30 Сәуір, 2014

Тараз

1596 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Тарихшыларымыз Тараз атауы­­ның Талас сөзінен шыққанын бая­ғыда-ақ дәлелдеген. Шынында, іргесінде арқырап ағып жатқан Талас өзені мен тіршілігі қайнап жатқан көне қаланың арасында бір жақындық, байланыс болмауы мүмкін емес. Былайша айтқанда, Талас пен Тараз – егіз. Бірақ, неге екенін қайдам, өткен ғасырдың 50-60-жылдары осы шаһардың бас жоспарын жасаған сәулетші мамандар дария мен қария қаланың арасын алыстатып тастаған. Сонау Ленинградтан келген мамандарды өзеннен бұрын өндіріс мәселесі қатты қызықтырған болуы керек, әйтеуір, сол жылдары Таластың бойынан көптеген зауыт пен фаб­рикалар тұрғызылды. Сөйтіп, әп-әдемі өзен қала өміріне ешқандай да сән бере алмай, араларын алып-алып ғимараттар бөліп тастады. IMG_0037 IMG_9196 Талас Осы мәселе облыс басшыларын қатты ойландырғаны анық.  Өзіңіз қараңызшы, Талас пен Тараздың қатар жатуы бұл Алланың адам баласына берген сыйы ғой. Әлемге әйгілі ірі қалалар, Мәскеу, Санкт-Петербург, тіпті өзіміздің Астанамыздың да ажарын қақ жарып ағып жатқан өзендер ашып, көркін асырып отыр емес пе? Міне, осы олқылықтың орнын 2010 жылы бекітілген Тараз қаласының бас жоспары толтыратын болды. Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Ахметовтің айтуына қарағанда, келесі жылы Талас өзенінің бойынан, яғни Таразға Алматы қаласы жағынан кіретін қақпа маңынан жаңа ықшам ауданның құрылысы басталмақ. Дәл қазір жаңа үйлер түсетін орынның жерлерін мемлекеттік қажеттілікке байланысты шаруашылықтардан сатып алу жұмыстары жүріп жатыр. Ол мақсатқа 100 миллион теңгедей қарастырылыпты. Әрине, жаңа аудан өзіндік келбетімен ерекшеленіп, ол үшін сәулет өнерінің соңғы жетістіктері пайдаланылатыны айдан анық. Басқарма басшысынан әзірге білгеніміз, бұл ауданда 9 қабатты 28 үй тұр­ғы­зу жоспарланып отыр екен. Ең ерекшелігі, өзеннің бойынан биік үйлерді қалқитып тұрғыза салмай, осы маңнан үлкен саябақ ашылып, Талас пен Тараздың тіршілігі біте қайнасып жататын болады. Көктемнің көркі ерекше ғой. Осынау көкпеңбек дүниені адамдардың тазалығы мен мәдениеті тіптен шырайландыра түседі. Тал-дарағы мол, көшелері кең, тазалықты негізгі міндеті деп санайтын Тараздың қазіргі келбетін көріп тынысың ашылады. Әйтсе де, сәулетші мамандардың айтқанына сенсек, көне қаланың көркі мен бағының бұдан да ашыла түсетін сәті әлі алда. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы. Суреттерді түсірген Ағаділ РЫСМАХАН.