас­тар­ды қағып түсу міндетін орындай беруге жігерлендіреді. Оның өйт­песіне лажы жоқ, өйткені бұл соғыс, жауыңды аясаң өзін ажал құша­сың.

«Екеуі де орындарынан ширақ тұрып, пулеметке жармасты. Қыл­тиған басты көріп, төпеп оқ жау­дыр­ды. Қашанғы дағды бойынша. Ал атқан адамдарын олар танып-білген емес. Өмірі көрмеген, бұлардың алдында ешқандай жазығы жоқ жандар еді. Бірақ бұлар атуға тиіс. Сол үшін әлдебіреу пулемет ойлап тапқан. Оны­сына және мол сый-сияпат алып, қошемет-құрметке бөленген». Иә, оларға «Атыңдар!» деген бұйрық берілген. Бұйрық талқыланбайды, орындалуы керек.

Әлем соғыстан ада болар күн­ді көру адамзаттың маңдайына жазыл­мағандай. Ажал оғы әлі де төбеден жауып тұр, бастар қырқылып жатыр.

Екінші дүниежүзілік соғыстың азабы әлі ұмытылмай, содан қалған жара әлі жазыла қоймаған қазіргі кезде жаңа бір, ХХІ ғасырдың соғысына куә болудамыз. Неге, не үшін соғы­сып жатқанын, өзі танымайтын, бұ­рын-соңды көрмеген адамдарды неге оққа байлағанын түсіне алмай талай сарбаз жүр. Олардың барлығы «Нысанаға тігілген бастардағы» екі сарбаздың дәл өзі.

В.Борхерттің «Нысанаға тігілген бастар» атты бұл новелласы бүгінгі соғысқа арналып жазылғандай.