Аймақтар • 14 Шілде, 2022

Батыр бабалар жолымен

596 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл даңқты қолбасшы, Дарабоз атанған Қаракерей Қабанбай батырдың туғанына 330 жыл. Осыған байланыс­ты және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жыл­дығы мен Мемлекет басшы­сының бастамасымен жаңадан құрылған Абай облысының құрметіне орай вело-экспедиция ұйымдастырылды.

Батыр бабалар жолымен

Аталған іс-шараны Құсман Шала­баев төрағалық ететін халықаралық «Қабанбай» қоры мен Алматыдағы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қолға алған. Вело-экспедицияға шық­қан Ертіс Нұрқасымның айтуынша, тұтастай бұл сапардың ұзақ­тығы мың шақырымды құрап, оның барысында тарихи орындарды аралау көзделген.

«Ақшатау, Аягөз, Үржар және Мақаншы өңірі мен Ойран сынды жерлерде еліміздің тәуелсіздігі үшін жауынгер бабаларымыз жан беріп, Отанымызды қорғап қалған. Осы киелі орындарға тоқтап, баһадүрлердің рухына тәу етеміз. Сапарымыз Бақты, Жарбұлақ және Алакөлге жеткен соң тәмамдалады. Тұтастай алғанда, вело-экспедицияның ұзақтығы – мың шақырым. Бұл сапарға шығудағы мақсатымыз – жас ұрпаққа батыр бабаларымыздың ерліктерін, елімізді қорғау жолындағы қайраткерлік істерін дәріптеу. Жастар түкті жүректі баһадүрлеріміздің жүрген жолдарына қанықса, елді, жерді, тіл мен ділді қорғайтындай азамат болып қалыптасатынына бек се­нім­діміз. Сондықтан да бұл ама­лы­­мыздың өскелең ұрпақты отан­сүй­гіштік рухта тәрбиелеуде маңызы зор.

Екіншіден, осы арқылы күні кешке дейін смартфонға телміріп отыратын балаларды велосипедке отырғызып, бұқаралық спортты насихаттау көз­дел­ген. Себебі салауатты ұрпақ – ел келешегінің кепілі. Әйтсе де бұл жер­дегі ең басты ұстанымымыз – еліне адал қызмет ететін жас азаматтардың жаңа легін қалыптастыруға үлес қосу.

Ықылым замандарда осындай ұлан ғайыр жерімізді бабаларымыз жаздың аптап ыстығы мен қыстың қытымыр аязына қарамастан, сондай-ақ территориялық аумақтың алшақтығына қарамастан қорғап, сақтай білген. Былтыр бұған ұқсас экспедицияға көлікпен шығып, біраз құнды деректі тапқан едік. Биыл да көне тарихымыздан сыр шертетін мәліметтер табылатынына үмітіміз басым», деді халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жауапты хатшысы Е.Нұрқасым.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, Қаракерей Қабанбай 100-ден астам жекпе-жекке шығып, жаудың атақты қолбасшыларын жер жастандырған. Қазақ-жоңғар соғысында әскери қай­раткерлігін танытып, біріккен жауынгерлік қанатқа басшылық жа­са­ған дарынды батырлардың бірі. Сол секілді Дарабоз қазақ-қы­тай қатынасында дипломатиялық қабіле­тімен танылған тұлға. Мұны ертедегі Қытайдағы қолжазбалар дәлелдейді.

 

Абай облысы